Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш ашылды
2020 ж. 22 желтоқсан
2815
0
2020 жылы 15 тамызда қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл болды. 2020 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында Шәмші Қалдаяқовқа түгел түрік әлемінің ордасы Түркістанда еңселі ескерткіш ашылды! Осы мерекелі шараға Алматыдан шыққан «Шәмші Қалдаяқов» арнаулы пойызына отырған қаламгерлер мен өнер қайраткерлерін алдымен Арыс қаласына аялдады. Шәмші әндерімен қарсы алған арыстықтарды қала әкімі Мұрат Қадырбек бастап шығыпты. Зиялы қауым өкілдері апаттан кейін қайта жаңартылған 1904 жылы салынған вокзалды аралады.
Содан соң Шәмші Қалдаяқовтың туып-өскен жері Шәуілдірдегі ашылған "Шәмші үйіне" ат басын тіреді. Мұнда қаламгерлер мен өнер қайраткерлерін Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов қарсы алды. «Шәмші үйі» сол баяғы ұлы композитордың балалық шағы өткендегі қалпын сақтап салынғандықтан, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Одан кейін зиялы қауым өкілдері киелі Арыстан бап кесенесіне зиярат етіп, одан әрі Түркістанға жол тартты. Рухани астанадаға табан тіреген шығармашылық иелерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов күтіп алды.
Қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай Тәуесіздік күнінің қарсаңында киелі Түркістанның төрінде ән патшасына арналған ескерткіш ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Шәмшінің қарындасы Райхан Қалдаяққызы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, ақын, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері және «Парасат» ордені иегері Қазыбек Иса, сазгер, шәмшітанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманалиев, Алматыдан «Ш.Қалдаяқов» поезымен арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
«Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарындарды сыйлаған киелі мекен. Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королы атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр», – деді облыс әкімі.
Қоладан құйылған еңселі ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр, ұзындығы – 3,5 метрді құрайды. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинашев. Ескерткіш жасалуына демеушілер дің қолдау көрсеткенін атап өтуіміз керек.
Ескерткіште Қалдаяқовтың шығармашылық ой үстінде отырған сәті бейнеленген.
Ер түріктің бесігі атанған қасиетті мекенде ашылған ескерткіш қазақ руханиятының дамуына қосылған ерекше үлес болмақ. Түркістанның түлеуі жолындағы игі істер алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың мәдени мұрасына елімізде ерекше назар аударылуда. 1992 жылдан бастап жыл сайын республикалық конкурс-фестиваль өткізіліп келеді. Ол Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән фестиваліне айналды.
Бүкіл қазақ бұрында да орнынан тік тұрып шырқайтын «Менің Қазақстаным» әні әнұранға айналды.
Бір сөзбен айтқанда Шәмші әнін білмейтін қазақ жоқ! Шәмші әндерінсіз той өтпейді.
ӘН ПАТШАСЫ
Шәмші Қалдаяқовқа
Жолықсаң да өмірдің қандайына,
Татымады қу тірлік таңдайыңа.
Отырардан басталған ұлы сапар,
Ән жолдарын салыпты маңдайыңа.
Тырналардай көктегі тізілді өлең,
Жүз жылдық мұң жатыр ғой жүзіңде ерен…
Жанарыңның жазуын жасырады,
Темекіңнің түтіні үзілмеген…
Асулардан әнменен асу үлгі,
Түсінбеді тасырлар тасуыңды.
Ащысынан тірліктің ашынғанда,
Ащы судан алар ең ашуыңды…
Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады…
Махаббаттың мәңгілік жасыл бағы,
Сыр сұлуы сырын еш жасырмады…
Ақ бантикті ұмытқан Ақмаңдайға,
Ақ жаңбырдай сезімің басылмады…
Мың бұлағы Тамдының шапқылап бар,
Құйылады кеудеңе атқылап нәр.
Ақ еркенің ақ қанат арманымен
Ақ Жайыққа айналар ақ бұлақтар…
Ықыласын жүрсең де көріп көптің,
Жалғыздықты жаныңа серік те еттің…
Сыймай кеткен кезінде ел ішіне
Сыған қызбен сырласып, еріп кеттің…
Ақсұңқарға өзіңді балады ма,
Ғашық етті Қаракөз жанарына.
Іздеп өттің қаланы, даланы да…
Теріс мінез танытсаң қоғамыңа,
Теріскейдің тербелдің самалына…
Көкжиекке көгілдір көш кеткенде,
Көңіл ауып, қосылдым кештеп мен де…
Өмір – өзен…
Қайығын есіп келем,
Ес кеткенде айырылып ескектен де…
Көрікті әнің көп жерді көркем еткен,
Келем туған ауылға еркелеп мен.
Кейде сенің әніңе елтігенде,
Сөйлесемін Анаммен ерте кеткен…
Алаңсыз күн алыстап бар әдемі,
Сансыратты тағдырдың сан әлегі…
Қарапайым жер басып жүргізе ме,
Әуелетіп әкетті ән әлемі…
Айналдырып жібердің елді өлеңге,
Ұлылығын өнердің көрді әлем де…
Ән патшасы бәрінен биік болып
Ел патшасы еріксіз ерді әуенге…
Талантыңа талай ел таңдай қағып,
Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып…
Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,
Есімің де кетті ғой әнге айналып…
Жасыра алар өмірдің кім шындығын,
Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын…
Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде
Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін…
Жағасында Арыстың отырар кім?
Ойындасың жүректе оты бардың.
Оралдың ғой ән болып туған жерге
Тарқамайды тойы енді Отырардың!..
Қазыбек ИСА
2015 жыл
qazaquni.kz
: