Көрнекті ақын Қазыбек Иса Республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алды
2018 ж. 03 шілде
4690
3
«Ел тірегі – Елорда!» деген айдармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне Республикамыздың түкпір-түкпірінен жүзге жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жарқырата жырлауға барын салды. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бірауыздан мына шешімге келді:
Бас жүлдеге көрнекті ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, С.Есенин атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қазыбек Исаның «Ертегідей Елорда» өлеңін лайық деп тапты.
-Қазақтың көрнекті ақыны Қазыбек Иса бұған дейін де талай республикалық мүшәйрада, талай аламан бәйгеде оза шауып жүрген елге белгілі дарынды ақын екенін жақсы білесіздер. Бұл жолы да жаңа бас бәйгені жеңіп алған "Ертегідей Елорда" өлеңімен таныстыңыздар, Астанамызды айшықты жырлай білгеніне көз жеткіздіңіздер!-деді бас бәйгені тапсырған "Ел тірегі - Елорда" атты республикалық мүшәйраның қазылар алқасының төрағасы, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлы.– Бүкіл ақындар, дүлдүлдер Тәуелсіз Қазақ Елінің тірегі Елордасына өздерінің өлеңдерін арнады. Жүзден жүйрік шыққан аламан бәйге бұл. Әрине, әрқайсысы бұл бәйгеде озғысы келеді. Биылғы жылы Құдай қолдап, бас бәйгені беруде екен, құдайға шүкір - деді өз кезегінде ақын Қазыбек Иса 31 арна тілшісіне берген сұхбатында.
Бірінші орын талантты ақын қызымыз, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана» өлеңіне берілді.
Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жырымен, екіншісін ақтангер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Астанам» өлеңімен қанжығасына байлады.
Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Біржан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұратбек «Көзімнің қарашығы» өлеңдерімен бөлісті.





