ӘУЛИЕ БАБАЛАРЫҢНЫҢ ШАПАҒАТЫНДА БОЛ, КӨПЕН!
2023 ж. 07 ақпан
1899
0
Бисмиллай Рахмани Рахим!
Көпенмен алғаш 1966 жылы Алматыда ұшырастық. КазГУ-де оқуға ниет етіп келгенде қазіргі Масанчи көшесіндегі жатаққананың төменгі қабатындағы бір бөлмесі армиядан оралған Қайырбек Асанов пен сол жылы мектеп бітірген Төлеген Мұқаев, Ғалым Сабыржанов, Көпен Әмірбеков бесеумізге бұйырды. Ішіміздегі қол бала кішкентайымыз Көпен еді. Сүйкімді болған соң «Бос такси» атап, көзін көкшитіп, көбірек жұмсайтынбыз. Елгезек көрінді. Алғаш жағдай сұрасып мектепті қалай бітіргеніміз туралы әңгіме болып жатқан кезде, Төлегеннен:
– Сенің бағаң қандай? – дегенде;
– Бір төртте жоқ, – деп қалды. Сол кезде Көпен ішегін тартып:
– Бәрі үш пе?! – дегені ғой.
Сөйтсек, Төлегеніміздің аттестаты түгел бестік...
Содан елден ақын боламыз деп армандап келген бесеуміз «Лениншіл жасқа» өлеңдерімізді бірге алып бардық. Редакция Қайырбек, Төлеген және менің өлеңімді «Өлеңнің қақтым есігін!» деген айдармен топтастырып беріп, үшеумізге сәт сапар тіледі. Төбеміз көкке жеткен сол қуанышымызды қазір де тілмен жеткізу қиын. Ол кезде «Лениншіл жастан» сәт сапар алу ақындық құжат алғанмен бірдей көрінген бізге. Жатқан жатақханамыз түгілі Алматының кең көшесіне сыймай жүрдік. Содан Төлеген іштей, мен сырттай оқуға түстік...
1975 жылы мен Жаңақорған аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып жүрген кезімде бірінші хатшы Ахметжан Жанпейісов шақыртып жатыр деген соң, бөлмесіне кірсем:
– Әй, бала, «Ара» журналынан Көпен келе жатыр... Әмірбеков. Қайдан танушы едің, елден ерек сені сұрап жатыр. Менен сұхбат аламын дейді. Қазір жет, вертолет сенің үйіңнің маңына қонып, кідірмей қайтып ұшып кетеді, бар да күтіп ал, шығарып салғанша жанында боласың, – деді.
Ой, шіркін, «Араның» абыройы-ай! «Ара» ғана емес, жалпы сол кезде баспасөздің беделі мен мысы басым кез болатын. Баспасөз сынына ілігу, оның ішінде «Арада» көріну...
Хатшымыз айтқандай ақ, Жаңақорғанның шығысында жаңадан салынған біздің үйдің жанына елден ерек шаңын бұрқыратып тікұшақ қонды, ішінен Көпенім түсті. Құшақтаса кеттік. Алдымен біздің үйге кіріп, анамның қолын алған Көпен бір кесе айранды сіміріп салды да, «Көпен келе жатыр» деген сөзді айтқан хатшымыздың сөзін қайталап, «аузының дұғасы бар азамат шығар, менің ойымнан шықпай айтып жүрген сөзді қайталапты ғой...» деп күтіп отырған хатшыға асықты. Білгенім – Қызылордаға Сырдария жағалауына орналасқан Түгіскен массивін суландыру жайымен келген сапарын аяқтап, қайтарында маған жолығып, одан әрі туған жері Шәуілдірге соға кетпек екен...
Дәл сол кезде мен де облыс көлеміндегі партия-кеңес қызметкерлері арасында «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанып, арнайы қаулымен «Москвич-412» автокөлігіне иелік етіп, жас көңілім алып ұшып, шабыт құшағында жүрген едім. «Көпен келе жатыр» деп Жаңақорғанды дүрліктірген Көпенмен екі күн Түркістан мен Кентауды бірге аралап бой жаздық. Түркістандағы «Жауғашты» базарының иесі, марқұм журналист Нұри Муфтаховтың жан досы Әбіләш Айдарбековтің үйінде арнайы қонақ болдық. Ол кезде көліктер аз, үлкен жолдар машиналардан бостау кез ғой. Шәуілдірге бара жатқанда «Москвич» спидометрі 145-тен асып бара жатқанын көрген Көпен:
– Екпініңді пәсейт, мынадай шапшаңдықта машинаңды жаман жол лақтырып тастаса, барар жерімізді таппай қалармыз, – деп иығымнан басты.
– Ау, «Көпен келе жатыр» деп бәрімізді дүрліктірген жан да осылай үрейлене ме екен деп өз әбестігімді жуып-шайып, екпінімді басып, туған ауылы Шәуілдірге бірақ жеткізіп салғаным есіме түсіп отыр...
Содан, 1981 жылы орда бұзар отыз жасымда жеті баламды жетектеп Алматыға көшіп келгенде алғаш Жүрсін Ерманов екеуімізді бала-шағамызбен Көпеннің отбасы қонақ етіп қарсы алып еді. Содан бастап қызмет бабында араластығымыз болмаса да, отбасылық ара-қатынасымыз үзілмеді.
...Қай бір жылы Көпен бастаған туыстары, мүрдесі Созақтағы Қарабура әулиенің жанына орналасқан, Қоңырат Құрбан Ата әулиеге арнап құдайы ас берді. Құдайы ас! Асқа батысы қырғыз, қарақалпақ, шығысы қытай елінен арнайы шақырылған атақ-даңқы дардай біраз зиялы қауым қатысты. Төрдің төбесінде өзіміздің Өмірбек Бәйгелді, Ғарифолла Есім сияқты азаматтарымыз да отырды. Аста асабалық жасаған Көпекең аруақтар жебеді ме, аяқ астынан қырғыз елінен келген мәртебелі меймандардан соң маған сөз берді. Әлбетте, дін ұстанған жандардың ондай жерде арқасы көтеріледі. Мен де солай көтеріліп, әулие деген кім, құдайы ас деген не, асқа келген адамдар Қара бура мен Қоңырат Құрбан Ата әулие туралы не біліп, не түйіп қайтуы керектігі жайында білгенімді айтып, соңынан бұдан былайғы кезде мұндай мәдени іс-шара аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өтіп, аста әулиелер жатқан мазарда құран ғана оқылып, елді имандылыққа шақырған зікірлер салынуын ортаға тастадым. Сол күнге белгіленген рәсім күн батқанша өтті де, күн батқан соң кешегі қазақтың астанасы болған кәрі Созақ аспанын аудандық Мәдениет үйінен шырқалған өзбек ағайынның әшуләсі тербеп тұрғанын естігенде жанымызға жай түскендей күй кештік...
Халық жастар есебімен өседі ғой. Бақсақ, Созағымыз соңғы он-он бес жыл көлемінде жергілікті жастар есебінен өсуде елге үлгі болудың онына түрмеге тоғытылған жастарының көптігімен көзге түсіпті. Базарларда, сауда орталықтарында, көше көшелерде болымсыз тірлік жасап, алыпсатарлар мен саудагерлерге «крыша» болғанды дәреже көрген ақыл тоқтатпаған, имани тәрбиесі жұтаң жастарымыз, өздерімен өздері төбелесіп, қырқысып, жастық өмірлерінің тамырларына балта шауып келген. Бұл мәселенің алдын алумен айналысуға тиісті діни қызметкерлер, ойланып өрелі тірлік жасамаған, заң қызметкерлері жастарды түрмеге тоғытқандарына мәз болған. Осыдан келіп ауылдағы жастар есебінен өсуге тиісті жастарымыздың жанұялары бастарына өздері тілеп алған тауқыметпен, көбеймек түгілі ала дорбаларын арқалап бордай тозып кетіпті. Осы қасіреттен Созақтағы әр отбасында өмірге келуге тиісті қаншама сәби дүниеге келмей, тіпті, қаншама жас ұрпақсыз қалған. Елдімекен демографиялық дертке ұшыраған. Астан оралған соң, осы бір дертті жағдайды Елбасы атына еркін әңгіме ретінде жазып, «Төртінші билік» газетінде жариялап, шара көруін өтініш еткенмін.
Осыдан соң Жаңақорған ауданында, кезінде «Көктік» аталынған, көк періштелері жиі ұшып қонатын қасиетті «Хорасан Атада» Көпен екеуміз Алматыда кездескеніміздің елу жылдығын еске алғанымыз бар. Бұл мазарда әулие Қара бураның қызы, Құрбан Ата әулиенің бәйбішесі Жансая жерленген. Бұл жер – Жаманбайдың інісі Жаулыбайдың баласы Алақайдың жаз жайлауы болған жай. Әкесінің інісі сол Алақай балалы болмай жүргенде Құрбанның: «Ей, Алла, Алақайға бала бер, бала бер де менің жанымды ала бер» деп берген батасымен өсіп өнген. Осы жерде Құрбан Ата туралы тағы да біраз әңгімелесіп, сол әңгіме желісімен мен «Қоңырат – Құрбан Ата әулие». (Әулиенің ұрпағы жазушы Көпен Әмірбекке Хат) деген тақырыппен мақала жазып, Астанада жарық көретін «Төртінші билік» газетіне бастырып, жауабын берерсің деп газетті қолына ұстатып кеткенмін. Онда Құрбан Ата тарихын қайта зерттеу мен бірге қазақ топырағындағы рухани қасиетті жерлер мен басқа да әулиелер тарихын жазудағы имани мәселе көтерілген болатын...
Көпенмен өмірден озардан бір ай бұрын телефон арқылы хабарлассам дауысы солғын естілді. Сөйтсем бір-екі операцияға түсіп шыққанын айтты. Пышаққа түсу оңай шаруа ма. Сасқанымнан:
– Анау Құлбек хабарласты ма, хабарласса айтар еді ғой маған, – дедім сасқанымнан. Әкесінің туған інісі Құлбекті ауылдан алдырып қалай тәрбиелегені көз алдымызда өтті ғой. Операция жасап жатқан кезде қасында болмапты. Іле бауырыма телефон шалып: «Келіндердің кезегінен қолың тимей жатыр ма, неге бармадың?..» деп ағалық базынамен біраз сілкілеп алдым. Сөйттім де, әйелімді ертіп тікұшақпен Астанаға жеттім. Көпенмен бақиласып қалдым.
Біз осы бақиласуға мән бере бермейміз. Мұсылман жолында үйіңнен шығып бара жатқанда, шаңырағыңдағылармен қоштасып шық, оралғанда Ассаламу-уа-алейкум деп қайта амандасып кір дейді. Адам өмірі – дем. Демге сенім жоқ. Жұтсаң барсың, жұтпасаң жоқсың.
Көпен ешкіммен хабарласқанды көңілі қаламай, қараңғы бөлмеде бір өзі жатыр екен. Көңілдің қошы болмаса кім де болса қажиды ғой. Есікті өзі ашты. Құшақтасып амандасып мауық басыстық. Келем деп айтқан курстасы Бейсембайды да (Сүлейменов) күтіп отырғанын айтты. Арада айтылған әңгімеден тыс іштей ұғысқан қаншама әңгімелер кетті. Қоштасар сәтте:
– Ей, достым, бұл жалғаннан кім аман қалар дейсің. Жетпіске жеткен де бар, жетпеген де бар, бәріне тәуба шүкіршілік қой, жалғанға өкпем жоқ. Қартайғанда жұбаныш қылып бір тентек ұл беріп еді. Тәңірім, соны жеткізіп кетсем бе деп едім, оған да Алланың жазған тағдыры тұрған шығар... Ал енді, мен сенің газеттегі жазған Хатыңа жауап бере алмадым. Тарихта аты өшпеген тұлғалар мен ру атын алған аталардың бәрі әулие ғой. Нағыз сопылар «Өлмей тұрып өл» деп зарлап өткен шығыс шайырларын біз терең түсінбеген екенбіз. Екі өмірдің есігін ашып тіршілік жасаған Йассауиді де іліми түсіндіретіндер болмапты. Әулие туралы айту Аллаға жақындастырады. «Алладан – жол, пайғамбарлар мен әулиелерден – шапағат» мәнін қу тіршілікпен жүріп кім ұққан? Ұғуға үлкен дайындық, терең сезім керек екен. Осы жолға кеш те болса кірісіп едім, кірісіп Құрбан Атамнан да әрі кетіп, түп атамыз Нағанайдың Өзбекстандағы жатқан жеріне зиараттап, ескерткішін Түркістанға орнатуға, қоңыраттың ұраны болған Алатау батыр бабамыздың Мұрынғарақтағы мазарына зияраттап, басында ұйымдастырылған ғылыми конференцияға қатысып, біраз іс-шараға мұрындық бола бастап едім, бірақ кешігіп қалыппын. Сенің маған жазған Хатыңды өзім құрастырған мына «Ататарих» кітабына үтірін өзгертпей енгіздім деп, қолыма «Курсив» баспасынан жарық көрген үлкен қызыл кітапты табыстады. Жастар шығып жатыр ғой, мен саған жазбаған жауапты солар жазар... Өзің айтпақшы, Алланы мойындау мен сезініп мойындаудың жер мен көктей айырмашылығы барлығын мен соңғы жылдары ғана ұғындым. Құдай көре білер көзге көрсетіп-ақ қойып жүреді екен ғой. «Дінсіз патша патша емес, ол – апат, ол – қасірет»- деп кезінде Қожа Ахмет бабамызға арнап ғажайып құтқана мешітін салдырған Әмір Темірдің сол мешітке қалдырған кепілдік өсиетін (Вакуф) өзі аударған Өзбекәлі ағамыз Орталық комитеттің хатшысы, Мәдениет министрі болып жүріп-ақ аталынған жәдігерді қалпына келтіріп, ел ризығы Тайқазанды Эрмитаждан қайтаруда қаншама қыруар қызмет атқарды. Отырардағы Арыстанбаб мешітін мемлекет қамқорлығына алдыртты, өмірден өткенде өз аманатымен сол әулие бабасының шапағатын тілеп жанынан жай тапты. Жақында барып қайттым, Өмірзақ Айтбаев ағамызды да сол жерге жанына жайғастырдық. Бұйыртса әулие бабамыздың шапағатын тілеп мен де сол жерден жай тауып жатамын ба деп келдім. Сол ниетім іске асып жатса, батыс пен орысқа еліктеп, діннен алшақтап қалған елімді жатысымның өзі дінге шақырып жатқан тірлігім болар еді... Өтіп бара жатқан күндер...
Иә, Көпен, өзің айтпақшы, кім қалар дейсің бұл жалғаннан, Алла алдыңнан жарылқасын, Құдайдан – жол, әулие бабаларынан – шапағат тілеп, олардың жанынан жай тауып, сол жатысымен бәрімізді Аллаға жақындатып кеткен бауырым. Бұл жазғаным бағыштаған дұғам болсын, Алла қабыл етсін...
Досың Бақтыбай АЙНАБЕКОВ
qazaquni.kz