ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢІЗ МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ, ИБРАГИМ АҒА!
2014 ж. 27 желтоқсан
6308
3
Жылқы жылының соңғы күндері тағы бір дүлдүлімізді алып кетті... 27 желтоқсанға қараған түнде жүрек талмасынан қазақтың дарынды ақыны Ибрагим Исаев қайтыс болды...
Кеше ғана, 20 желтоқсанда Алматыда Студенттер сарайында 65 жасқа толған шығармашылық кеші өтіп еді... Халық Ибрагим ақынның өлеңдеріне жазылған әсем әндері мен жаңа жырларына сусындап қайтып еді...
"Жетпіске жете алам ба, жетпеймін бе, бір құдай біледі, 65 жылдығымда ел алдында бір есеп беріп алайыншы дедім" деп еді өзіне тән жылы жымиысымен ақын ағамыз...
Ақынды туған өлкесі- өзі талай жырлаған Сыр өңірі қоңыр күзден бері күтіп жүрген болатын. Қыркүйекте өткізеді деген кездесу кеші екі-үш рет кейінге шегініп, ақыры көктемге қалған болатын... Бәрі де сол жүректің мазалауынан...
Өткенде Әшірбек Сығай ағамыз қайтыс болғанын есіткенде, қатты күйзеліп, "Менен екі ай бұрын операция жасатып еді жүрегіне"-дей берді. Осы сөзін тағы екі-үш жерде қайталай бергесін: "Көке, ондай сөзді айта бермесеңізші" деп ескерту жасап қойғанымыз да күні кеше еді... "Жүрегіме ота жасар кезде Әшірбек аға жиі келіп, "ой, қорықпа, түк те болмайды. Міне, мен шауып жүрмін ғой"деп қатты қайрат беріп жігерлендіріп кетіп жүрді. Қатты риза болдым" -деп бұрын да жиі айтатын... Енді міне, екі ай да болмай, тура бір ай дегенде Ибрагим ағамыз да аттанып кетті...
Алматыдағы өткен шығармашылық кешіне тура қоштасқандай, қазақтың бұлбұл қыздары Роза мен Мақпалдан бастап, барлық өнер жұлдыздары бірі қалмай келді. Батырхан Шүкенов інісі Мәскеуден ұшып келіп қатысты. Бәрі тізіліп тұрып, сыршыл ақынның сырлы жырларына жазылған әсем әндерді әуелете шырқады... Сол кеште "Ауылға барғым келеді" -деген жырын ерекше егіліп тұрып оқып еді Ибрагим аға! Ақын жүрек аңсаған ауылына жете алмай кетті!..
Сол кеші өткесін, осы екі-үш күн бұрын ғана хабарласып еді. "Кешіңіз керемет болды! Сол күні 3-4 жерде концерт өтіп жатса да, сарайға халық лық толды, барлық жұлдыздар қатысты"- деп едім: "Ой, алтыным, сенің сол сөзіңді есітейін деп хабарласып жатқаным ғой. Өткенде ұшақта Қырымбек Көшербаевты көрдім. Азамат қой, жағдайымды сұрап, "Кешіңіз өтеді "деп еді, елге келмей кеттіңіз ғой"деді. "Құдай қаласа, көктемде барамын" дедім. Наурыздың кезінде елге бірге барамыз, Қазыбек"- деп риза көңілмен ақтарылып еді... Бұл Ибрагим ағамыздың мен естіп тұрған ең соңғы сөзі, соңғы дауысы екен ғой...
Cол кештен жазылған көлемді де, көркем мақала "Сарыала күзді сағындырған сазды кеш" деген атпен кеше ғана 26 желтоқсанда "Қазақ үні"газетінде жарияланып еді... Көзі тірісінде жазылған ең соңғы мақала болып қалды...
Мен 90-шы жылдардың басында Шардарадан Алматыға келіп, мекенмөрдің меңдеп тұрған кезеңінде жұмысқа тұру үшін тіркелуге үй таппай жүргенде, "Екеуміз де Исаевпыз, біздің үйге тіркеле сал"-деп, азаматтық көрсеткен ағамыз еді... "Мен саған жезде болғанмен, екеуміздің де тегіміз Исаев қой, ағаң болайын" -дейтін Ибрагим көкем. Кеше қайран ақынның бақилық болғанын естіген біраз жұрт маған көңіл айьтты. Оның көбісі мені Ибрагим ағаның өлеңдегі інісі деп білсе, енді біразы өмірдегі інісі деп біледі екен...
60 жылдығын еліміз дүркірете тойлағанда, "Үш Исаев немесе Ибрагим көке" деген жыр арнағанымда балаша қуанып қалып еді ағамыз... Өлеңді қысқаша айтқанда:
...Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі,
Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді.
Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып,
Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді…
Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын,
Жүлдегер өзің –
Жарысқа түссе жүз ақын…
Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда
«Тегіміз бір» деп ұсындың үйдің құжатын…
Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың,
Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың.
Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен,
Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын…
Ұнаған бізге –
Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?..
«Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын…
«Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін,
Ибрагимнің інісі болып қаламын!-
деген жыр жолдары шын жүрегімнен шыққан еді...
Екеуміз еліне - Сыр өңіріне талай сапарлап едік. Атырауда сот болып жүрген жақсы көретін ақынжанды інісі Иса Момбаев шақырғанда да, қоймай мені ертіп кетіп, Атырауда апталап шарлап қайтып едік...
Ибрагим шайырды Тұманбай ағасы қатты еркелететін. "Қадыр ағамыз екеуміздің туған күніміздің арасы екі-ақ күн" деп жүретін. Өткенде кеште: "Енді он бес күн өтсе, 66-ға толып кетер едім, әйтеуір өткізіп үлгердім 65 жылдығымды..."- деп, бәрімізді күлдіріп еді... Енді міне, сол 5-ші қаңтарға 9 күн жетпей, өзі жақсы көретін ағаларының артынан өзі де іздеп кетті. Мәңгілікке... Алладан үкім келді де... алды да кетті..
Жаңа жылды қарсы алу қамымен ескі жылды қорытып жатқан телеарналар мен баспасөз құралдары күні кеше ғана кешке 2014 жылы айрылған асылдарымызды Фариза апай, Қалихан, Әшірбек ағаларды, Әмірхан, Таласбек бауырларымызды тағы бір еске алып жатты... Бірақ олар сол күні түн ауа жылқы жылы тағы бір дүлдүлімізден айыратынын білген жоқ...
Бақұл болыңыз, Ибрагим көке! Сіздің жайсаң бейнеңіз, жарқын жырларыңыз ел жүрегінде мәңгі сақталады.
Ақынның азабы мен ғажабы қатарлас болады... Оны ең алымен көтеретін асыл жары... Артыңызда қалған Әния әпкемізге, алтын асықтай үш ұлыңыз Дидар, Дәурен, Дастанға, ұрпақтарыңызға Алла ұзақ өмір берсін!
Иманыңыз салауат болып, пейіште нұрыңыз шалқи бергей!..
Қазыбек ИСА, qazaquni.kz
Үш Исаев немесе Ибрагим көке
https://qazaquni.kz/?p=31742
САРЫАЛА КҮЗДІ САҒЫНДЫРҒАН САЗДЫ КЕШ https://qazaquni.kz/?p=31820Ибрагим Исаев: “Мен өзімді өз сөзіммен өлшедім…” https://qazaquni.kz/?p=21368
Ибрагим ИСАЕВ. “Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз…” https://qazaquni.kz/?p=18172
Ақын Ибрагим Исаевты соңғы сапарға шығарып салу. 29.12.2014ж