Тарихпен тамырлас, өмірмен өзектес
2018 ж. 27 қараша
2749
0
Бүгінгі күрделі, сан-салалы қоғам өмірінде жылдар өткен сайын техника мен технологиялар жылдам дамып, жаңа мамандықтар пайда болып, кәсіптің көптеген түрі тұрмысымыздың төрінен орын алып жатыр. Заман талабына төтеп беру қиын, оған қарсы тұрудың да қажеті жоқ шығар. Бірақ қанша жерден жаңалық жайлағанмен, ескірмейтін, өшпейтін мамандықтар мен кәсіптер де баршылық. Өйткені ол - адамзатқа аса қажет, маңызы мен құндылығын жоғалтпайды. Соның бірі - мұрағат ісі. Бүгінгі әңгімеміз көзге көріне бермейтін, көбінесе тасада қалатын осы мұрағат жайында болмақ.
Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертеңіміз де болмайды. Бұл адамзат атаулының ғұмырлық тәжірибесінен туындаған тұжырым. Өкінішке орай, өткеннің ізін жоғалтып алып, тарихымызды түгелдей алмай жатқан кездеріміз жиі кездеседі. Оған бір жағынан уақыт алшақтығы себеп болса, енді бірде өзіміздің құнтсыздығымыз кесірін тигізіп жатады. Бүгінгі күніміз де ертеңдер тарих қойнауына кіріп, келер ұрпақ үшін жұмбақ дүниеге айналуы ғажап емес. Міне, дәп осы тұста бізге тарихшыларымыздың еңбектері мен мұрағат, мұражай қызметі көмекке келеді. Өткенімізді өшірмей, сол қазқалпында келер ұрпақтың қолына табыстайтын да осы мұрағат пен мұражайлар.
Жасыратыны жоқ, бір кездерде осы бір маңызды іске немқұрайлы қарап, мұрағат ісін соңғы сатыға қойып, оған баса мән бермеген кездер де болды, нәтижесінде қаншама құнды құжаттар жоғалып кетті. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» демекші, әсіресе кеңестік кезеңнің соңы мен тәуелсіздік алған алғашқы жылдар мұрағат ісі көптеген қиындықтарға тап болғаны белгілі. Қысқа жіп күрмеуге келмеген кезеңде материалдық, қаржылық тапшылыққа байланысты сала жұмысының босаңсып кеткені бәрімізге белгілі. Жалғыз мұрағат ісі емес, еліміздегі экономикалық құлдырауға қатысты барлық сала бойынша қиындықтардың болғаны аян.
Шүкіршілік, бүгін бойымызды тіктеп, етек-жеңімізді жинайтын жағдайға жеттік. Мұрағат саласында да оң өзгерістер пайда болып, мақсатты жұмыс істей бастады. Оған Алматы қаласы мемлекеттік мұрағатының бүгінгі қызметі нақты дәлел бола алады.
Мұрағат тарихына көз жүгіртсек 1982 жылдың 29 қаңтарында қалалық атқару коммитетінің №3/51 шешімімен Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағаты құрылған екен. Алғашқы жылдар штат саны небары 18 адамнан тұратын. Ал мұрағаттың көлемі бар-жоғы 188 шаршы метр ғана болатын. Мұрағат өз тарихында біртіндеп дамып, 1998 жылдың көктемінде жалпы ауданы – 2230 м² құрайтын және сөрелік ұзындығы – 4458,04 метрді құрайтын, қайтадан жарақталған бұрынғы балабақша ғимаратына көшірілді. 1999 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша: мұрағат 279 қор, 177862 сақтау бірлігінен тұрды. Бүгінгі күні мүлдем басқаша, 2012 жылдан мұрағат заманауи барлық талаптарға жауап беретін арнайы салынған жаңа ғимаратқа ие болды. Ару Алматының орталығындағы Бауыржан Момышұлы мен Тұрар Рысқұлов даңғылдарының қиылысында орналасқан. Құжаттарды дұрыс сақтау үшін температуралық бақылау, өртке қарсы құрылғылар тәулік бойы жұмыс істейді. Лайықты жағдайға байланысты мұрағат жұмысы жандана түсті. Қазір 18 ірі сақтау қоймалары бар, жалпы көлемі 19300 шаршы метрді қамтиды. Сол сияқты қор саны екі мыңға таяп, сақтау бірлігі бір миллионнан асып жығылды. Оның ішінде 110 жеке тектік қор бар. Олардың қатарында Кәукен Кенжетаев, Гүлфайрус Исмайлова секілді өнердің бірқатар белгілі өкілдерінің деректік қоры сақталған.
Мұрағат қорының сапалы құрамы мен ақпараттылығын түбегейлі жақсартудағы шараларды жүзеге асыру барысында Алматы қаласы мен Жетісу өлкесінің тарихына байланысты құжаттар мен материалдарды, шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен көшіріп алуға аса зор назар аударылады. ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің Тарих және Этнология Институтының ғалымдарының кеңесі мен ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің Шығыстану Институтымен іскерлік ынтымақтастық өз нәтижелерін берді. Ресей, Қытай, Франция, Түркия, Ұлыбритания сияқты мемлекетердің мұрағаттық мекемелері мен кітапханаларына экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде Қазақстанда кездеспейтін, бірегей құжаттардың көшірмесінен құралған 600 сақтау бірлігі мұрағатқа келіп түсті.
«Әрине, мұрағат әдетте жабық мекеме қатарына кіретіні жасырын емес. Өйткені неше түрлі құнды және құпия құжаттар сақталады. Дегенмен заман талабына орай біз барынша ашықтықты қамтамасыз етуге тырысамыз» - дейді мұрағат директоры Абзал Ботанов. Шынында мұрағат құнды құжат қоймасы деп есігіне қара құлып салып қоюға болмайды. Ол халыққа қызмет етуге тиісті. Осындай ашықтықтың арқасында мұрағат құжаттарын пайдалану барысында дипломдық, ғылыми жұмыстар жазылып, өзге де құнды деректер көпшіліктің игілігіне айналып келеді.
– Мұрағат ісінің өз ерекшеліктері көп. Қазіргі күн талабы жаңа міндеттер қойып отыр. Негізгі қызметіміз тарихпен тамырлас жатқанмен, бүгінгі өмірмен де өзектес болуы шарт. Онсыз сала жұмысы қанатын кең жая алмайды. Сондықтан біз өнер, ғылым басқа да көптеген сала өкілдерімен жиі кездесіп, шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Бұл мұрағат қорын толықтыруға өз септігін тигізеді, – дейді мұрағаттың бас сарапшысы Ләйла Рахипова.
Сондай айтулы шаралардың біріне, «Шыңғыстаудың шынары» атты кітаптың тұсаукесер рәсіміне біз де куә болдық. Кітап авторы - Ардаби Мәулен. Айта кетелік, кітап осы қалалық мұрағат қорында сақталған құжаттар мен деректер негізінде жазылған. Бұл көлемді еңбектің және осы кештің басты кейіпкері – Абай аудандық халық театрының, республикалық Халық музыка аспаптары мұражайы мен «Сазген» көне аспаптар ансаблінің негізін қалаушыларының бірі, сазгер, сырнайшы, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш аспаптанушы-этнолог, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Зәбира Жәкішевамен кездесу тартымды өтті. Зәбира Сыпатайқызы Мәскеу қаласында өткен дүниежүзілік фестивальдің дипломанты, сол сияқты Индия, Югославия, Швейцария сияқты бірқатар елдерде табысты өнер көрсеткен. «Аспаптану» ғылыми-зертеу, «Жастық шақ әуендері», «Шыңғыстаудың ән самалы» атты өлеңдер жинақтары жарық көген, оннан астам әннің авторы. Шараға ҚР мәдениет қайраткері, аспап жасаушы Жолаушы Тұрдығұлов, Мәдениет және мұрағаттар басқармасының бас маманы Мөлдір Оңдасынова, мәдениеттанушы Сәуле Мереке, мұрағат ұжымы, баспасөз өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Кеш соңында шараға қатысушылар мұрағат жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Қазіргі талаптарға сай жарақталған қор қоймалары, әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған көрмелерді көріп қалалық мұрағаттың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанықтық. Осыған қарап, бұрындар онша біле бермейтін мұрағат саласының маңыздылығы мен аса қажеттілігіне біз тағы бір көз жеткізгендей болдық. Өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпірге айналған мұрағат ісіне сәттілік тіледік.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz