Қазыбек Иса. БІРТҰТАС ҰЛТ БІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК!
2020 ж. 03 наурыз
5253
2
"Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс Қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет."
ҚР Президенті Қ. Тоқаев
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақ Елінің барлық ұлыстары мен этникалық топтары бірігіп, біртұтас ұлт болып бір тілде -Ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы тиіс Қазақ тілінде сөйлеуі керектігін өте тамаша айтты. "Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс Қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет."- деді ҚР Президенті Қ. Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақ тілінің статусымен бірге Ұлт жайлы: "Қазақстанда тұратын барлық ұлыстар, этникалық топтар біртұтас ұлт болып саналады. Шетел бізді ҚАЗАҚ деп біледі. Өйткені осы сөз біздің мемлекетіміздің атауында тұр"-деп, қаққан қазықтай қадап тұрып айтты! Мемлекет басшысының бұл бастамасы мемлекеттік мүддеден туындап отырғаны айқын және бәріміз қуана құптарлық жалпыхалықтық қолдау болуы керек! Бұл - елдің отыз жылдан бері күтіп келе жатқан сөзі! Бұл - отыз жылдан бері айтып келе жатқан Ұлттың зарын Ел басшысы да ескере бастағаны! Ал еліміздің барлығы қазақ тілінде сөйлеуді алдымен Ақордадан, Үкіметтен, Парламенттен бастау керек! Ол үшін Ұлттық Кеңесте ұсынғанымыздай Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заңды биылғы жылы тезірек қабылдауға тиіспіз. Әйтпесе, біздің үкімет пен парламенттің қазақша сөйлеуі қиын. Өйткені ана жылы Елбасымыздың өзі: "Үкімет пен Парламент ТЕК ҚАНА ҚАЗАҚША сөйлеуі тиіс"-деп мәлімдесе де, жағдай оңала қойған жоқ. Сол кезде Елбасымыздың сөзін елге түсіндіргісі келіп (не үшін екені белгісіз, Елбасы түсінікті тілде -қазақша айтты ғой!!!), "ТЕК ҚАНА ҚАЗАҚША"деп айтқан жоқ, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ құдайға шүкір"-деп Президент сөзін өздерінше тәспірлеп, күңіреніп кеткен министрлер мен сенаторлар болған... Нью -Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының басты мәжілісінде Қазақ тілінде сөйлеп, айды аспанға шығарған Елбасымыздың өзіміздің Ақордада қазақ министрлері, әкімдерімен Ресей тілінде сөйлесіп отыра беретіні де үкімет пен парламенттің ТЕК ҚАНА ҚАЗАҚША сөйлеп кетпеуіне әсер еткен болуы керек... Өкінішке орай бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Сондықтан да біз "Ақорда қазақша сөйлемей -Қазақстан қазақша сөйлемейді!" атты мақала жазғанбыз. Үкімет тек қана қазақша сөйлеуі үшін Үкіметтің басым мүшелерін оралман қазақтардан жасақтауымыз керек шығар бізге деп ойлайсың кейде... Сонда олар Ресей тілінде, тіпті Мәскеудің өзінде де сөйлемейді. Аудармашы арқылы сөйлеседі - міне, нағыз Тәуелсіз Елдің белгісі! Тоқсаныншы жылдары Әзірбайжанның Президенті Әбілфайыз Елшібей Мәскеуге барғанда аудармашы арқылы әзірбайжан тілінде сөйлесті. Мәскеуде әзірбайжан тілін тұңғыш естірткен президент Елшібей болатын. Ал біздің Тәуелсіз Қазақ Елінің басшылары, министрлер мен әкімдер де Ресейде қазақша сөйлемек түгілі олай ойлай да алмайды...Біздің билік иелері Әзірбайжан президенті Әбілфайыз Елшібейдің ерлігін қайталамақ түгілі, Әбілфайызұлы Ерлан Ыдырысов екі рет Сыртқы істер министрі болып тұрып, өз елімізде қазақша сөйлеп көрген жоқ. Парламенттің алдында "Менің миымды операция жасап ауыстырмаса, қазақ тілін үйрена алмаймын" деп кесіп айтты. "Қазақ тілін үйренуге миың жетпесе қалай Қазақ министрі боласың" деп қуып шығудың орнына сол кездегі бейшара парламент Ерлан Әбілфайызұлының дипломатия туралы заңдағы "Елшілік қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі тиіс" деген Үкіметтен келген заң тармағының өзін алып тастап, ана тіліне, яғни мемлекеттік тілге миы жетпеген министрдің !!! - бір адамның ғана мүддесі үшін мемлекет мүддесіне орасан зиян келтірді. Менің сол кезде жазған "Мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады" деген мақалам "Қазақ үні" сайтында ең көп оқылған және көп талқыланған (330 мыңға жуық адам оқып, 257 пікір жазылған тек сайттың өзінде ғана) үздік мақалалар қатарында басты беттен әлі түспей келеді. Иә, тек қазақы қанды қайсар қайраткеріміз Иманғали Тасмағамбетов қана елші кезінде Ресейдегі ресми жиындарда тек қазақша сөйлеп жүрді. Имекеңе Ресейдегі бір адам "Неге қазақша сөйлейсің?" деген жоқ. Қайта Қазақстандағы Көпбаев, Тайшыбеков, Данияр Әшімбаев секілді нигилистердің өкпесі қысылып қалған болуы керек... Қазіргі Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Атырау облысының әкімі кезінде Қазақ Елінде Ресей тілінде сөйлеген Нидерландия елшісінен Қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені де кезінде Қазақ баспасөзінде қатты қолдау тапты. Сонымен бірге Дүниежүзіне дүбірі жеткен дүлдүліміз, ұлтшыл әншіміз Димаш Құдайберген Мәскеуде ғана емес әлемнің әйгілі қалаларының, қаншама елдің астаналарының бәрінде қазақша сөйлеп жүр. Әйгілі әншіміз Қайрат Нұртас та Мәскеуде, Омбыда тек қазақ тілінде сөйледі. Дарындарымызға Алла жар болсын! Ал біздің билік осындай оғландарымыздан өнеге алсын! Ал қорыта айтарымыз, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖАСАҒАН ЗОР БАСТАМАЛАРЫ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚТЫ! БӘРІМІЗ ҚОЛДАЙМЫЗ! БІРТҰТАС ҰЛТ БІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары.