Қасым-Жомарт Тоқаев: Заңға сәйкес Үкімет отставкаға кетуі тиіс

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өткеннен кейін заңға сәйкес Үкімет отставкаға кетуі тиістігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлаудың өзіне қатысты айтар болсам, оның әділ өтетіндігіне сенемін. Қалай дегенде де билік тарапынан бұл сайлауды әділ өткізуді қамтамасыз ету үшін барлығы жасалды. Барлық кандидатқа теңдей мүмкіндік берілді. Сондықтан сайлаудың қорытындысын ол аяқталғаннан кейін шығаратын боламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы ретте Мемлекет басшысы еліміздің заңына сәйкес сайлау өткеннен кейін ел Үкіметі отставкаға кетуі тиістігін айтты.

«Үкіметке қатысты айтар болсам, біздің заңнамамызға сәйкес, ол отставкаға кетуі тиіс. Сайлау аяқталғаннан кейін, таяу уақытта Премьер-Министрдің, сонымен қатар Үкімет мүшелерінің кандидатуралары бойынша депутаттардың жаңа құрамымен, фракция басшыларымен кеңесу үшін Парламентке барамын. Сіздер жедел ақпарат аласыздар деп ойлаймын», - деді ҚР Президенті.