Отпан таудағы ордалы жиын
2015 ж. 31 наурыз
3376
1
Тағдырдың тепкісіне көп түскен халқымыздың еншісіне еркіндік тигелі санасы да оянып келеді. Әрине, өткенге деген өкініш пен өксігіміз де жоқ емес. Дегенмен, ұлттың алға басқан әрбір қадамы көңілді қуанышқа толтырып, ертеңгі күнге деген үміт отын жандырады. Міне, Маңғыстаудағы Отпантау атты мекенде орналасқан «Адай ата – Отпантау» этно-мәдени орталығында Амал (наурыз) мерекесін тойлап, жыл басын қарсы алу рәсімін өткізді. Осы жылғы мәдени шараны Адай атаның кенже ұлынан тараған Мұңал ата ұрпақтары өз мойындарына алды.
«Алтынды күмбез Адай ата кесенесінің тұғыры болған Отпантауды Қаратауымен қосып Мұңал ата ұрпақтары екі сатыға көтерді. Бірі қазақтың қарашаңырағын тұрғызды. Екіншісі қарашаңырақтың қара қазанын орнатты» – дейді Сабыр Адай ағамыз.
Игі шара түсіне білген жанға ұлттық санамыз бен қандастық туыстығымыздың алтын бесігінің қайта жанданғанын көрсетсе керек. Мұңал ата ұрпақтарына, соның ішінде осы игі шаруаға мұрындық болған Майлыбай Аймағанбетов, Жаңбырбай Дәрменов, Нарбай Досметов, Қадырхан Махамбетов сынды азаматтарға және Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазықызына, Маңғыстау ауданының әкімдігіне жұртшылықтың айтар алғысы шексіз. Маңғыстауда Амал (Наурыз) мерекесі айдың 13-і мен 14-інде тойланатындығын, бұл мереке негізі барша қазаққа тән дәстүрлі қағида екенін де көпшілік талқылап жатты.
Елді ерлік пен бірлікке, ұлттық тұтастық пен туыстыққа, жасампаздыққа және ортақ ар мен намысқа, адал еңбек, ақтілекке шақыратын Ұран отты жағу салтанаты ерекше жағдайда өтті. Ұран отты жағу құрметі ұлттық спорттың ақтангері, айшықты тұлға Әмин Тұяқовқа бұйырды. Ал, сол Отпантаудың басында, Ұран оттың қасында тұрып сөз сөйлеп, өздерінің терең ой, жүрекжарды пікірлерін білдірген алашқа белгілі тұлғалар академик Ғарифолла Есім, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлының ұлағатты үндеулері бүгінде ел аузында жүр. Халықтың көптігі сондай, алыстан қарағанда Адай ата кесенесі мен Қарашаңырақтың арасында Қаптың суындай үздіксіз тасқын болды. Маңғыстау халқының Қазақ атамның баласына айқара ашқан құшағы мен уыз тілегі тау басынан пейіштің шамындай жарқырап, сәулелі шырақтары жұлдызды түнмен астасып бара жатты.
«Адай Ата – Отпантау» этно-мәдени тарихи танымдық кешенді орталығы әр қазақтың бар қазаққа, бар қазақтың әр қазаққа құшақ ашып, қандастық сезімнен қуат пен құнар алып, жылына бір рет кездесетін, бас қосатын жері. Бұл жолы осы арманның тал шыбығы бүр жара бастағандай болды. Құдай ұзағынан берсін деп бір топ ақсақалар шүкіршілік қылып, ақ шұбаттан ұрттап қойып, ақ еділ әңгімені сабақтағанда көздерінен нұр ұшқындап отырды.
Мәні мен маңызы зор осынау алқалы жиынға ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есім, ҚР Елтаңбасының авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері, с.ғ.д., профессор Нәубат Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері, с.ғ.д., профессор Кемел Мырзагелді, түркітанушы, ф.ғ.д., профессор Қаржаубай Сартқожа, ф.ғ.д., профессор Серік Негимов, жазушы, филол.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбай, т.ғ.д., профессор Сатай Сыздықов филол.ғ.д., профессор Тұрысбек Рақымжан, филол.ғ.д., профессор Жақыпов Жантас, этнолог, т.ғ.д., профессор Жамбыл Артықбаев, шығыстанушы, т.ғ.д., профессор Қайыркен Тұрсынхан, алаштанушы филол.ғ.к. Сұлтан-хан Аққұлұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы, драматург Әнес Сарай, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің Президенті, ақын Қазыбек Иса, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Жарқын Жұмаділов, т.б. атпал азаматтар қатысты.
Бұл игі шара бұқара халықтың өз әрекетіне сеніммен қарауына, ұлттық мерейіміздің асқақтауына септігін тигізді. Осы бір игі бастаманың ел арасында кеңінен насихатталуына зиялы қауымның әсері мол болғанын айта кеткеніміз жөн. Осы орайда, барша жұртқа біздің үнімізді жеткізе білген республикалық «Қазақ үні» газетіне деген шексіз алғысымызды жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар, жазушы, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденінің иегері Әбіш Кекілбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сынды ел азаматтары өздерінің арнайы құттықтау хатын жолдады.
Сондай-ақ, жиын барысында республикалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Атырау облысы Кеңжылой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовтар өздерінің баталы сөздерін айтты. Ұлтымызға берері мол келелі жиынды өткізудің басы-қасында жүрген шараның ұйымдастырушысы «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен зейнеткер Аманғали Шамшадиннің іскерлік қабілеттерін ерекше атап өтуге тиіспіз.
Отпантау – елдің де, Елбасының да, зиялы қауымның да батасын алған жер. Бұл жерде өтетін шараның барлығы дерлік ұлттық мүдденің аясында болуы керек. Бұл әулиелі жер екенін, бабалардың рухы мен аманатына, салт-дәстүр мен имандылыққа, әдеп пен ұятқа, бірлік пен берекеге, салмақты мінез бен ұлттық рухани құндылықтарға тәрбиелейтін жер екендігін ұмытпауымыз керек.
Маңғыстаудағы «Адай ата – Отпантау» этно-мәдени орталығы жұмысының аясында осы уақытқа дейін көптеген шаралар атқарылғаны белгілі. Ал, алда атқарылар шаруа шаш етектен. Мәселен, өңірде қорым ашылып, оған Қалнияз жырау Шопықұлы сияқты алып тұлғалардың сүйектерін әкелу қарастырылуда. Атаулы қорымға болашақта елге еңбегі сіңген қайраткерлердің сүйектері қойылады деп күтілуде. Қарашаңырақтың қазаққа ортақ мән-мағынасын тереңдете түсу үшін сол алаңнан Қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш биінің ескерткіші тұрғызылмақ. Сондай-ақ, барлық рулардың таңбасы өрнектелген таңба-тас алаңшасын салу және ұл-қыздарымызға құрмет жасаудың салтанатты көріністерін өте жоғарғы деңгейге жеткізу жағы көзделуде. Бүкіл Алаш батырларына арнап Отпанның шыңынан бір ескерткіш салынса құба-құп болар еді. Сонда, күллі Алаш баласы Отпантауға өгейсімей келер еді. Жастардың діни сауатын ашуға бағытталған имандылық орындары да бой көтерсе, ұлттық ойындарымызды дамытуды көздейтін нысандар салынса, төрт түлігіміз бен ұлттық бұйымдарымызды мүсіндейтін шеберханалар қызмет көрсетсе, мұның барлығы өз кезегінде ұлтымызды ұлықтауға жұмсалған күш болар еді. Осы тұста этно-мәдени орталықты салу идеясының авторы ақын Сабыр Адай ағамыз: «Қазақтың қарашаңырағын бүкіл қазақ болып қамқорлыққа алып, ұлттығымыз бен бірлігіміздің ордасы ретінде көрсете білу – баршамызға сын» – деп атап көрсетті. Иә, Отпантауда осылай ордалы жиын өтті.
Ақбаян ҚОЖАМЖАРҚЫЗЫ
НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ!
(Отпантауда оқылған өлең)
Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік,
Қашағанын уақыттың аңғарасың…
Бекет пiрге дұға етсе, барып тұрып,
Бекем қылып қайтарар халықты үмiт.
Құдiретi Құдайдың осы емес пе,
Ой ордасын тауды ойып салыпты нық.
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса, Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Қазыбек ИСА
14 наурыз 2015 жыл