«Ғалымдардың көңілдегі мәселесін дөп басты»: Академик «Ақ жолға» алғыс айтты
2021 ж. 25 қараша
2240
0
«Ақ жол» сауалынан кейін ғалымдарға бірқатар жеңілдіктер мен қолдау шаралары енгізілгені туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі бұған дейін хабарлаған болатын.
ҚР БҒМ «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына берген ресми жауабынан ғылыми гранттар бойынша аралық есептер алынып тасталды, ғалымдардың жалақысы базалық қаржыландыруға енгізілді, ғылыми жобалардың мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды, ҰҒК шешімдерінің апелляция институты енгізіліп жатқаны белгілі болған.
«Ақжолдықтар» өз сауалдарында ғалымдардың жалақысы мәселесін де көтерді.
«Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру едәуір өскеніне қарамастан, ЖОО жанындағы ҒЗИ ғалымдарының жалақысы 2006 жылдан бері өзгерген жоқ. Жоғары оқу орындарының басшылығы ғалымдардың ғылыми жобалар бойынша ақша табуға мүмкіндігі бар деп санайды», - деп атап өтілді сауалда.
Жауаптан ғалымдардың еңбекақысы базалық қаржыландыру шығыстарына қосылатыны, іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар үшін ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі енгізілетіні және ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі бес жылға дейін арттырылатыны белгілі болды.
Осыған байланысты «Қазақ үні» ақпарат агенттігі - ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің пікірін білген болатын.
Академик өз сөзінде ғылымды дамыту тетіктері тиянақталғанын айтып, «Ақ жол» фракциясы депутаттарына алғыс білдірді.
- ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ғылымды дамыту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Гуманитарлық саладағы, атап айтқанда тіл, әдебиет, тарих, археология, философия т.б. ғылыми- зерттеу институттарының ғалымдарының жалақысын базалық қаржыландыру негізінде қарастыру туралы тапсырмасын ғылыми қауымдастық жылы қабылдады. Сондай- ақ іргелі зерттеулер жүргізу үшін жетекші ғалымдарға конкурстан тыс мемлекеттік тапсырыс арқылы гранттар бөлу тетіктері жүзеге асырылатын болды. Гранттар мерзімін 5 жылға ұзарту да толыққанды ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп, уақытты шектеуден босату арқылы ғылыми жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ететін болды. Сонымен бірге, толып жатқан есеп беру құжаттарын оңтайландыру да оңды шешім болғанын айтуымыз керек. Ұлттық ғылыми кеңестің шешімдеріне шағым түсіру нормасының енгізілуі - ел экономикасын дамытуға үлесі мол ғылыми еңбектерді қаржыландырудың шынайылығы мен ашықтығына қол жеткізудің төте жолы болмақ.
Жалпы, Білім және ғылым министрлігі Президенттің “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымын жүзеге асырып, қысқа мерзімде заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз еткенін ерекше атап өткеніміз абзал.
Ғалымдар тарапынан қосымша түсіп жатқан ұсыныстарды құзырлы орган қаперіне алып, зерделеу жүргізеді деген сеніміміз мол. Реті келгенде, ғылыми көпшіліктің көңіліндегісін дөп басып, мәселенің мән жайын түсіндіруде қоғамдық ой қозғаған “Ақ жол” партиясының фракция мүшелеріне ғылыми жұртшылықтың ризашылығын жеткізгіміз келеді, - деді академик К. Құрманәлиев.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні