Көрнекті ақын Қазыбек Иса Республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алды
2018 ж. 03 шілде
5617
3
«Ел тірегі – Елорда!» деген айдармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне Республикамыздың түкпір-түкпірінен жүзге жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жарқырата жырлауға барын салды. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бірауыздан мына шешімге келді:
Бас жүлдеге көрнекті ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, С.Есенин атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қазыбек Исаның «Ертегідей Елорда» өлеңін лайық деп тапты.
– Бүкіл ақындар, дүлдүлдер Тәуелсіз Қазақ Елінің тірегі Елордасына өздерінің өлеңдерін арнады. Жүзден жүйрік шыққан аламан бәйге бұл. Әрине, әрқайсысы бұл бәйгеде озғысы келеді. Биылғы жылы Құдай қолдап, бас бәйгені беруде екен, құдайға шүкір - деді өз кезегінде ақын Қазыбек Иса 31 арна тілшісіне берген сұхбатында.
-Қазақтың көрнекті ақыны Қазыбек Иса бұған дейін де талай республикалық мүшәйрада, талай аламан бәйгеде оза шауып жүрген елге белгілі дарынды ақын екенін жақсы білесіздер. Бұл жолы да жаңа бас бәйгені жеңіп алған "Ертегідей Елорда" өлеңімен таныстыңыздар, Астанамызды айшықты жырлай білгеніне көз жеткіздіңіздер!-деді бас бәйгені тапсырған "Ел тірегі - Елорда" атты республикалық мүшәйраның қазылар алқасының төрағасы, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлы.
Бірінші орын талантты ақын қызымыз, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана» өлеңіне берілді.
Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жырымен, екіншісін ақтангер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Астанам» өлеңімен қанжығасына байлады.
Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Біржан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұратбек «Көзімнің қарашығы» өлеңдерімен бөлісті.
Белгілі қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты Көпен Әмірбек көрермендер атынан тартымды да, тағылымды сөз сөйледі. -Ана жылы Ресейдің астанасы Мәскеуді талай жыл басқарған Лужков Астанамызға келгенде керемет сөз айтты. "Біз Мәскеуде бір ғимарат салсақ, бүкіл елді шақырып, насихаттап, мақтанамыз. Ал бір ғимарат емес, бір қаланы - Ел Астанасын салып тастаған Қазақстанның қуаттылығына қалай қуанбайсың, қалай мақтанбайсың! Сол секілді бүгінгі Елорданың 20 жылдық мерейтойының аламан бәйгесіне қатысқан ақындар ішінде бас бәйгені жеңіп алып отырған жыр жүйрігі Қазыбек Исаның "«Қыштан қаланған Римді мәрмәрден салдырдым» деп, Римнің тұңғыш императоры Октавиан Августың сөзін мысалға келтіріп, Астананың жақұттай жарқырап отырғанын әдемі әдіптей біліп, жыр бәйгесін жақұтпен қаптап отырғанына қалай қуанбайсың? Екінші орын алған әйгілі Аманжол Әлтайдың Көкшетаудың сексен көлін Астананы хан көтеретін сексен қызға теңеп отырғаны да жарасымды шықты!"
Биылғы мерейтойлық мүшәйрада 2011-2018 жылдар аралығындағы мүшәйралар жырлары топтастырылып, "Ел тірегі -Елорда" атты кітаптың тұсаукесері қиылды.
Бір таңқаларлығы, Елбасы бастап, Ел қостап салған Елорданың 20 жылдық мүшәйрасына шақырту жіберілгенімен, ел арнасы болып жүрген "31 арна" телеарнасы мен Елорданың бас басылымы "Астана ақшамы" газеті және ұлт порталдары "Қазақүні.кз", "Абай.кз" сайттарынан өзге еліміздің мемлекеттік басылымдары мен телеарналарының ешқайсысы келмей қалды... Бұл әрине, алдағы уақытта жеке әңгіме өзегі боларлықтай тақырыпқа сұранып тұрғаны анық...
Жалпы, Тәуелсіз Қазақ Елінің Елордасының 20 жылдық мерейтойына арналған республикалық мүшәйра дүлдүлдердің дүбрлі бәйгесіне айналып, шырайлы шығармалар кеші болды.
Qazaquni.kz