"Қазақстан тарихы" оқулығындағы қателіктерді жөндейтін уақыт жетті
2016 ж. 23 маусым
10314
3
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН АРНАУЛЫ ОРТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ
ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанның бір топ ғалым-тарихшыларының Сізге арнайы хат жазып отырғанының себебі төмендегідей:
Ата-бабаларымыздың толассыз ұмтылысы, осы жолда өмірлерін құрбан етулері арқылы бірнеше ғасыр бойы тоқтаусыз жүргізіліп келген азаттық қозғалысының нәтижесінде қол жеткізілген Тәуелсіздіктің биылғы 25 жылдығында тағы да өз ішімізден дау шығып, осы сынды да даңқты өткенімізді бүгінгі және болашақ ұрпақтың санасына жеткізетін, одан сабақ және жігер алып, Отанының бостандығы жолындағы жауапкершіліктерін тудыратын Көне заманнан басталатын Қазақстан тарихы пәнін арнаулы орта, жоғары оқу орындарынан алып тастау туралы сөз басталып отыр. Ал, біз мұны дұрыс шешім деп есептемейміз.
Өйткені, енді ғана Сіздің бастамаңыз және басшылығыңызбен іске асырылып келе жатқан бірнеше мемлекеттік бағдарламалар аясындағы әлемнің көптеген елдеріндегі мұрағаттарда, кітапханаларда жинақталған, бізге белгісіз болып келген төл тарихымызға байланысты деректер алынды. Осылардың қорытындысындай өзіңіздің «Тарих толқынында» атты кітабыңыздың ізімен ірі ғылыми еңбектер жарияланған, оқулықтар дайындалған, нәтижесінде қазақ халқының төл территориясындағы кезіндегі ұлы мемлекеттер мен халықтардың заңды мұрагері ретінде оқытыла бастаған кезеңдегі мұндай кері пікірлер мен шешімдер Мәңгілік Ел болуды тікелей насихаттайтын пәннің маңызын әдейі ұқпағандық деген ой қалыптасады барлығымыздың санамызда.
Егер де өткенге назар аударар болсақ, Ресей патшалығының отарлығы кезінде қазақ халқының тарихы оқытылғанды қойып, біздің адам ретіндегі ешқандай құқығымыз болмай, «бұратаналар» деген кемсітушілік атау берілді. Көшпенді, жартылай тағы халықтың тұрақты территориясы, мемлекеттілігі, шаруашылығы, мәдениеті болмаған, үнемі кезбешілікпен, тонаумен, ұрлықпен, барымтамен ғана айналысып келген, табиғаттың дайын өнімін ғана пайдаланушы тобырлар деген тұжырым жасалды. Осындай анықтаманы барша Ресей империясы тұрғындарына, әлемге тарату отарлық саясаттың мақсатына айналды. Осы арқылы қазақ халқына деген төмендету, менсінбеушілік, тіпті ашық жеккөрінушілік сезімі қалыптастырылды.
Бұл түсінік Кеңестік идеология уақытында одан ары мақсатты тұрғыда жалғастырылды. Осы мерзімде ұлтымыздың нақты шындыққа негізделген толыққанды тарихы арнаулы орта, жоғары оқу орындарын айтпағанда өзіміздің ұлттық мектептерімізде де дұрыс оқытылмады. Қазақ халқының арғы ата-бабаларының бүкіл әлемге белгілі болған мемлекет басқарушылары, жауға қарсы қол бастаған және азаттық қозғалысын ұйымдастырған батырлары, би-шешендері мен даналарын ұрпағымыз білмей өсті. Кең байтақ тарихи мекенімізде бірнеше мың жылдар көлеміндегі өмір сүрген Ұлы Далалық мемлекеттер, оның тұрғындары туралы айтылмады. Қазақтардың Еуразия аңғарын алып жатқан тарихи территорияның заңды иесі, осы жерде негізделіп, дүниеге белгілі болған ірі мемлекеттік құрылымдар мен халықтардың даусыз мұрагері, жалғасы екендігі құпия ұсталды. Халықтық жыр, дастандар, т.б. ауыз әдебиеті арқылы жеткізіліп келген ұлттық тұлғалардың барлығына қанаушы, тонаушы, үстем тап өкілдері деген айдар тағылды.
Қазақ халқының өзара бақталастықтан, барымтадан, жиі болып тұратын жұттан, сыртқы жаулаушылықтан құрып кетпей, аман қалуы, халық ретінде сақталуы оның Ресей империясының құрамына өз еркімен қосылуы нәтижесінде іске асырыла басталды деген насихат белең алды.
Ұлтымыздың мемлекеттілігі тұңғыш рет Ұлы Қазан төңкерісі жеңісі арқасында ғана іске асырылып, дамыды деген тұжырым жасалынып, белсенді тұрғыда насихатталды және де мұның өзі бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүргізілді. Қазақстанның кеңестік шаруашылығын негіздеуге, оны КСРО-ның дамыған одақтас республикасына айналдыруға барша кеңес халықтары үлес қосқандығы насихатталды. Осы арқылы қазақ халқының тарихи территориясына күмәнділік білдірілді.
Ал, тура осындай насихатты Ресейдің бүгінгі күнгі көптеген саясаткерлері, т.б. белсенділікпен айтып келе жатқаны белгілі. Оның түпкі мақсаты неде екендігі де айдан анық.
Міне сондықтан да, Егемендіктің ширек ғасыры көлемінде мұқият жинақталып, шетелдердегі, еліміздегі құнды деректермен толықтырылып, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігіне айнала бастаған, ұлттық тарихымызды бүгінгі күні және болашақта көпұлтты халқымызға барынша насихаттау уақыт талабы деп есептейміз. Пәнді оқытудың қалыптастырылған жүйесі негізделуі тиіс. Нақты да шыншыл деректерге негізделген мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, хрестоматиялық, көрнекі, т.б. оқу құралдары жасалуы керек.
Тағы да бір айта кететініміз, арнаулы орта, жоғары оқу орындарының оқулықтары мектеп бағдарламаларын қайталамауға, қосымша тарихи деректермен, танымал тұлғалардың өмірлері мен қызметтеріне арналған әдебиеттермен толықтырылуы тиіс деген ұсыныс айтамыз. Сонымен қатар Қазақстанның әр өлкесінің тарихын зерттеуге баса назар аударылуы тиіс.
Сонымен қатар студенттердің әрбір тақырыпқа байланысты өзіндік шығармашылықпен жұмыс істеулеріне барынша назар аудару қажеттігін еске саламыз.
Аталған пәнді арнаулы орта, жоғары оқу орындарында оқытудың қажеттігі - білім берудің бұл сатысына түсушілердің елеулі бөлігі бұрын осы пәнді мектептерде оқымаған, республикамыздың сырт жерлерінен келіп мамандық алушылар немесе уақытша қоныс аударғандар болып табылады. Яғни, оларға Қазақстан Республикасының, оны негіздеуші қазақ халқының өткенін оқыту Отан тарихы пәні арқылы жүзеге асырылады.
Осылармен қатар көптеген ересек жастағы басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға соңғы мерзімдерде қоныс аударулары, сондықтан да орта мектептерде Қазақстан тарихы пәнін оқымағандықтары да бұл пәнді арнайы орта, жоғары оқу орындарында толығымен оқытуды қажет етеді.
Бұлармен бірге орта мектептерде оқушылардың басым бөлігінің Қазақстан тарихы пәні көтеретін мәселелерге жеткілікті назар аудармайтындығы да айғақ. Өйткені бұл жалпы білім беру орындарындағы емтихан тапсырудың жалаң даталарды, белгілі адамдардың өмір сүрген жылдарын, т.б. жаттауға негізделген тестік жүйесі Қазақстан тарихы пәні көтеретін құнды ғылыми және тарихи мәселелерге жеткілікті тұрғыда маңыз беруге жағдай жасай алмайды.
Ал, оның айқын дәлелі - соңғы мерзімдегі еліміздегі қоғамның дамуына қайшы келетін істермен айналысушы заңды тұрғыда тіркелмеген ресми емес діни ұйымдарға қазақ, т.б, ұлт өкілдері жастарының тартылуы, қаскөйлік әрекеттерге дейін барулары болып табылады. Осы жастардың көпшілігінің Отанымыздан тыс жерлердегі ланкестік ұйымдарға еніп, олардың қарақшылық әрекеттеріне қосылуы туралы деректер мол. Ал, мұның себебі олардың басым бөлегінің мектеп қабырғасында ұлтымыздың өз жерінде қалыптасып, өркендеуі, теңдік пен бостандық жолындағы бірлікке, батырлыққа, ерлікке, Отансүйгіштікке толы тарихына талдау жасай алмаулары, оның Туған Ел болашағына қажеттігін түсінбеуінен екендігі айғақ.
Яғни, Еліміздің көпұлтты арнаулы орта, ЖОО студенттеріне Ерте заманнан басталып, Тәуелсіздік кезеңін қамтитын Қазақстан тарихы пәнін оқытудың басты міндеті:
- Бұл пән арқылы ең алдымен Өзіңіздің өлшеусіз қызметіңіздің нәтижесінде толығымен айқындалып, халықаралық тұрғыда танылған Тәуелсіз Қазақстан территориясының тарихи заңды иесі қазақ халқы екендігін нақты деректер арқылы дәлелдей отыра насихаттау;
- Тәуелсіз Қазақстан Республикасының бүгінгі территориясында бірнеше мыңдаған жылдар шеңберінде негізделіп, өз уақыттарында әлемдік дамуға ізгілікті ықпал еткен Қуатты Дала мемлекеттерінің заңды мұрагері, ал қазақ ұлтының жасампаздығы, қаһармандықтары, Отансүйгіштіктері, данышпандықтары арқылы әлемге белгілі болған Ұлы сақтар, ғұндар және түркілердің ұрпақтары екендігін жариялау;
- Бабаларымыздың Отанын қорғау жолындағы батырлықтарын насихаттай отыра, тарауға, бөлшектенуге, осы арқылы басқаға бодандыққа түсуінің себептерін ашып, қазіргі, болашақ ұрпақтың одан үлгі және сабақ ала білулерін қамтамасыз ету;
- Жеріне әр уақыттарда әртүрлі жағдайларда қоныс аударған басқа ұлт өкілдеріне ешқашан көз алартып көрмеген, қазақ халқының төзімділік, түсіністік, ұғыныстық, достық пен бауырмалдық ықыласының, орын алған ұлттар арасындағы достықтың нақты мысалдарын барынша баянды ету;
- «Мәңгілік Ел» идеясын іске асырудың негізіне айналатын көпұлтты Қазақстан халықтарының бойындағы «Қазақстандық патриотизм» сезімін қалыптастырудағы Қазақстан Республикасындағы атқарылып отырған ұлт саясатының, осы бағыттағы Елбасының қызметін жариялау.
Көне заманнан басталып, қазіргі кезеңді толығымен қамтитын Қазақстан тарихын арнаулы, жоғары оқу орындарында оқытудың қажеттілігі осылай айқындала түседі деп есептейміз.
Егемендігін енді ғана алып, топырағына еңбекқор ата-бабаларының маңдайының тері, бодандықтың қасіретінен шығар жол таба алмай, қолдан жасалған аштық пен қырғыннан жапа шеккен дәрменсіз аналардың көз жасы, бостандық жолында жанын қиған ерлердің қаны сіңген, Еліне бас болған билерінің жұртын біріктірудегі даналықтары мен батырларының жанкешті ерліктері халық аузындағы жырға айналған көпұлтты Отанымызды Сіз бастамашы болып отырған «Мәңгілік Ел» етудегі тура осы өтпелі кезеңде халқымыздың барша өткенін ұрпағымызға паш ететін Қазақстан тарихынан басқа насихат, білім құралы жоқ деп есептейміз.
Өзіңіз негізін қалап, әлемге танытып келе жатқан жас Егемен Еліміздің қабырғасы қатайып, түп қазығы нығайғанда, ұлтымыздың саны өсіп, әлемді «Озық Ел», «Жасампаз ұлт» ретінде танытқанда, көпұлтты азаматтарының санасында «Мен Қазақстандықпын», «Отаным Қазақстан» деген мақтанышты сезім берік және толығымен қалыптасқанда мүмкін арнаулы орта және жоғары оқу орындарында мысалға алынып отырған батыс, т.б. елдеріндегі сияқты Қазіргі Қазақстан тарихын ғана оқытуға болар. Ал әзірге оған ерте демекпіз.
Яғни, Сіздің атап көрсеткеніңіздей: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болғанда ғана біз «Мәңгілік Ел» боламыз».
Аса құрметпен:
Абуев Қадыржан Қабиденұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Абдуллаев Нұртаза Ақишанұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Аллаберген Қырықбай Мазанұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Аминов Талғатбек Махметұлы-тарих ғылымдарының кандидаты, профессор
Дүйсен Сейітқали Жақияұлы – педагогика ғылымдарының кандидаты.
Ғали Әзімбай Бейсетбайұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Игібаев Советхан Қабдуалиұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Исин Амантай Исаұлы - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Күзембайұлы Аманжол - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Қашқымбаев Амангелді Нүркейұлы - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Қарасаев Ғани Мұқашұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Нұрбаев Қайырболат Жәкенұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Маймақов Ғаппар Қазыбекұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Халидуллин Ғизатулла Хаймолдаұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Үржанов Абат – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
qazaquni.kz