«Үкім ет» пе, «сот» па? «Өкім ет» пе, «үкім ет» пе?
2018 ж. 24 наурыз
14195
12
Қазір Астана шаһарында үлкен ғимараттың алдыңғы жағында сондай жазу ілулі тұр. Ал енді «өкімет» деген сөз жалпы мемлекет деген сөз ретінде қолданып жүрсе де, оны көпшілік осы «үкіметпен» біріктіре айтуда. Сондықтан сол «өкімет» деген сөз әркімнің аузында ғана, кейде парақ бетінде өмір сүріп жүр. Тіпті, жиналыстарда, баспасөзде, жиындарда екеуара әңгімелерде «үкімет» пен «өкімет» сөзіне ешкім мән бермей, кезек пе кезек, араластырып қолдана береді. Халық арасында мынадай да ұғым қалыптасқан. Яғни «өкімет» деген мемлекет те, «үкімет» сөзі соны басқарушы адамды білдіреді. Шынында, солай ма? Аз ғана зерттеу жүргізіп көрейік. Әкімдердің іс қағаздарының ең мықтысы «өкім шығару». Әкімнің берген пәрмені қағазға түскенде «Пәлен ауданның немесе облыстың әкімінің өкімі» деп жазылады. Яғни мемлекеттік территория басшысы өкім шығарады, «өкім етеді». Егерде ол «өкім етсе» «өкім ет» болғаны да. Бұдан шығатын нәрсе мемлекет басшыларының барлығы, яғни «өкім» шығаратындар «өкімет» екен. Олай болса «үкім» шығаратындар – үкім ететіндер «үкімет» болмай ма?! Үкімді кімдер шығаратыны халыққа белгілі. Олар – соттар. Сот деген сөз әу баста орыстың «суд» деген сөзінен шыққан. Сол орыстың «суд» сөзі қазақшаға сіңіріліп, «үкімет» сөзі «сот» болып сөздік қорымызға орнығып алды. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әлгі «сымтетік» «үнқағаз» деп күшеніп, әуреге түсіп, буынсыз жерге пышақ ұрып, қисынсыз, керек емес аудармамен айналысқаннан гөрі, әу бастағы өзіміздің төл қазақшамызды орынды қолдансақ жарасымды болар еді. Сот демекші, қазір қарасаң үлкен қалаларда Сот мекемелерінің алдында Қазақтың аттары әйгілі үш билері – Төле баба, Қазыбек баба, Әйтеке бабалардың мүсіндері тұрады. Сонда бұл бабаларымыз қазақтың соттары яки үкіметі болған ба? Әй, қайдам, болмаған сияқты. Олар қазақтың билері болғаны ақиқат. Оны өздерінің «би» деген қосымшасынан білуге болады. Би билік айтады. Биліктің ауқымы кең. Ол замандарда бидің атқарушылық міндетіне соттан гөрі Парламенттің міндеті көбірек жүктелген. Олардың міндеттері сот процесінен гөрі Парламент институтына жақын. Олай болса, үш бидің мүсінін сот мекемесінің алдына емес, Парламент ғимараттарының алдына облыс орталықтарында мәслихат кеңселерінің алдына қойған дұрыс болатын сияқты. «Үкімет» деген сөз қазіргі қолданып жүрген «сот» сөзінің мағынасын берсе, «судья» сөзі де «үкімет» бола ма? Болмайтын сияқты. Себебі, қазаққа «судья» деген орыс сөзі келмей тұрып-ақ қазақтың ана тілінде «қази» деген сөзі болған. Қазір ол сөзді біреулердің есімдерінен ғана естиміз. Қазыбек, Құрманғазы... «Қази» сөзі жалпылама «қазы» болып қазақшаланған. Қази қызметінде істейтін адам қазіргі «судьяның» атқаратын міндеттерін атқарған. Үкімді солар шығарған. Біреулер қазиды прокурормен шатастырады. Бірақ қазақ тарихында прокурорлық қызмет болмаған сияқты. Екі жақ, яғни айыптаушы, шағым түсіруші жақ, және айыпталушы, қоғамдық ережені бұзушы жақтар болып олар қазыға жүгінген. Қазіргі кезде орынымен қолдана алмай жүрген тағы бір сөз, бұл «уәлият» сөзі. Уәлиятты кезінде «уәли» басқарған. Уәлият – қазіргі өзіміз «қазақшалап» қолданып жүрген орыстың «область» сөзінің тікелей мағынасы. Патшалық Ресейге бағынып тұрған заманда «Дала уәлияты», «Түркістан уәлияты» «Жетісу уәлияты» т.с.с. болды. Тіпті «Дала уәлияты» деген газет те шығып тұрды. Жоғарыда келтірген уәлияттар ол кезде Орыс патшалығына қарайтын облыстар еді. Енді қазіргі «облыс» сөзін уәлиятқа неге қайтып әкелмеске? Уәлиятты басқаратын басшы «Уәли» аталады. Ол қазіргі облыстық әкім. Қазір «Әкім» деген сөз анаған да мынаған да қолданады. Мұнда да қателер бар сияқты. Себебі ата-бабаларымыздың заманында «әкім» ауылды, қаланы, яғни адамдардың жиналған тобын басқарған. Аймақты (ол кездегі руластар аймағы) сұлтан басқарған. Ал бірнеше рулар жиынтығын, жайлауы мен қыстаулары көрші аумақты «уәли» басқарған. Сонда қазіргі облыстың әкімін «уәли» деп, ал аудан әкімін «сұлтан» деп өзгертсек, біз көнеден келе жатқан мемлекет екенімізді дәлелдей түсеміз, қазақы сөздеріміз қолданыста болады, қазақты отарлау кезінде пайда болған кірме сөздерден арылып, көңіліміздегі түйткіл бола беретін сонау құлдық дәуір ұмытыла түседі. Сонымен қатар қазіргі «министрліктерді» уәзірліктер деп, «министрді» – уәзір, «премьер-министрді» – бас уәзір, «спикерді» – бас би, «депутаттарды» – билер деп атаса, қазақылығымыз артып, мемлекеттілігіміздің тарихы айқынданып, рухани жаңғыру одан сайын жанданар еді. Әлбетте, мұның бәрі менің жеке пікірім. Әбдінағым Көшеров, Қазақстан Журналистер одағының, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі
qazaquni.kz