Абзал Құспан: Ислам Әбішевтің емделуіне қолдан кедергілер жасалуда
2019 ж. 13 маусым
5149
21
Үш айдан бері денсаулығы қиындап кеткен Ислам Әбішевті үйқамаққа шығармай ұстап отырғандардың негізгі мақсаты не?!.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы тергеушілері 14 наурыздан бері қамауда жатқан Ислам Әбішевті үш айдан бері денсаулығы қиындап кетсе де, үйқамаққа шығармай ұстап отырып, ақыры инфарктке ұшыратып тынды...
Бұл туралы Ислам Әбішевтің адвокаты, белгілі заңгер Абзал Құспан «Қазақ үні» ақпарат агенттігіне хабарлады.
- Мен басында ондай ойда болмап едім. Тергеу изоляторында жатқасын, адам басында түрлі жағдайлар болады. Енді толық сеніммен айта аламын, тергеу изоляторының басшылығы, мүмкін Ұлттық бюродан арнайы нұсқау алғасын да шығар, Ислам Әбішевтің емдеу мекемесіне баруына қолдан кедергілер жасауда. "Холтер" деген адамның жүрек соғысы мен қан қысымын өлшеутін аппаратқа түсіру туралы жолдама бар. Соған түсуге ақшасын төлеп келісіп қойсақ та, әлі күнге дейін тергеу изоляторы келісімін бермей отыр. 11-маусым күні біз шығарып емдеу мекемесімен оны апарған болатынбыз. Алайда, туыстары келісіп қойған емдеу мекемеге емес, оны басқа поликлиникаға апарған. Білмеймін, кім оған нұсқау бергенін... - деді адвокат Құспан.
Ал, Ислам Әбішевтің туыстарының сөзінше, 12 маусым күні "Холтер" аппаратымен қан қысымын өлшейтін дәрігерді тауып, изолятордағы санитарлық мекемеге кірмек болған екен. Алайда, бір сағат қалғанда келісім берген дәрігер аяқ-астынан айнып шығып, қызмет көрсетпейтін болып қалған...
[caption id="" align="alignleft" width="269"] Абзал Құспан, адвокат[/caption]- 7-маусымнан бері Ислам Әбішев тергеу изоляторының санитарлық бөлімінде жатыр. Бірақ, содан бері тергеу изоляторының Әбішевтің денсаулығының нашарлығы туралы қорытынды жоқ деген сылтаудың салдарынан сотқа арыз жібере алмай отырмыз. Мұның бәрін мен қолдан жасалып жатқан кедергі деп есептеймін. Егер ертең Ислам Әбішевтің денсаулығы одан да күрт нашарлар, қиын жағдайларға әкеп соқса, оған кінәлі Ұлттық бюро мен Тергеу изоляторының басшылығы деп мен қазірден бастап ашық түрде мәлімдеймін. Осы сөздерім үшін жауап беремін. Изоляторда үш айдан астам уақыт жатса да, әлі күнге дейін толыққанды бір рет дәрігерге тексерте алмай отырмыз, - деді Абзал Құспан.
Еске сала кетейік, Ислам Әбішев 2019 жылы 5 маусым күні сағат 16:30-дар шамасында жағдайы кенеттен күрт нашарлап есінен танып қалған. Бір жарым сағаттай уақыттан кейін есін жиған Ислам Әбішевке «жедел жәрдем» шақырып, ем жасағаны туралы айтылған.
07 маусым күні таңғы сағат 08:30-да тағы да жағдайы нашарлайды. Тыныс алуы қиындап, бірақ медпункт дәрігерлері жүрек ауруы дәрілерін беріп, есін жиғызып алған. Сол күні түске қарай кешке дейін медпункткте болады.
Атап өту керек, бұған дейін де 31 мамырда Ислам Әбішевке құзырлы орган тарапынан қысым көрсетілгені туралы адвокаты Абзал Құспан мәлімдеген болатын:
– Ислам Әбішев 14 наурыз күні ауруханаға жатайын деген кезде қамауға алынған болатын, жүрегіне байланысты. Содан бері ол дәрігерге көрінуді сұрап келе жатыр. Заң талаптарына сәйкес, денсаулық жағдайы нашарласа оны дәрігерге көрсету көзделген. Қаратпаған жағдайда – қорлау болып есептеледі. Қамалғалы бері, екі жарым айдан кейін ғана, 28-мамыр күні оны кардиологке консультацияға алып барған. Үш конвоир, тексеруші дәрігер және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросынан подполковник шеніндегі Жәрдем деген тергеуші, барлығы форма киіп алып, аядай бөлмеде дәрігердің үстінен төніп алып, қарап тұрды. Дәрігер сасқалақтап, не істеп, не қойғанын білмей қалды. Ислам Алмаханұлы дәрігер қабылдауынан шыққан соң әлгі тергеуші қайта дәрігерге кіріп, 15 минуттай сөйлескен. Бұл айқын қысым көрсету болып табылады. Ислам Әбішев зейнет жасындағы, түрмедегі ең жасы үлкен адам. Ал дәл осындай айып тағылған министрдің екі орынбасары қазір үйқамақта отыр. Ислам Әлмаxанұлын денсаулығы нашарлап бара жатса да, үйқамаққа шығармай отыр, - деп мәлімдеген еді Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан.