КҮТЕДІ ОЛАР ЖЕҢІС КҮНІН ЖЫЛ САЙЫН!..
2015 ж. 05 мамыр
6841
1
Айналғандай айықпас бір елеске,
Кешегі күн көз алдында, бәрі есте.
Жиырмаға жетпей ару жесір қап,
Жетім қалған нәресте.
Жесірлердің жас боп аққан зар-мұңын,
Сіңірген жер кептірмейді тандырын.
Көзі ілінсе үміт түртіп, оятып,
Жол қараумен өткізді олар әр күнін.
Қара жұмыс қажытса да шыдаған,
Қалт етсе қалтарыста жылаған.
Алқара түн азабымен алысып,
Ада болған арбауы мол күнәдан.
Қара қағаз қан шығармас дерт еді,
Қаншама үйдің шаңырағын өртеді.
Әлсіз шырақ өліарада өшпесе –
Сақтап қалған сенімі мол ертеңі.
Сол бір күнді аңсады олар шуақты.
Сол күн үшін жұмсады бар қуатты.
Барлығының күткендері батыстан –
Жеңіс күні жетіп келер сияқты.
Артқа тастап, талай ауыр жылыңды.
Қараша үйлер қайырыммен жылынды.
Қажыры мол келіншектер кешегі,
Әжімі мол әжелер ғой бүгінгі.
Әжелердің үміт толы жанары
Жеңіс күні бір жасаурап қалады.
Көп ішінен күткендерін іздейді,
Өтіп жатса, бүгінгі күн парады.
Қимастары қойсадағы түк келмей,
Сенімдері уақытты жүк көрмей,
Күтеді олар Жеңіс күнін жыл сайын,
Сол баяғы Жеңіс күнін күткендей!..
Қазыбек ИСА
1990 жыл
"Қазақ үні" газеті