Тоқаев: Жер мәселесіне қатысты түбегейлі шешім қабылдануы тиіс
2021 ж. 26 қаңтар
1421
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
«Ауыл шаруашылығын дамыту барысында жер қатынастары маңызды рөл атқаратыны белгілі. Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай жер жөніндегі комиссияның жұмысын жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануы тиіс. Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Еске сала кетсек, бұған дейін ақжолдық Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жер мәселесіне қатысты мораторийдің мерзімі аяқталып қалғанын, сондықтан жер мәселесіне нүкте қою керектігін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын.
"Ақ жол" партиясының депутаттық сауалында: "Біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жер мәселесіне қатысты ұстанымын толық қолдай отырып және мораторий мерзімінің аяқталуын ескеріп, жер заңнамасына жедел түрде тиісті түзетулер енгізу қажет деп санаймыз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» партиясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керек деп санайды"-деп атап көрсетілген болатын. «Ақ жол» партиясы Үкіметтің жанындағы Жер жөніндегі комиссияға шетелдік компаниялар мен азаматтарына жерді сатуға, сондай-ақ, Қазақстанмен шекаралас шет мемлекеттер мен олардың азаматтарына жерді жалға беруге тыйым салу туралы ұсыныстарын жолдаған еді, бірақ белгісіз себептермен, Комиссияның қорытынды Хаттамасына енгізілмей қалды. https://qazaquni.kz/kogam/155054-zher-turaly-moratoriy-aiaqtaluga-zhaqyn