Жер туралы мораторий аяқталуға жақын. Депутат дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов 2021 жыл жер туралы мораторийдың аяқталатына байланысты үкімет басшысына сауал жолдады, - деп хабарлайды "Қазақ үні".

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

А. Ұ. Маминге

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Ежелден қазақ үшін жер дауы ерекше назарда болғаны анық. Осы мәселеге қатысты Алаш арысы Ә. Бөкейханов: «... Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты, тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң», - десе, ұлт ұстазы А. Байтұрсынов «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі ия өлі болу мәселесі» деген болатын.

Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының зары бүгінде де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Баршаңызға белгілі, 2016 жылы елімізде резонанс туғызған митингілерден кейін, Елбасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізген.

Бүгінде осы мораторийдің аяқталуына санаулы уақыт қалды. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жер жұмыс істейтін адамдарға берілуі тиіс. Жер өндірістің басты факторы, тиімділік пен ашықтық болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. 2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий аяқталады. Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл туралы Парламент депутаттары, саяси партиялар, қоғам ой қосады деп үміттенемін», - деп, Үкіметке нақты тапсырма берген.

Осы бес жыл ішінде болған өткір қоғамдық пікірталас халықтың жер мәселесі бойынша нақты көзқарасы қалыптасқанын көрсетті. Бірақ, бұл елдің жерге деген пікірі әлі заңдастырылған жоқ.

«Ақ жол» партиясы Үкіметтің жанындағы Жер жөніндегі комиссияға шетелдік компаниялар мен азаматтарына жерді сатуға, сондай-ақ, Қазақстанмен шекаралас шет мемлекеттер мен олардың азаматтарына жерді жалға беруге тыйым салу туралы ұсыныстарын жолдаған еді, бірақ белгісіз себептермен, Комиссияның қорытынды Хаттамасына енгізілмей қалды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Саяси бағдарламасындағы бұл ұсыныстарды өткен жылдың 30 желтоқсанында «Хабар» телеарнасында болған сайлауалды дебаттарда да партия Төрағасы нақты баяндаған болатын.

Біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жер мәселесіне қатысты ұстанымын толық қолдай отырып және мораторий мерзімінің аяқталуын ескеріп, жер заңнамасына жедел түрде тиісті түзетулер енгізу қажет деп санайды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» партиясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керек деп санайды.

Ұсынысымыз қабылданбаған жағдайда, «Ақ жол» партиясы Жер кодексіне өз тарапынан өзгерістер енгізуге дайын екендігін білдіреді.

Құрметпен,

«Ақ жол» партиясы фракциясының

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісіндегі

депутаттары