Ресейден қандай қауіп төніп тұр?!
2014 ж. 25 ақпан
2296
5
Бүгiн Астанада брифинг өткiзген Қазақстандағы РФ Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Михаил Бочарников Лимоновтың сөздерiн көңiл аударуға тұрарлық дүние деп санамайтынын айтты.
"Ресми Мәскеуде осыған орай ешқандай да пiкiр жоқ, себебi Ресей әрбiр маргиналдың әлеуметтiк желiлерiндегi сөздерiне шұғыл әрекет етiп, өзнiнiң белгiлi бiр ұстанымын бiлдiруге мiндеттi емес деп ойлаймын. Бұл сөздер маргиналды жеке тұлғаның сөздерi. Жеке тұлғамен айтылған негiзсiз пiкiрлерге бiз ешқандай да мән бермеймiз", - дедi елші тiлшiлердiң осы оқиғаға қатысты сұрағына.
Михаил Бочарников мұндай жайттардың барлық жерде орын алып жатқанын, интернет жеке адамдардың пiкiрлерiне толы екенін де айтып өтті.
Оның айтуынша, Ресейге қарсы жеке сыни пiкiрлер Қазақстан қоғамында да кездеседi. Бiрақ Ресей тарапы бұл жайттардан гөрi ресми Қазақстанның бұрыннан бекiген берiк әрiптестiк келiсiмдердiң негiзiнде ғана жұмысты ары қарай жалғастыруды жөн көредi.
"Тiптi Қазақстандағы Ресей Федерациясының Елшiсi ретiнде мен қазақстандық БАҚ-тың Мәскеуге қатысты қатты сындар айтып жiберетiн кездерi де аз емес екендiгiн байқаймын. Қазақстандықтардың арасында ұлттық-патриоттық деп аталып кеткен танымал қозғалыс бар, сонымен қатар "Антигептил" деген қозғалыс, "Анти Еуразиялық одақ" дегендер де шығып жатыр. Олардың барлығы да мәлiмдемелер жасауда. Бiрақ бiз ешқашан Қазақстаннан осы тақырыпқа байланысты жауап алуды сұрамаймыз. Себебi бiз ол мәлiмдемелердiң Қазақстан Үкiметiнiң пiкiрiн бiлдiрмейтiнiн бiлемiз. Ал алуан пiкiрлердiң болуы Қазақстан демократиялық ел болғандықтан заңды деп түсiнемiз. Барлық осындай мәлiметтерге бола ресми жауап қайтаруды дұрыс деп есептемеймiн", - деп атап өттi ол.
Айта кетейiк, ресейлiк жазушы Лимонов әлеуметтiк желiлерде Қазақстанның солтүстiк облыстарын Ресейге қайтарып алу жөнiнде тым әсiре пiкiрдегi мәлiмдемелер жасаған болатын. Өз кезегiнде бұл пікір қазақстандықтардың басым бөлiгiнiң наразылығын тудырды.
Қазақпарат