Үш Исаев немесе Ибрагим көке
2014 ж. 20 желтоқсан
5162
3
Өткен өмірде белгісі жатыр әр күннің,
Шайырмен Сіздей шалқып бір талай желпіндім.
«Қасқырға қойды бақтырған» дейтін достарым,
Көкеме көрші қыздар жатағында мен тұрдым…
Қызығы менен шыжығын айтып жастайғы,
Әдемі көкем әріден сөзді бастайды:
«Исаевпын» деп кеудемді қағып келгенде
«Базарбайсың ба?» деп танысқандар жасқайды…
Өтті ғой уақыт, өлеңмен өрген әр күні,
Танылдым мен де, жыр сыйлап әсем таң нұры.
Базекең кейін фамилиясын айта бастаса,
«Ибрагимсің бе?» дейді екен елдің барлығы…
Алматыға, інім, ақын боп дайын келдің-ау,
Ақындық деген қилы да қилы жол құрау.
Мен енді қазір «Исаевпын» дей бастасам
«Қазыбексің бе?» дейтін де болды ел мынау».
Дегеніңді, аға, демеуіңе зор баладым,
Қолдадың сонда пейіліменен даланың.
Дүбірі бөлек, дүлдүлі де көп бәйгеде
Ақын боп мен де көсіле шауып барамын…
Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі,
Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді.
Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып,
Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді…
Көңілің ашық көрікті жансың деп білсем,
Талантың барда, тақпай-ақ тегі кеттің шен…
Атырау барып арқырап шарап ішкенде,
«Бауырмыз» деп те баршаға мәлім еттің сен…
Шабыттың буы шарпыған кезде таза шын,
Шаршасаң кейде аласың елдің мазасын…
Шапқылап жүріп, шалқып бір мен де кеткенде,
Ауырып қалсам… ағалық сөзбен жазасың…
Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын,
Жүлдегер өзің –
Жарысқа түссе жүз ақын…
Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда
«Тегіміз бір» деп ұсындың үйдің құжатын…
Келеді күтіп керім ұлдарын кең дала,
Ақынның нағыз қадірін білер ел дана.
Тұма жырыңа Тұмағаң берді зор баға!
Жұмыссыз жүріп, еркелеп Олжас ағаға,
«Еңбектегі ерлік» медалін алған сен ғана…
Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың,
Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың.
Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен,
Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын…
Ұнаған бізге –
Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?..
«Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын…
«Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін,
Ибрагимнің інісі болып қаламын!
Қазыбек ИСА
Құлаққағыс!!!
Бүгін, 20 желтоқсан күні сағат 17-00-де Алматыдағы Студенттер сарайында әйгілі ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаевтың шығармашылық кеші өтеді. Кеш шымылдығын қазақтың бұлбұлдары Роза Рымбаева ашып, Мақпал Жүнісова жабады. Өзге де ән әлемінің жұлдыздары өнер көрсетеді. Келіңіздер, көріңіздер!!!
Ибрагим Исаев. «Туған жерде – кіндігім…» http://www.qazaquni.kz/?p=28784