Қазақша сұраққа қазақша жауап бермеген Білім министрлігінің қызметкері қатаң сөгіс алды
2018 ж. 22 шілде
4791
0
Кеше Астанада Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Қаралған тәртіптік істердің бірі Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметоваға қатысты болды.
Аталмыш мәселеге қатысты "Қазақ үні" порталында "ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТКЕРІҢІЗДІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫҢЫЗ, министр мырза!" атты мақала жарияланып, оны 15 мыңға жуық адам оқыған еді.
Еске сала кетсек, осы жылдың 9 ақпаны күні Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының тұрғыны Айман Сағидоллаева мұғалімдер жалақысына қатысты сұрақтар туындаған соң аталмыш министрліктің жоғарыда көрсетілген департаментіне қоңырау шалған. Телефон тұтқасын Жанар Рахметова көтеріп, орысша жауап берген. А.Сағидоллаева орысша түсінбейтінін айтып, қазақша сөйлеуін немесе тұтқаны ана тілімізде сөйлей алатындарға беруін сұрады.
Бұл өтінішке Ж.Рахметова: «Я не говорю по казахский. Почему вы не разговариваете на английском или на испанском? У нас трехязычие если что» деп жауап берген. А.Сағидоллаева мемлекеттік тілде берілген сұрағына мемлекеттік тілде жауап ала алмаған соң, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атына хат жолдаған.
Онда жағдайды баяндай келіп, өзінің азаматтық және конституциялық құқығы бұзылғанын жазған. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру туралы Елбасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығын, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңының тиісті баптарын келтірген. Атап айтқанда, 11-бапта «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi» деп жазылса, 24-бапта «…Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен азаматтардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде қызмет атқарылатын салада олардың қолданылуына кез келген кедергi келтiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
Осыдан соң министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі Ерік Айдабулин жауапты хатшының міндетін атқарушы Арын Өрсариевтің атына аталған іс бойынша персоналды басқару қызметіне қызметтік тексеріс жүргізуді тапсыру қажеттігі жайында хат жолдайды. А.Өрсариев тиісті шешім шығарып, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу жөніндегі комиссияның құрамы бекітіледі.
Тәртіптік комиссия отырысынан соң тексеру материалдары Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп бойынша комиссиясының қарауына жіберілді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің сарапшысы А.Наурызбаев 4 шілде күні қызметтік тексерудің қорытындысын шығарған. Онда Ж.Рахметова Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі 5-тармағының 1, 2 және 7-тармақшаларын сақтамағаны туралы белгілер байқалғаны жазылып, тиісті материалдарды Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясының қарауына шығару туралы шешім шықты.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясының отырысын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов жүргізіп отырды. А.Наурызбаев жағдайды баяндаған соң, сөз кезегі Ж.Рахметоваға берілді. Ол кінәсін толығымен мойындады.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдағанда кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселелеріне де тоқталды. Комиссия мүшелері Елбасы мемлекеттік қызметшілердің халықпен сөйлесе алмайтынына бірнеше мәрте назар аударғанын еске алды. Жалпы, Ж.Рахметованың әрекеті, тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметке көлеңке түсіргенін айтты. Комиссия мүшесі «Я не говорю по казахский» деп жауап беріп, мемлекеттік тілді білмейтініңізді мақтаныш көресіз бе?» деген сұрақ қойды. Оған Ж.Рахметова жауап бере алмады.
Аталмыш мәселе Білім және ғылым министрлігінің өз ішінде неге шешілмеді десек, жауапкердің лауазымына байланысты бұл іс республикалық Әдеп комиссиясында қаралуы тиіс екен. Қызметкер алғашқы мәрте жауапқа тартылғандықтан да жаза ретінде ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс тағайындалады. Комиссия мүшелері Ж.Рахметоваға ең жоғары жазаны – қатаң сөгіс беруді бірауыздан қолдады.
Аманғали Қалжанов, Дереккөз: "Астана ақшамы"