АМАЛ КЕЛДІ, ОТПАН ТАУДА ОТ ЖАНДЫ!
2016 ж. 15 наурыз
5017
0
Қазақстанның Батыс өңірінде әз Наурыз 14-наурыз – Амал (Көрісу) мерекесімен басталады. Көрісу күні бүкіл еліміз бойынша ресми мейрам ретінде мойындалмаса да, Батыс аймақтың жұртшылығы бұл күнді асыға күтеді.
Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкендердің үйіне барып, амандасып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдымен кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Көрісу күнінің рәсімі бойынша, ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп, көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарханға шақырады. Маңғыстау халқының көпшілігі жыл сайын Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алады. Адай ата ұрпақтары әр жылда бір-біріне эстафета жалғап, мерекені кезегімен ұйымдастыратын үлгілі үрдіске айналдырды. Отпан тау басындағы Амал мейрамын ұйымдастыруды өткен жылы Мұңал ата ұрпақтары абыроймен атқарса, ал биыл бұл игі істі Қосай ата ұрпақтары жоғары деңгейде өткізді. Биылғы Амал мерекесінде қаз-қатар жетпіске жуық киіз үйлер тігілді. Мерекеге келген халықтың да шегі болмады. Қонақтарды тігілген киіз үйлер алдында жылы шыраймен қарсы алып, ет пен шәйін үлкен ықыластарымен ұсынып, шын пейілдерін танытты. Бұл күні жайдарлы адамдардың бір-біріне деген шынайы ниеттерін, ыстық ықыластарын, ақжарма көңілдеріне куә болдық. Қосайлықтар әдеттегідей мырзалықтарын танытты. Жылдағы дәстүр бойынша, биыл да Амал мерекесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер адамдары және өзге де зиялы қауым өкілдері келіп Отпан тауда бас қосты. Амал мерекесіне Астанадан арнайы келген, Отпантау басындағы от жағу салтанатында отты жыр оқыған ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - "Алтын Күз" ордені иегері Қазыбек Иса: «Наурыз киелі Маңғыстауда - Отпан таудың басында Амал мерекесімен басталды! Атаулы мерекеге осымен екінші рет қатысып отырмын. "Ақ жол" партиясы әрқашан да елді бірлікке шақыратын ұлттық руханият шараларының басы-қасында жүретіні елге мәлім. Былтырғыдай биыл да халықтың қарасы қалың. Амал оң болсын! Ақ мол болсын! Тәуелсіз Елімізге Ақ жол болсын!» деп өзінің ізгі тілегін білдірді. Атаулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шара 12-наурыз күні Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инженеринг университетінде жауынгер, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының 200 жылдығына арналған «Қалнияз жырау және оның әдеби мұралары» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік конференциясымен бастау алды. 13-наурыз күні «Ошақ бәйге» аталған ат жарысы өтіп, жеңімпаз шабандоздарға үш темір тұлпар тарту етілді. Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы ойнатылды. Қалнияз Шопықұлының құрметіне жыршылар бәйгесі өтті. Шара барысында Әбіш Кекілбайұлы, Майлыбай Әминұлы сынды өмірден өткен ел азаматтарының әруағына бағыштап құран оқылды. Күрес, қол күрес, арқан тартыстан бастап қазақтың барша ұлттық ойындары ойналды, жеңімпаздар сый-сияпатқа ие болды. Жыл сайын қайталанатын үрдіс бойынша, Отпан таудың ең биік шыңы Қаратауда, теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте Бірлік алауы жағылды. – «Алау бірнеше жағдайда жағылады. Амал мейрамында жағылатын қызыл жалынды, түтінсіз от бейбітшілік оты болып саналады. Жау шапқанда түтін шығатын нәрселер салып, қара түтінді от жағатын болған. Кеңеске шақыратын отты ақ түтінді етіп жағады. Еліміздің аспаны ашық болсын. Тек қана бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрсын! Жан-жақтағы ағайындарымыз аман болсын! Амалдан Амалға жете берейік!» – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Ділжанов. Түн болғанда мейрамға жиналған барша жұрт Отпан тауда жағылған Бірлік алауы мен аспанды түрлі түске бояған отшашуды шаттана тамашалады. Екі күнге жалғасқан мереке аясында театрланған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, Батыс Қазақстан облыстары командалары арасында көкпар ойыны, Құнан бәйге, Тай жарыс, Аламан бәйге және өзге де көңілді шаралар алдынала жоспарланғандай өтіп жатты. Қазақ жеріне Жаңа жыл келді! Жаңа күн жақсылықпен басталып, ақ ниетпен жиналған жұртын осылай жадыратты! Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын бәрімізге!Әлия ИСАЕВА, «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз хатшысы
НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ!
(Отпантауда оқылған өлең)
Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік,
Қашағанын уақыттың аңғарасың…
Бекет пiрге дұға етсе, барып тұрып,
Бекем қылып қайтарар халықты үмiт.
Құдiретi Құдайдың осы емес пе,
Ой ордасын тауды ойып салыпты нық.
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса, Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Қазыбек ИСА
14 наурыз 2015 жыл