Қазақстандағы барлық мектептерді қазақ тіліне көшіру керек - Азамат Тасқараұлы
2021 ж. 21 қыркүйек
4110
25
Қазақстандағы барлық мектептер мен балабақшаларды қазақ тілінде білім беруге көшіру керек. Бұл менің ғана жеке пікірім емес, халықтың айтарлықтай басым бөлігі қолдайды.
Мысалы, былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Тараз қаласындағы №34 орта мектеп директоры Динара Нуралиева Жамбыл облысында аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін бірінші сыныптар көбейе бастағанын айтқан еді.
- Мектеп директоры ретінде осы орайда өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Егер республикамыздың әр өңірінде аралас мектептер кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беруге көшсе, сіздер қалай қарайсыздар?! Бұл шешім барлық Қазақстандық балаларды кішкентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді! «Ел болам десең, бесігіңді түзе»! Бізде бір ғана ортақ – мемлекеттік тіліміз, бір ғана – ұлтымыз, бір ғана – Отанымыз болуы тиіс! - деді ол өз сөзінде.
Ал, еліміздің Білім министрі Асхат Аймағамбетов болса, биылғы жылдың наурыз айында отандық БАҚ-қа берген сұхбатында ата-аналарды балаларын мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге беруге шақырды. Оның айтуынша, қазір қазақ тілінде оқытатын мектептер бәсекеге қабілетті, бұған ҰБТ нәтижелері бойынша жоғары көрсеткіштер дәлел.
- Біз үшін ең маңызды міндеттердің бірі - мемлекеттік тілде оқытуды басым ету. Мұнда ешқандай пікірталас болмауы керек, өйткені ол Мемлекеттік тіл, сондықтан біздің еліміздің азаматтары мемлекеттік тілде оқытылуы керек, - деді Асхат Аймағамбетов.
Ал, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін атқарған кезінде белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында тіл мәселесі туралы айта келіп, Қазақстандағы ешбір ата-ананың қарсы шықпайтынын алға тартып, барлық балабақшаларды қазақ тіліне аударуға бастама көтерген.
Өз баласының болашағын ойлайтын әр ата-ана еліміздегі мектептер қазақ тіліне көшірілсе бұл ойды қолдап, қуаттай түсуі керек. Себебі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына жасаған Жолдауында "Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әр азамат мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс" деп қадап айтқан болатын.
Білім министрлігінің 2019 жылғы мәліметінше, елімізде 2046 аралас мектеп бар екен. Алдымен осы мектептерді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беретін қылып көшіре бастаса, ешкім қарсы болмайды деп ойлаймын. Оған мен жоғарыда келтірген билік пен өзге ұлт өкілдерінің сөзі толық дәлел. Оған қоса бізде Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануына да, білім жүйесінің қазақ тілінде болуына да қарсы шығып жүрген өзге ұлтты көрмедім. Керісінше, былтырғы жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында барлық этнос өкілдері арнайы Үндеу жариялап, Мемлекеттік тілді міндеттеуге өздері шақырған болатын.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні