Министрлік: Қазақстанға Кейкі батырдың бас сүйегінің бөлшектері әкелінді
2016 ж. 06 қазан
2362
0
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі Кейкі батырдың Санкт-Петербургтегі Кунскамерада сақталған бас сүйегі Қазақстанға жеткізілді. МұныАзаттыққа Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі хабарлады.
Батырдың бас сүйегін жеткізген ұшақ бүгін таң ата Астанаға қонған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бас сүйекті күтіп алуға он шақты адам барып, таңғы сағат төрттен алтыға дейін күтіп, тарқасты. Жиналғандар бас сүйекті әкелген адамды көрмегенін айтады. Күтушілер арасында тарихшы Берік Әбдіғали, батырдың ұрпақтары да болды.
Биыл тамызда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездесуінде 19 ғасырдағы қазақ билеушісі Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін қайтаруды сұраған.
Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы этнография және антропология музейі немесе Кунсткамера өкілдері бұған дейін Азаттықтың Орыс редакциясына Кейкі батырдың басын қайтаруға болатынын айтқан. Мамандар «Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және оның осы мұражайда сақталғаны туралы сөз аңыз ғана» деген.
Музей директорының орынбасары Ефим Резван шетелге қандай да бір экспонатты беру тек федералдық заң немесе президент жарлығы арқылы жүзеге асатынын айтқан.