Азаматтығымен танылған Мереке
2016 ж. 17 ақпан
2548
0
Кеңестік заманда компартия органдарында жауапты қызметтер атқара жүріп саналы ғұмырының ауқымды бөлігін қоғамдық істерге арнаған қайраткер азаматтар жоқ емес, аз болса да бар. Солардың бірі – Мереке Әбілқасымов.
Мереке Шәйкенұлы Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес одағының алғашқы сутегі бомбасы сыналған 1953 жылы полигон түбіндегі Май ауылында дүниеге келді. Кузнецк металлургия комбинатына қарасты Май кенішінде еңбек жолын бастады. Әскери борышын өтеген соң Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітіріп, Май ауданында ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығы бойынша қызметтер атқарды. 1982 жылы Қазақстан компартиясы Май аудандық комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы лауазымына шақырылды. Кейін Қазан, Чапаев (қазіргі Саты ауылы) кеңшарлары партия комитеті хатшысы қызметіне жіберілді, компартия тарқайтын кезең: 1990-1992 жылдары облыстық партия комитетінің идеология бөлімінде нұсқаушы болып істеді. Бертін білімі мен қарым-қабылетін бизнес саласына жұмсады. Қайраткер азаматтың қысқаша еңбек жолы осындай. Әрине, туған ел мен туған жер тағдырларына, ұлттық мұрат-мүддеге, діни құндылықтарға бағышталған отаншылдық, ұлтшылдық, имандылық қасиеттерін айқындайтын іс-әрекеттері, қоғамдық белсенділігі оның не еңбек кітапшасында, не өмірбаянында көрсетілмеген, тек үзеңгілес серіктерінің, жолдас-жораларының жадында сақталған. Кеңестік қоғамда ел аузында «Ақмола көтерілісі» аталған оқиғаны Целиноград ауылшаруашылығы институтында Мереке Әбілқасымовпен бірге оқыған Әуез Темірбеков сияқты жолдастары ұмытқан жоқ. Ресейде 1941 жылы таратылған неміс автономиялы республикасының орнына 1979 жылы Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру, оның құрамына Целиноград (Ақмола), Қарағанды, Көкшетау, Павлодар облыстарының бес ауданын қосу, Ерейментау қаласын автономияның орталығына айналдыру жөнінде КОКП ОК Саяси бюросы мәселе көтерді. Осы жайтқа наразы болған студенттер мен жұмысшы жастар Целинноград қаласының орталық алаңына жиылып, “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясына жол жоқ!” деген ұранжазулар көтеріп, қарсылық көрсетті. Тіпті Кремльді айыптаған үндеу қабылдады! Абырой болғанда, Саяси бюро Ақмола оқиғасынан қолма-қол қорытынды шығарып, неміс автономиялы облысы жөніндегі жобаны жүзеге асырудан бас тартты. Сол алмағайып шақтарда Мереке Әбілқасымов бастаған студенттер ұйымдастырушы белсенділер қатарында жүрді! Әйтеуір, бұлар қудалау мен жазалаудан әупірімдеп аман қалды. Егер сол жастар дер кезінде нартәуекелге бел буып, қатердің алдын алмаса, алдымен неміс автономиясы, кейін ұйғыр, кәріс автономиялы облыстары құрылып, келешекте Қазақстанның ыдырауына алғышарт жасалуы мүмкін еді. Осы жолдардың авторы Арман Қанидың да жадында сақталған жайттар бар. 1989 жылы Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрғанда Павлодар облыстық партия комитетінің І хатшысы Ю.А. Мещеряков Семей ядролық сынақ полигонының басшысы, генерал-лейтенант А. Д. Ильенкомен жең ұшынан жалғасып, полигонның Павлодар аймағына экологиялық және медициналық тұрғыдан еш зияндығы жоқ деген көзқарасты ұстанды. Солай бола тұра, Чапаев кеңшары партия ұйымының хатшысы болып істейтін Мереке Әбілқасымов пен Қызыл құрама кеңшары (қазіргі Баскөл ауылы) партия ұйымының хатшысы болып істеген Қабиден Байғожин және басқа азаматтар І хатшының үзілді-кесілді қатал ұстанымына кереғар әрекеттерге барып, ауданда антиядролық митингілердің өткізілуіне мұрындық болды. Шындығында, бұл шақта облыстың бас партшенеунігінің беделі мейлінше құлдыраған болатын. Бұдан бұрынырақ, 1989 жылдың 25 ақпанында «Трактор жасаушылар» (қазіргі Естай атындағы) мәдениет сарайы алдында қоғам қайраткері Қабидолла Шәкәрімовтың ұйымдастыруымен трактор заводы өндірістік бірлестігі жұмысшылары І хатшының кадр саясатындағы, т.б. өрескел қателіктеріне байланысты наразылық митингісін өткізген еді. Ю.А. Мещеряковтың Алматының Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы қызметінде істеген 1986 жылы жұмысшылардан құрылған жасақшыларды арматура кесінділерімен қаруландырып, желтоқсаншы жастарға қарсы айдап салғаны Кереку қазақтарына мәлім болып, жергілікті халықтың оған деген жеккөрініш сезімі күшейе түскен-ді. Қоғам белсендісі, соғыс және еңбек ардагері Қаматай Батталов ақсақал Қазан революциясы мейрамы күнгі салтанатты жиында төрағадан рұқсат сұрамай-ақ мінберге көтеріліп, І хатшыны өткір сынға алды! Алайда өзіне қарсы шара дайындалып жатқанынан алдын ала хабардар болған Юрий Алексеевич мерекелік жиынға келмей қойды... Май ауданының орталығы Белогорье (қазіргі Көктөбе) ауылында өткен антиядролық митингінің қарарына «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Жеңіс Мардановтың және осы жолдар авторының ұсынысымен облыстық партия комитетінің І хатшысы Ю.А. Мещеряковқа және облыс атқару комитетінің төрағасы Ж. Ғ. Ысқақовқа сенімсіздік білдіру жөнінде тармақ енгізілді. Ақыры, сындарлы кезеңде «Невада-Семей» қозғалысы белсенділерімен ынтымақтаса әрекет еткен Мереке Әбілқасымов пен өзге азаматтардың ерлікке жетеғабыл еңбегінің нәтижесінде Май, Лебяжі, Баянауыл аудандары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шегуші аудандар санатына енгізілді, халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеру, денсаулығын жақсарту, экологияны сауықтыру жөнінде арнайы бағдарламалар қабылданды, он мыңдаған адам түрлі жеңілдіктерге, өтемақыға ие болды! Алматыдағы Қайырымдылық мекемелері басшысының орынбасары Миллетхан Сыдықанұлының да жадында сақталған жайттар бар екен. – 1994 жылы Түркиядан Керекуге келдім. Бір аста Мереке ағамызбен танысып, білісіп, түсінісіп, іле етене араласып кеттік. Ағайындары өткізген діни рәсімдерге шақырып, жұртшылыққа имандылық жөнінде уағыз айтуыма қолайлы жағдай жасап жүрді. 1995 жылы «Мұрагер» қайырымдылық мекемесін ашуға бел байладым. Бірақ орыс тілін білмеймін, соның салдарынан ісім алға баспай, ілгерілей алмадым. Әйтеуір, сәтін салғанда, Мереке Шәйкенұлы көмекке келіп, құжаттарымды реттеуге, түрлі кедергілерден өтуіме қолдау көрсетті. Нәтижесінде өзім, Елдырым Сүлеймен ұстаз және ғалым Қажыкен Қайдаров ағамыз құрылтайшы болып, қайырымдылық мекемесін аштық. Жұртшылық мекеме жанындағы ұлдар пансионаты мен қыздар пансионатын «Мұрагер» медреселері деп біледі. 1998 жылы облыс білім беру департаментіне жаңадан тағайындалған басшы З. П. Овчиникова маған қоңырау шалып: «Ертең таңғы 7-де сіздің мекемеге өзім барып, оқу ісі, тәрбие жұмыстарымен танысамын», – деді. Үнінен зіл сезіледі. Дереу Мереке Шәйкенұлына хабар бердім. «Айтылған уақытта пансионатқа мен де барам. Қожахметова Зара Қабдешқызын шақыр», – деді ол. Ертеңінде Зоя Петровнаның сұрақтарына екеуі алма-кезек жауап қайтарып, оған құзіретін пайдаланып, мінез көрсетуіне мүмкіндік бермей қойды. Сірә, соның нәтижесінде имандылық мекемесі білім беру департаменті тарапынан қандай да бір қысымшылыққа ұшыраған жоқ – деп, Миллетхан Сыдықанұлы өткен күндерді еске алады. Осы оқиғалар Әбілқасымов Мереке Шәйкенұлының да жадынан өшпеген шығар. Бірақ ол қоғамдық істерін біреулерге мақтаныш сезімімен айтқан емес және журналистерден өзін мадақтап жазуын өтінген жоқ. Сондай-ақ ел игілігіне арнаған еңбегін бұлдап мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға көз сатып, марапат тілеген емес. Мереке Шәйкенұлы қанына сіңген қарапайымдылық қасиетінен айнымай 2016 жылдың басында мынау фәни-жалғаннан мәңгілік бақиға аттанды. Соңында аяулы жары: Ғалия Ештайқызы, азамат балалары: Ақмарал, Жақсылық, Айжан және туған-туыстары мен жора-жолдастары қалды. Сондай-ақ қайраткер азаматтың жарқын жүзін, салмақты мінезін, ерлікке жетеғабыл еңбегін жадына тұтқан Ел ана қалды. Ол қазір бұл дүниедегі замандастарынан 40 күндік жерге алыстады... Алла Тағала Мереке марқұмның алдынан жарылқап, жан дүниесін шапағатты шұғыласына бөлесін деген тілегіміз қабыл болғай.
Арман Қани, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Невада-Семей» қозғалысының ардагері. Павлодар қаласы.
qazaquni.kz