Азамат Тасқараұлы: ҚАЗАҚТЫҢ МИНИСТРІ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАУЫ КЕРЕК
2020 ж. 15 желтоқсан
5789
6
Әлеуметтік желіде Алматы қаласында орыстың князі Александр Невскийге ескерткіш орнатылатыны туралы ақпарат кең талқыланып жатыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау туралы айтып халықтың рухын көтергені кеше ғана сияқты еді, бүгін қазақтың министрі Райымқұлова орыстың қолбасшысы болған Невскийдің 800 жылдығы аталып өтетінін талқылап тастапты.
Астана метрополитімен кездесу барысында орыс кінәзіне Алматыда ескерткіш орнату мен 800 жылдығын атап өту мәселесі талқыланғаны туралы БАҚ біткен жарыса жазып жатыр. Тіпті, метрополияның да ресми сайтында жарияланды.
«Апама жездем сай» демекші, бұл кездесу де тарихи сауатсыздықтан басталғанын айтпасқа болмайды.
Біріншіден, БАҚ-та жарияланған хабарларда «Невский білікті саясаткер еді, ол Алтын Орда секілді күрделі көршісімен соғысып ғана емес, келісім тауып та отырған» деген цитаталарды оқып қалдық.
Екіншісі, метрополиттің «Невскийдің идеялары Елбасы мен Қазақстан Президентінің саясатымен сай келеді» деп, тіпті, ақылға қонбайтын сөз айтуы.
Тарихқа үңілсек, орыстың кінәзі қазақ жеріне кемінде төрт рет келгені туралы деректер кездеседі. 1247 жылы Невский Бату ханға тағзым ете келіп, ағасы Андрей екеуі Ордада екі жыл жатқан. Бату өз жоспары бойынша Киев пен Новгород кінәздігіне осы Александарды басқарушы қылған. Тақ үшін таласта бұл орда әскерінің көмегімен өзінің екі ағасы Андрей мен Ярославтың да тас-талқанын шығарып, бірін Швецияға, бірін Псковқа ығыстырып шығарған.
Тіпті, орыстың тарихи деректерінің өзінде Невский 1258-ші жылы Ұлақшы ханға бас ие келіп, Новгород халқын салық төлеуге келістіргені туралы есеп бергендігі айтылады.
Бұл нені білдіреді? Яғни, Невский Алтын Ордаға салық төлеп, Жошы ұлысына «жарапазан» айтып жүрген кінәз ғана екендігін дәлелдейді.
Екінші мәселеге келсек, Невскийдің қай идеясы Елбасы немесе Мемлекет басшысының саясатымен сай келетінін мен түсінбеймін. Салық төлемегеннің көзін ойып, табанын тілген басшы болғаны, қос ағасына қарсы жорыққа шыққаны, батыстағы көршілеріне ұдайы шүйлігіп, ордалық әскерге арқа сүйеп арманына жеткені туралы да жазылады. Бұл тарихи фактілердің қайсысы Елбасы Н. Назарбаевтың немесе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясымен сай келеді? «Абылайдың арман-мұратымен сай келеді» десе бір жөн...
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің көк туын асқақтатқан шақта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев 1993 жылы ел аумағындағы көптеген елді-мекендердің тарихи атауын қалпына келтіруге тапсырма берген еді. Соның нәтижесінде, Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Александр Невский ауылы да «Қарақожа» болып, қазақы атауы қайтарылған.
Бірақ, ауыл атауы қазақшаланғанмен, сана қазақыланбай келе жатқаны өкінішті. Бізде орыстың патшаларын тәңір тұтып, тамсанатындар аз емес. Солардың ішінде ұлттық мүддені ұлықтауы керек деген аты дардай әкімдер мен министрлердің болуы, тіпті, ақылға қонбайды.
Орыстың саяси немесе зиялы тұлғасы болсын, қай-қайсысының да қазаққа өкпесі жоқ шығар. Қазақ даласын әлі күнге дейін орыс атауларынан арылта алмай келеміз. Ұлттың шынайы жанашыры екенін көрсете білген Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елді-мекеннің атауын қазақшалап, өшкенімізді жандырды. Біз «шүкір» деп ертеңімізден үмітті боп жүргенде, шенеуніктеріміз елдің ашуын туғызатын дүниелерді қолдан жасайтыны қызық.
Өткенде ғана Өскеменге Пушкиннің екінші ескерткішін қоймақшы болған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың әрекеті сұмдық дауға ұласып кетіп еді ғой. Шығыстың зиялы қауым өкілдері «ПУШКИННЕН ҰШҚЫН ШЫҒЫП КЕТУІ МҮМКІН екенін неге ойламайсыз, АХМЕТОВ мырза?!.» деп ашық хат жазып, ол «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланды. Өскеменде Пушкин атындағы кітапхана, оның алдында Пушкиннің еңселі ескеркіші тұрғанын қаперіне де алмаған Ахметовтың сөзі халықты оятып жіберді. Абырой болғанда, зиялылардың басын қосып, сөзі мен ісі үшін кешіріп сұрап, қалада Пушкиннің екінші ескерткіші орнатылмайтынын айтып ақталды.
Кезінде Ислам Әбішев әкім болғанда Абайдың еңселі ескерткішін қаланың қақ ортасына қасқайтып қойып кетпесе, Өскеменнің қазіргі күйі қандай болар еді, ойлаудың өзі қиын. Сол премьер-министр болатын-ақ асыл ердің, триллион үнемдеймін деп түрмеге түскені қандай өкінішті.
Бұл бір жыл емес, бір ай бұрын ғана болған оқиға еді ғой. Министр Райымқұлова тым болмағанда осы жайттан сабақ алмағаны ма?
Алматы мен Оңтүстіктегі қалың қазақ Бәйдібектің, Райымбектің, немесе анау Түркістандағы Яссауидің кесенесіне барып тағзым етеді. Невскийге ескерткіш орнату идеясын «шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға митингке шығуға рұқсат беру керек» деген Жовтис, яки, болмаса «қазақтың көбіне орыс тілі – туған тіл» деп сөйлейтін Борейко секілділер қолдауы мүмкін, алайда, қазақ халқы қабылдамайтыны айдан анық дүние емес пе?!.
Басқасы басқа, өзіміздің қазақстандық «Информбюро» сайтында мен қызықты бір ақпаратқа тап болдым. «Кто из русских князей и царей бывал в Казахстане?» деп аталатын мақалада «Невскийге Ордада у берген болуы мүмкін» деп жазады автор. Ескерткіш орнату идеясын қолдайтын негізгі контингент, міне, осындайлар екенін біз жақсы білеміз.
Әсіресе, бұл ұсыныстың орыс депутаттарының «Қазақтың жері – Ресейдің сыйлығы» деп, біресе жерімізге, біресе, Президентімізге тиісіп жатқанда айтылуы, тіпті, елдің ашуын келтіргенін министр ханым түсіне ме екен?!.
Ия, біз сол қос депутаттай аузына келгенді айтатын сауатсыз саясаткерсымақ емеспіз. Екі елдің арасына жік салатын ондай депутаттардың талайын көрдік. Біз қос халықтың тату, бейбіт өмір сүруін қалаймыз. Көрші елмен береке-бірлігіміздің жарасуы біз үшін де маңызды екенін айту керек.
Алайда, әрбір шенеунік өзгеге жалтақтамай тұрып, өз халқының пікірін ескеруі қажет. Қазақтың министрі қазақтың мүддесін ойлауы керек.
Белгілі ақын Қазыбек Иса Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында алып империяның астанасы Сарайшықта Алтын орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі, ұлы ханымыз Жошы да қазақ жерінде жатқанын айтып еді ғой.
«Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс. Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын аударар нағыз кезең басталды деуге болады. Осындай әлем тарихында салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызды зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді? Әріге бармай-ақ Мемлекет басшысы айтқан кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі әлемді билеген Шыңғыс хан арқылы дүниежүзіне дүбірін танытып жатыр. Мүмкін біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішіндей Жошы ханға одан да кем емес ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Жошының анасы Бөрте де, баласы Бату хан да, әкесі Шыңғыс ханның да ескерткіші тұрса тіпті керемет болар еді. Ал Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүние болар еді», - деген еді ол.
Ұлттық мүддені ойлайтын министр ұлтшыл азаматтың сөзін қостап, Жошының таққа отырғанының 800 жылдығына кірісіп кете ме деп қанша күтсек те, ол туралы жаңалық тарамады. Есесіне, тура Тәуелсіздік күні қарсаңында Невскийдің 800 жылдығы туралы ақпарат айқайлап тұр.
Өз халқымыздың хандары мен батырлары, билері мен ақындары жеткілікті. Соларды ұлықтап алайық! Райымқұловаға ғана емес, кез-келген министрге айтарымыз, ел мен жерге қатысты осындай шаруаларды халықпен ақылдасып істегендеріңіз дұрыс. Өз абыройларыңыз үшін...
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні