Танымал ақын Павлодар атауын "Нұрқала" деп өзгертуді ұсынды
2018 ж. 04 қараша
7529
1
Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Арман Қани Павлодар қаласының атауын "Нұрқала" деп атауды ұсынды. Бұл туралы ол өзінің "Павлодар - Патшазаданың есімі" атты өлеңінде жазды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі. Аталмыш туындының мәтінін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
Мұрағаттарға қанды тарихты құлыптап
Қойған соң,
Баба ерлігін ұрпақ ұмытпақ.
Романовтардың елесі кезген Павлодар
Патшаның ұлын әлі де тұрар ұлықтап!
Ел-жұрттың зарын жылнамашылар жазбаған,
Ертіске кеше төгіліп кеткен аз ба қан?!
Бетіме басты-ау айғақтап бодан кезімді,
Биліктің мөрі Павелдің аты тозбаған!
Бозала таңда бозарып мініп боз атқа,
Кетермін боздап жұмаққа, Бәлкім тозаққа...
Патшазаданың аруағы әлі шат шығар,
Өлсе де есе бермеген біздің қазаққа!
Елбасы келсе,
Көкпері әндер даңғырлақ
Күмпілдеп тынып, «Нұр Отан» даусы жаңғырмақ!
Павликті әлі білмейтін бүлдіршіндермен
Алаңда бірге тұрамын мен де шар бұлғап!..
Тілекті қабыл қылардай бірден Жасаған,
Шаттықтан басым айналып, Көзге жас алам.
«Нұрқала» болсын атауы осы шаһардың,
Нұрағам егер құтқарса бізді Пашадан!..
Арман ҚАНИ