ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ЖОШЫНЫ ҰЛЫҚТАУ АЛТЫН ОРДАНЫ АСҚАҚТАТУҒА БАСТАЙДЫ

Ежелден «Ұлытауға бардың ба, Ұлар етін жедің бе?»-деп өскен қазақ едік. Ұлытауда  Жошы хан мен Алаша хан  мазары жатқанын да жақсы білеміз. Аяғы жеткен ел ұлы хандардың басына барып, тәу етіп қайтуда.
Кеше осы тарихы терең Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Босқа барған жоқ, түгел түркі әлеміне түрткі болар ордалы ой айтты: «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Иә, Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын Орданың атасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Ал Алтын Орданың алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр... Жошы - Шыңғыс ханның бірінші әйелі, қазақ қызы, қоңырат Бөртеден туған тұңғыш ұлы. Әрі Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын нағыз аударар кезең басталды деуге болады. Ал осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді... Әріге бармай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс хан арқылы дүниеге дүбірін танытып жатыр... Мүмкін біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, Бату ханның да, Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді. 2017 жылы Ұлықбек Есдәулет ағамыз бастап, Моңғолияда өткен Дүниежүзілік Поэзия фестивалына барғанымызда Шыңғыс ханның аспанмен таласқан алып ескерткішіне таң қалып қарағанда, тақиямызды таппай қалғанбыз! Иә, біз ескерткішке жету үшін лифт арқылы алтыншы қабатқа көтерілгенде, Шыңғыс ханның тұлпарының тұяғының тұсынан ғана шықтық... Міне, құдіретті тұлғадан қуат алудың жарқын үлгісі! Шыңғыс ханмен қатар қарама қарсы жақта Шыңғыс ханның анасы, қазақ қызы, қоңырат Өелүн анаға тұрғызылған дәл сондай зор ескерткішін де тамашалағанбыз. Шыңғыс хан ескерткішін қазіргі Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга тұрғызғанын ескерсек, Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді...  Жошы ханның киелі кесенесі мен келешек керемет кешені әлем саяхатшыларын  тартып тұрар тарихи да, тартымды да, тамаша  орынға айналар еді... Ал біз ше? Мемлекет басшысы Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы елдік маңызы ерекше ұтымды ұсыныс, бағалы бастама жасады. Бұған ұлт зиялылары не дейді? Қазақтың тарихынан, аңызы мен күйлерінен берік орын алған Алтын Орда мен Жошы хан тұлғасы әдебиетіміз бен мәдениетімізде, ғылым мен кино және бейнелеу өнерінде қалай көрініс таппақ! Рухымызды көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қалай қосамыз? Иә, мектеп пен жоғары оқу орындары оқулықтарында бұл бағалы да, баянды тақырыпқа басты назар аудару керек. Мәдениет қайраткері Мәскеу Ноқрабеков Алтын Орданың мерейтойынан соң Жошы ханның таққа отырғанына 800 жылдығы да есік қағып тұрғанын еске салуда. Кейбір тарихшылар Керей хан деп, Мәшхүр Жүсіп пен Қаныш Сәтпаевтар Шыңғыс ханның өзі болуы керек деп жорамалдап жүрген Алаша хан ақиқаты қашан ашылады? Алтын Ордадай ауқымы алып, терең тақырыпқа бүкіл халық, барлық қоғамдық-саяси қозғалыстар өз үлестерін қосуы тиіс! Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» Qazaquni.kz