«Бухгольцтың жолдарымен» экспедициясының көздегені не?
2016 ж. 12 қазан
3731
1
Павлодарда патшалық-кеңестік кезеңді көксейтін топ бар екені аян. Негізі зейнеткерлерден құралған топтың мұрат-мүддесі «Новое время» сияқты жергілікті тәуелсіз басылымдарда оқтын-оқтын көрініс тауып тұрады.
Топпен мүдделес тарихшылар мен өлкетанушылар Ертістің Кереку өңірінде тарихқа дейінгі дәуірлерде тіршілік еткен мамонттар, бизондар жайында сөз қозғайды да, бірден ХYІІІ ғасырға өтіп, Ресей империясының әскерлері салған бекіністерге жұртшылықтың назарын аударады. Бұлардың пайымдауынша, орыстар бұл өңірге келгенде қазақтар мүлде болмаған, тек жоңғарлар тұрған, қазақтар кейін, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары ғана жоңғарлардың тықсыруымен Сыр бойынан босып келіп қоныстана бастаған...
Осындай пайымдауға сүйенген топ патша әскерлерінің «Коряков Яр» бекінісін тұрғызған 1720 жыл мен есім-сойы Павлодар қаласының атауына айналған патшазада Павел Романовтың (1860-1919) туған жылына құрметпен қарайды. Тіпті бұл жылдардың дөңгелек даталарын мереке ретінде тойлау туралы жергілікті билікке ұсыныс та жасады!.. Абырой болғанда, керекулік зиялы қауымның наразылық білдіруінің нәтижесінде әлгі ойлары жүзеге асқан жоқ.
Солай бола тұра, мемлекетшіл, отаншыл азаматтар саналы ғұмырларын кеңестік қоғамда өткізіп, коммунистік идеологияны сүйегіне дейін сіңірген қарттарды мүмкіндігінше түсінуге тырысады, тіпті кейбір қылықтарына назар аудармайды. Бірақ егемендік кезеңінде мектеп табалдырығын аттаған кейінгі буын өкілдерінің патшалық-кеңестік кезеңді көксеушілік сезіміне берілуіне зиялы қауым бей-жай қарай алмайды ғой.
Қырық жастан енді асқан қоғамдық белсенді Александр Вервекин және бірнеше жерлесіміз «Білім және мәдениет» телеарнасының жүргізушісі Даниил Глумовтың биыл Павлодар қаласында дайындаған «Неизвестный Казахстан» бағдарламасына қатысты. Жазығы не, әлгілер ондаған мың жыл бұрын тіршілік кешкен мамонттардың қаңқалары мен патшалық кезеңнен қалған ғимараттар жайын тілі жеткенінше тәтпіштеп тұрып баяндады! Тек мемлекетқұраушы ұлттың арғы ата-бабалары: сақтар мен ғұндардың Ғайса пайғамбар заманынан мыңдаған жыл бұрын Ертістің Кереку өңірін мекендегені, осы өңірде мың жарым жылдай уақыт бұрын түркілер, қимақтар, қыпшақтардың мемлекет құрғаны, өткен мыңжылдықта Алтын Орда мен Ақ Орданың әскери әлеуеті бүкіл Евроазия халықтарына танылғаны, бертінгі Қазақ хандығын халық қаһармандарының жан-тәнімен қорғағаны туралы бір-екі ауыз сөз айтуды көңілдері хош көрмеген сияқты...
Сондай-ақ өткен шілде айында Павлодар География үйінің директоры Александр Вервекин мен Ресейдің Орыс географиялық қоғамы Омбы аймақтық бөлімшесінің төрағасы Игорь Вяткиннің өзара келісім жасауы нәтижесінде «Бухгольцтың жолдарымен» атты экспедиция ұйымдастырылды. Омбы айлағынан 5 желкенді қайықпен (яхтамен) шыққан 35 адам Ертіс өзенімен жүзіп, оларды қолдаушы автожасақ «Омбы-Павлодар» тас жолымен жүріп отырып, Қазақстан Республикасының аумағына енді.
Экспедицияның басты мақсаты: XVIII ғасырда Ертістің Кереку өңірінде салынған патша бекіністерінің қалдықтарын зерттеу, бұдан дәл 300 жыл бұрын, 1716 жылы И.Д. Бухгольц жасағының жоңғарлардан «қаһармандықпен» қорғанған Ямышев бекінісінің орнында ескерткіш белгі орнату...
Тарихи деректеріне зер салсақ, І Петр патшаның жарлығы бойынша лейбгвардия подполковнигі И.Д. Бухгольцтың полкі 1715 жылы Жәміш көлі маңында Ямышев бекінісін тұрғызған. Бірақ келесі жылы полк жоңғар әскерлерінің шабуылына ұшырайды да, тек 700 жауынгер тірі қалып, зорға қашып құтылыпты. Көп ұзамай жасақ басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалып, Петерборға жөнелтілген.
Шындығында, қазақ-жоңғар арасындағы жер үшін күрес шарықтау шегіне жетіп, екі жақ бірін-бірі Ертіс бойынан ығыстырған аса күрделі кезеңде 70 зеңбірекпен қаруланған, 3017 жауынгерден тұратын патша әскері Жәміш көліне дейін жеткен болатын.
Осылайша, Ертістің Кереку өңіріне бейбіт мақсатпен емес, қанды жорықпен келген жасақтың басшысы И.Д. Бухгольцтың жолдарын Вервекин мен Вяткиндер біздің елде насихаттап, дәріптемек!.. Егер 1382 жылы Мәскеуді жаулап алып, өртеп жіберген Алтын Орданың билеушісін қазақстандық қоғамдық ұйымдар құрмет тұтып, Ресей аумағында «Тоқтамыс ханның жолдарымен» атты экспедиция ұйымдастырса, немесе 1812 жылы дәл солай істеген Франция императорын қоғамдық ұйымдардың бірі ұлықтап, «Наполеонның жолдарымен» атты экспедиция құрса, орыс зиялылары қандай күйге түсер еді?.. Жалпы, Ресейде жат пиғылдағы қоғамдық белсенділер тарапынан ресми мемлекет тарихын бұрмалау мен Ресей Федерациясының территориялық аумағының тарихи-құқықтық негізділігін терістеу әрекеттеріне жол беріле ме?..
Осы тұста қазақ зиялыларының Ұлы Дала мен ежелгі Русь қарым-қатынасындағы бірнеше жылға созылған соғыстарды емес, екі елдің жүздеген жылдар бойы қатар отырып бейбіт өмір сүргенін зерделейтінін атап көрсеткеніміз жөн. Қыпшақ хандары мен орыс кінәздары арасындағы некелік байланыстарды, екі халық арасындағы мәдени алмасуларды, орыс тіліне сінген хозяин, боярин, богатырь, тамга, деньги, казна, карандаш тәрізді түркі сөздерінің түп төркінін зерттейтіні аян. Сондай-ақ, Абай-Лермонтов-Гете шығармаларындағы үйлесімділікті, Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің арасындағы қыл өтпес достықты дәріптейтіні де мәлім. Сондай ұстанымды қастерлеген облыс басшылығы екі халықтың көрнекті өкілдері, ұлы перзенттері, екі дос Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге ескерткіш орнатты.
Ал вервекиндер патшалық Ресей империясының қазіргі Қазақстан Республикасы аумағындағы әскери бекіністерінің қалдықтарын іздестіреді, онымен тынбай, Омбы қаласынан «Бухгольцтың жолдарымен» экспедициясын Павлодар облысына шақырады... Мұндай әрекеттер ресейліктер мен қазақстандықтардың достығына сызат түсірмесе, екі елдің қарым-қатынасына оң ықпал етпейтіні анық. Ендеше, осы саяси қателіктерге жол берген жергілікті мемлекеттік органдарға зиялы қауым өкілдерінің наразылық білдіруі орынды. Нәтижесі жоқ емес.
Экспедиция Лебяжі ауданындағы Ескі Ямышев елдімекеніне бастапқыда жоспарлағанындай 5 желкенді қайықпен емес, 1 микроавтобусбен және бірнеше жеңіл көлікпен барды. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында А. Вервекин және басқалар Ертіс өңірінің экологиясын сауықтыру, өзен суын тиімді пайдалану, «Омбы-Павлодар» бағдарындағы кеме қатынасын реттеу, екі облыс арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу мәселелері... жөнінде сөйледі. Алайда омбылық қонақтардың жетекшісі Игорь Вяткин өздерінің мақсаттарын ашық айтып, «Бухгольцтың жолдарымен» экспедициясының осы өңірге қайта оралатынын жария етті!.. Демек, Ямышев бекінісінің орнында отаршыл патша әскерлерінің құрметіне ескерткіш орнату мәселесі алдағы уақытта қайта көтерілуі ықтимал. Ертеңінде облыс жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ғимаратында «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі мен омбылық экспедиция мүшелері Павлодарда дайындалған «Ертіс және оның бекіністері» атты деректі фильмнің тұсаукесер шарасын өткізді. Соңында А. Вервекин кинотуындыны қонақтарға сыйға тартты...
Экспедицияның Ресей империясының Ертіс бойындағы бекіністерін зерттеу сапары «Павлодар география үйінің» бастамасымен ұйымдастырылған «Ертіс күні» мерекесіне ұласты... Орталық жағалауға жиналған мыңдаған керекуліктер мен өзге облыстардан арнайы шақырумен келген құрметті меймандар үлкенді-кішілі кемелер мен қайықтардың шеруін, өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасын, колөнер мен қыл қалам шеберлерінің туындылары көрмесі мен жәрмеңкесін тамашалады! Облыс
әкімінің екі бірдей орынбасары: Н. Дычко мен М. Бегентаев және А. Вервекин мен тағы басқалар жұртшылықтан оқшауланған жайлы орынға жайғасты. Айтпақшы, өзендегі шерудің қақ ортасында омбылық 5 желкенді қайық пен жергілікті «Ермак» теплоходы да жүзіп өтті!.. Шарадан соң «Бухгольцтың жолдарымен» экспедициясы үшін аста-төк дастархан жайылды!
«Ертіс күні» мерекесі мемлекеттік мерекелер санатына жатпаса да асқан сән-салтанатпен өткізілді! Той үстінде: «Апырай, қазіргі экономикалық қиын кезеңде осынау бір күндік мәдени шараларға жұмсалған қыруар қаржы мөлшерінің тым болмаса бір бөлігі ауыр дертке шалдыққан науқастар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың жоқ-жітігін жабу үшін табылар ма!» – деген ойлар жүрегіңді тырмалайды екен...
...Хош, сонымен, мемлекетшіл, отаншыл азаматтар кеңестік кезеңде туып өскен, коммунистік идеология сүйегіне дейін сіңіп кеткен зейнеткер қарттарға түсіністікпен қарайды, – дедік. Ал Қазақстанның егемендік кезеңінде тәрбиеленген, солай бола тұра Ресей империясының қазақ жеріндегі бекіністерінің қирандыларын іздейтін, патша әскерлерінің қазақ еліне жасаған қанды жорықтарын ерлікке балап деректі фильм түсіретін жастар туралы не ойлауымыз керек? Әлде ширек ғасырдан астам уақыт бойы жүргізілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты жастар мен жасөспірімдерге ықпал етпей ме? Соның салдарынан санасы өзге елдің идеологиясымен бұғауланған бір буын есейіп, қатарға қосылды ма? Немесе бұларға облыс жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы дұрыс тәрбие бере алмады ма?
Айтпақшы, аталған басқарманың басшысы Наталья Нефедованың «Бухгольцтың жолдарымен» экспедициясына қолдау көрсетіп, солармен бірге Ескі Ямышевқа барғаны, басқарманың ғимаратында «Ертіс және оның бекіністері» деректі фильмінің тұсаукесері өткізілгені еске түседі...
Егер оның қызмет орнында Максим Споткай, Ян Муравский, Марина Сахарова, Таисия Страдаева, Анжелика Бабакова, Наталья Муштаева, Алексей Чичурин, Елена Белинская, Виктория Петрова, Полина Штурмина, Елена Гаркава, Ирина Якушева-Нұрпейісова, Элина Паули, Артур Бартель, Юлиана Отто, Инга Гросс секілді орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлейтін, екі халықтың ұлттық құндылықтарын жете бағалай білетін, мемлекетқұраушы және өзге ұлттардың ділін жан дүниесімен терең түсінетін жергілікті жастардың бірі отырса өңірдегі жастар саясаты өзгеше бағытта өріс алар ма еді, кім білсін...
...Менің болжауымша, іргетастары 1720 жылы Ресей империясының әскери бекіністері ретінде қаланған Павлодар, Семей, Өскемен қалаларына алдағы уақытта желкенді қайықтармен және автожасақпен бару мақсатынан әлгіндей экспедициялардың бас тартуы неғайбіл. Сондай іс-шараларды ұйымдастырушы ішкі-сыртқы қоғамдық ұйымдардың белсенділігі аталған қалалардың 300 жылдық мерекесі қарсаңында, «Ертіс күні» мерекесі күндері күрт артады!
Ал 2020 жылға дейін аз ғана уақыт қалды. Дегенмен мұның өзі – еліміздегі тиісті мемлекеттік органдардың он ойланып, мың толғанып нақты шешім қабылдауына жеткілікті уақыт деп есептеймін.
Егер осы мерзім ішінде патшашыл-кеңесшіл ішкі күштердің белсенділігін мейлінше бәсеңдетпесек, сыртқы күштердің ішкі саясатымызға ықпалын тежемесек, одан кейінгі жылдары Ертіс өзені бойындағы «ежелгі орыс жерлерін» жинақтаушы әскери экспедицияларды қол қусырып тұрып қарсы алуымызға тура келетін шығар...
Дәл қазіргі кезеңде Украинаның Донецк, Луганск өңірлеріндегі жағдайларға көз жүгіртуге тиістіміз...
Арман ҚАНИ,
qazaquni.kz