АТАЗАҢЫМЫЗДА бір ғана МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ бар - ол ҚАЗАҚ ТІЛІ! - Қ.Тоқаев
2021 ж. 01 қыркүйек
2700
1
ЖОЛДАУДА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Бүгін 2021 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Парламентінің II сессиясы ашылды. Сессияны ашқан ҚР Президенті Қ.Тоқаев дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын жасады.
Жолдауда не айтылды?
Елдің бәрінің күткені осы.
Президенттің халыққа жолдауы халықтың әл-ауқатын жақсарту, пандемия ылаңында денсаулықты сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету, квазимемлекеттік компаниялардың жұмысын ретке келтіру, ауылшаруашылық саясатының сабақтастығы, субсидияның қолжетімділігі, цифрландыруды дамыту, креативті өндіріске өріс ашу, білім мәселесі, жоғары ғылымды дамыту, тұрғын үй мәселесін қолжетімді ету, масылдыққа тыйым, су ресуртарын үнемдеу, ішкі істер саласы мен мемлекеттік қызметтерді жандандыру, аудан әкімдері сайлауы және тб арнайы тоқталды.
Ауылшаруашылығы саласында мал жайылымын қалпына келтіру, мал басын сақтау үшін жем-шөппен қамтамасыз ету, ветеринарияны дамыту, әсіресе, соңғы бес жылда 2 триллион теңгеден асқан субсидияның талан-таражға ұшырамай, шаруалар қолына жетуі керектігін қадап айтты.
«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған», - деді Президент.
Мемлекет басшысы жайылымдар мәселесінде әкімдерге ескерту жасады.
«Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет», - деді Қ. Тоқаев.
“Ауыл шаруашылығының басты міндеті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс.
Экономикамыздың негізгі күшіне айналуы керек”-деп қорытты.
Білім саласында Тегін техникалық орта арнаулы білім беруді дамыту туралы мәселе орынды көтерілді.
Жоғары оқу орындары сапасын арттыру, ғылымды дамыту, лайықты жалақы лайықты төлеуді жолға қойылады.
Су ресурстарын үнемдеу үшін 120 каналды жаңғыртып, 9 су қоймасы сплынады.
Ауыз су мәселесін 100 пайыз шешу тапсырылды.
Ішкі істер саласы, полиция әрекеті, Қаржылық пирамидаға тосқауыл қою мәселелері қамтылды.
Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық мүддені қорғауда Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл барын атап айтты!
“Атазаңымызда бір ғана Мемлекеттік тіл бар - бұл Қазақ тілі!- деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретініне баса назар аударды.
"Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ.
Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін айтты. Себебі бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.
Яғни, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдан аса дау болып келе жатқан, Ақордадағы лауазымды шенеуніктерден,
Үкімет басшыларынан бастап, үйшіктегі сатушыларға дейін “Бізде мемлекеттік тіл -екеу»-деп, өздері де шатасып, елді де адастырып жүргендер жайып жіберген жаңсақ пікірге нүкте қойды!
Енді елдің күткені, “Ақ жол” партиясы ұсынып жүрген Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданса, бәрі заңды болып, дау-шарлар тоқтайтыны анық.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақ Елінің егемендігіне, территориясына ешқандай қол сұғушылыққа жол берілмейтінін атап айтты.
Қорыта айтқанда Президент жолдауы халықтың көкейіндегі мәселелерді көтерді.
Айта кету керек, “Ақ жол” партиясының Үкіметке депутаттық сауалдарында көтерілген ауылшаруашылығындағы субсидияны жолға қою, ветеринарияны қалпына келтіру, квазимемлекеттік компаниялар есебінің ашықтығы, тұрғынүй, білім саласы, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындау мәселелері мемлекет басшысының халыққа жолдауында негізгі бағыттарға айналуын қуана қолдаймыз.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты