Дулат Исабеков: Қазақ хандығының 550 жылдығы – саяси да, рухани ең орынды мерекелердің бірі
2015 ж. 09 қыркүйек
3033
27
Алматыда «Қазақ елі» анимациялық фильмі жайлы баспасөз мәслихаты болып өтті. Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін атап өту жалаң ұран емес, саяси жағынан да, рухани жағынан да ең орынды өтіп жатқан мерекелердің бірі екенін ерекше атады.
«Өткенді түгендеу керек. Тарихымыз жайлы бірнеше пікірлер бар. Балалардың миын қатырып жібердік. Отаныңды сүй дегенмен балалар сүйе қоймайды. Ол үшін тарихымызды балаларымыздың көз алдынан өткізуіміз керек. Мына «САҚ» киностудиясының жарнамасын көріп сүйсіндім. Сценарийін күні кешеге дейін талқыладық» - деді Дулат Исабеков.
«Қазақтың тарихын көрсету кезінде киіз үймен ғана шектеліп қаламыз. Орта ғасырларда қазақ жерінде өте ірі қалалар болған. Отырардағы кітапхананы алсақ, әлемдегі ең ірі кітапхана болған. Мультфильмде үлкен сарайларды, елшіліктерді қабылдап жатқанын көрсетеміз. Бұл дүние балаларға арналып жасалған соң кішкентайларды жалықтырып алмас үшін қызықты юмор келтірілген», - деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.
Жаңа мультфильм 1456-1465 жылдар аралығындағы Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін көрсетеді. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында фильмде Керей мен Жәнібектің бала кездерінде бастарынан өткен қызықты оқиғалар да қамтылған.
Зейнолла Қабиоллаұлы
"Қазақ үні" газеті