Батыр аналарға баспана алып берсе байлардың миллиардтарының мұрты қисаймайды - Зейнолла Абажан
2019 ж. 12 ақпан
5131
0
Өткен апта өзекті өртеген өкініш пен бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы күндерімен есте қалды. Астанада бес бірдей сәби, бес бірдей періште отқа оранып, тірідей күйіп кетті.Тұрмыстық тауқыметтен түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болған ата-аналары бес бірдей бүлдіршінінен бір күнде айырылып, мынау мейрімсіз жалған дүние мен тасбауыр тағдырға лағынет айтып, сәбилерінің орнына құшағымен ауа қармап, аңырап қала берді...
Осының алдында ғана Қызылорда облысында өрт салдарынан бір отбасы үш өрімдей баласынан айырылған-ды. Ол аздай Астанадан соң Павлодар облысында жүкті әйел күйеуімен және екі баласымен өз үйлерінде иістен уланып өлі күйінде табылды. Сол кезде үйінде болмаған екі қызы жетім қалды. Одан басқа осы тектес оқиғалар жылдар бойы тұрақты орын алып келгені белгілі. Дегенмен Астанадағы қасіреттің жөні мүлдем бөлек болған секілді. Айдың, күннің аманында елді есінен тандырған ауыр қазаға қатысты БАҚ-та, әлеуметтік желілерде мыңдаған түрлі пікірлер айтылып, ешкім де бұл жантүршігелік оқиғадан тыс қалмағанын көрсетті. Тіршіліктің қамымен ата-анасы түнгі ауысымға жұмысқа кетпегенде мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді деген халық әлеуметтік желіні жарып жіберуге шақ қалды. Оған қоса Астана, Алматы, Ақтөбе секілді бірқатар қалаларда көпбалалы аналардың, жалпы жұртшылықтың шеруі өтті. Олар бірауыздан елімізде ана мен балаға деген қамқорлықтың өте төмен деңгейде екенін жеткізді. Баспанасыз пәтер жалдап жүрген аналардың бала-шағасына алатын мемлекеттік атаулы көмектің тым аздығын, несие қамыты қалжыратқандарын ашына айтты. Бұны да орынсыз дей алмаймыз. Халықты әлеуметтік жағына қорғауға тиісті министр Мәдина Әбілқасымованың бізде бес балаға айына 16 мың теңге көмек беріледі деп шіренгені қай жарылқағаны?! Соның өзін көпсінген кейіп танытты. Мысалы, табиғи ресурстарға онша бай емес Финляндияда 17 жасқа дейін бір балаға айына – 94,88, екінші балаға – 104,84, ұшінші балаға – 133,79, төртінші балаға – 153,24, келесілеріне – 172,69 еуро 17 жасқа дейін төленеді. Ата-аналарының кірісі мен мүліктері біздегідей есепке алынбайды, жалғызбасты аналарға қосымша 53,30 еуро тағайындалады. Одан да «Форбес» журналының мұқабасына қымбат киімін көрсетіп шыққан суретін айтып мақтануы керек еді. Ол үшін министрді ешкім сөкпес еді. Ал, көпбалалы аналарға бөлінген мына сома киіндіру емес, бір апталық тамағына да жетпейді. Сонда М. Әбілқасымова өз жанынан, маңдай терімен тапқан теңгені беріп жатыр ма? Төлесе ол халықтың өзінің қаржысы. Министрге қарапайым адамдардың төбесінен қарап, міндетсінудің қажеті жоқ. Керісінше халық оған «Сен біздің арқамызда миллион теңге айлық алып жүрсің, соған орай қызмет ет!» деп айтуға толық құқылы. Осыған қарағанда біздің биліктегілер өз қалтасы мен халықтың қалтасын ауыстырып алғанға қатты ұқсайды. Мемлекеттің яғни халықтың қаржысын олар әкелері өздеріне басыбайлы ұстатып кеткендей сезінетін болды. Бұл жұмсартып айтқанда – шектен шыққандық.
Ол да ештеңе емес, Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың журналистердің «Көпбалалы ана қалай ғана түнгі ауысымда істеуге мәжбүр болды?» деген сұрағына беті бүлк етпестен «Ол оның өз таңдауы» - деп тіксіне айтқан жауабын қалай түсінсек? Бұл не деген қатыгездік? Әйелдің, ананың аузынан шығатын сөз емес қой. «Өлмесе өмірем қапсын!» дегені ме? Бес баласын ана өз «таңдауымен» өртегені ме? Ел тұрғындарын әлеуметтік жағынан қорғауға міндетті екі бірдей басшы осынысымен-ақ халықтың ашу-ызасын тудырғаны анық. Министр мен орынбасары бірінен бір өтіп тұр десек те артық емес. Халықты қорғау емес, қорлау министрлігін басқарып жүрген жоқ қой олар. Жұрт екеуінің де отставкаға кетуін талап етіп отыр. «Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл» демекші, мұндай лауазымдылардан жұрт алдағы уақытта да жақсылық күтпейді. Бірақ, халық айтты екен деп олар қызметінен кетпесі анық. Біздің биліктегілер «ел алдындағы бедел» деген ұғымды естеріне де алмайды. Өзге мәдениетті мемлекеттерде болса олар сол бірінші күні-ақ отсатавкаға бүкіл кабинетімен кетер еді. Бізде ондай шешім тарихымызда болып көрген емес. Артынан теуіп қуып шыққанша, түрмеге апарып тыққанша сол орында былшиып отыра береді. «Мен халық үшін не жақсылық жасадым, олардың сенімін ақтай алдым ба?» деген сұрақ ешқашан мазаламайды шенеуініктерді. Өйткені оларда ар, намыс, жауапкершілік деген сезім атымен жоқ.
Лауазымдыларды былай қойғанда халықтың нақ жанашыры болуға тиісті депутаттар да биліктің бас шұлғушысы болып кеткен. «Кішкентай балаларын тастап түнгі ауысымға ол ана қалай кетіп жүр?» - деген 82 жастағы Мәжіліс депутаты, коммунистер фракциясының мүйізі қарағайдай серкесі Владислав Косарев мырза бүгін ғана аспаннан салбырап түсе қалған сияқты. Бес баласыз-ақ, 16 мың теңге айлық беріп, пәтерге жіберсе сіз сол аналардың орнында болсаңыз көшеге шығып қайыр сұрап кетер едіңіз. Осы заң мен бюджет жобаларларының бәрі бекіту үшін депутаттардың алдынан өтетіні белгілі. Көпбалалы аналарға 16 мың теңге көмек тағайындағанда сіз қайда болдыңыз, кәрілік қысып ұйықтап отырдыңыз ба? Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК қарамағындағы қызметтік иттердің әр қайсысына айына 20 мың теңгеден аса қаржы бөлген кезде ойыңызға ештеңе алған жоқсыз ба? Мемлекетіміздің ертеңгі тірегі – балаларымыздың ит құрлы қадірі қалмағаны каперіңізге келмегені көрініп тұр. Бұндай сұрақ қойғанша аузын буған өгіз сияқты үндемей қалу керек еді. Әлде қарапайым халықтың жүйкесін жұқартқыңыз келді ме? Олай болса біз де сіздерге бірнеше сұрақ қоялық түрлі құзырлы орында отырған, құрметті депутаттар. Не үшін 900 мың теңге айлық алып отырсыздар? Тегін баспана мен тегін қызметтік көлік, көмекші қызметкерлер не үшін беріліп отыр сіздерге? Бұдан да басқа пайдаланып жатқан жеңілдіктеріңіз туралы айтпай-ақ, «халық қалаулысы» деген атаққа сай келетіндіктеріңіз туралы ойланып көрдіңіздер ме?..
Депутат демекші, бұл орын алған оқиғаларға қатысты бұрындар талай лауазымды қызметтерді атқарған, бүгінгі күні сенатор дәрежесінде жүрген, осы алдымыздағы 26 ақпанда тұп-тура 66 жасқа толатын Бірғаным Әйтімова ханым өзінің жанашырлық пікірін білдірді. Онысына да рақымет!
«Әсіресе, мол пайда тауып отырған құрылыс компаниялары көмектесуі керек. Яғни, олар өздері салып жатқан тұрғын үйден көпбалалы аналарға пәтер берсін. Мемлекетіміздің әр аймағында осы шаруаны қолға алуымыз қажет», – деді сенат депутаты Бірғаным Әйтімова.
«Гламурный» шұлық киіп елді шулатқан сенатор игі істі өзінен бастасын. Жалпы, бізде Мәжілісте 107 депутат, Сенатта 47 депутат бар. Парламентте «бөтен» адам жоғын бәрі жақсы біледі ғой. Мандатқа ие боп отырғанның бәрі де ауқатты. Әр депутат бір көпбалалы отбасыға бір-бір пәтерден алып берсін. «Халық қалаулысы» деген жарымаған атақтарыңыз бар. Халық үшін нақты бір көмекті осылай көрсетіңіздер!
«Жастар кредитке өмір сүріп үйренсін» деген сенатор бұл ұсынысын батыр аналарымызға айтпағанына шүкір, әйтеуір.
Бірғаным Сарықызы! Ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Кеше ғана «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде «Сегіз баласымен отын қорада тұрып жатқан көпбалалы ана» туралы ақпарат жарияланды. Көпбалалы аналарға шынайы жаныңыз ашитынын нақты іспен дәлелдеңіз. Кәсіпкерлерге де, кәсіпкерлерден кедей емес депутаттарға да үлгі көрсетіңіз – осы отбасыға баспана алып беріңіз. Көрейік…»,- деп жазды «Қазақ үні» ұлттық порталы.
Сенатордың ұсынысы ұтымды, оған ешкімінің таласы жоқ. Бірақ Бірғаным Әйтімова одан әріге баруға батылы жетпеді. Мысалы, бізде қаншама долларлық миллиардер мен миллионерлер бар. Олардың аты бүкіл дүниежүзіне мәлім. Ким, Машкеевич, Ибрагимов, Шодиев, Құлыбаев, Өтемұратовтар секілді байлары бар елде көпбалалы аналардың баспанасыз, кисе киімге, ішсе тамаққа жарымай жүруі ұят-ты. Шетелден қымбат зәулім сарайлар, яхталар, тікұшақтар сатып алған байларымыздың өз тұрғындары үшін жаны ашымай ма? Әлде кімнің арқасында байығандарын ұмытып қалды ма? Еуропа оларды байлыққа кенелткен жоқ, керісінше ақшаларын сорып жатыр. Қазақстанда тапқан ақшаларын шетелге тықпай бір бөлігін осындай игі істерге жұмсаса сауап емес пе? Дәп содан миллиардтарының мұрты да бұзылмайды. Мұсылманның бес парызы – имандылық, бес уақыт намаз, ораза, қажылық, садақа екені белгілі. Соның ішінде садақаның сауабы мол.
Шынын айтсақ, біздің депутаттар мен әкімдер тақыр кедей емес. Жасыратыны жоқ депутаттарымыздың басым бөлігі ақша арқалаған бизнес саласы мен билік атты бәліштің дәмін татқан бұрынғы әкімдіктерден келгендер. Солардың қайсысы бір көпбалалы анаға баспана алып беріпті? Оған қарағанда қалтасы тесік қарапайым халық ешкімді жерге қалдырмайды. Бұған осы соңғы оқиға дәлел. Көпшілік қолдан келген көмегін аяп қалмады, тиындап қаржы жинады. Мешіт жанынан ашылған қор халық жинаған ақшаға бес баласынан тірідей айрылған анаға үй сатып алып береміз деген ақпаратты бүкіл елімізге таратты. Әрине, бұл баспана алтын болса да енді бес баласының орнын толтыра алмайды. Бірақ несиеде отырған халықтың қолдауы мен жанашырлық таза ниетінің өзі неге тұрады десеңізші?! Сонда арам ақшамен байыған біздің шіріген байлар безбүйрек, тасбауыр болып
кеткені ме? Әлде соншама байлықты өзімен бірге о дүниеге алып кетпекші ме? Осыдан-ақ кімнің кім екенін көруге болады...
Жер-жерде билікке талап қойылған жиындардың ең қарқындысы Астанада өтті. Ашынған әйелдердің арыз-шағымын тыңдау үшін келген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевты батыр аналар сұрақтың астына алды. Тұрмыс тауқыметін тартқан аналар Үкіметке баспанамен қамту, балаларға арналған атаулы көмек көлемін көтеру, балаларға көлікте тегін жүру сияқты нақты 10 талап қойылған құжатты шенеуніктің қолына ұстатты. Шолпан Қырғызбаева, Ләззат Қарағойшина, Нұргүл Әбенова сияқты көпбалалы аналар талаптары орындалғанша тоқтамайтындарын ашық білдірді. «Мына жердегі барлық талап бұрыннан белгілі. Біз оған заң жүзінде қарап, өздеріңізге айтамыз» - деген Ермек Аманшаев 3 сағаттық кездесуден соң аналардың қыспағынан әрең сытылып шықты. Сонда шенеунік қандай заңды айтып жұрттың басын қатырып тұр. Біздегі 16 мың теңге беретін заңды меңзеп тұр ма? Өзі айтқандай бұл талаптар бұрыннан белгілі болса осыған дейін түйткілді мәселені неге шешпеген? Әлде міндетті түрде адам өлімі немесе апат орын алып, айқай-шу шығару қажет пе?
Айта кетелік, аналардың ашынған ащы даусы құқық қорғау орындарына ұнамай қалыпты. Ертеңінде олар талап қойған аналардың үйіне барып, қысым көрсетпекші болған. Апырмау, сонда ол шенділер анадан тумаған ба? Ендеше оларға бір кішкене түсінік бере кетейік. Мына дүниенің жарығын сыйлаған ана орны қашан да бөлек. Бәріміз де анадан туылғанбыз, ешкім аяғы салбырап аспаннан түсе қалған жоқ. Хан да, қара да тіпті данышпан да анадан жаратылған. «Жұмақ кілті анаңның аяғының астында» деп тегін айтылмаған. Осы жерде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында өз басымнан өткен мына бір жағдай еріксіз еске түседі. Оны ешқашан ұмытпақ емеспін. Біз бір жанұяда он бала туып өстік. Соның бірі кішкентей кезінде шетінеп кетті. Соғыстан кейін ел есін енді жиып, тұрмысын түзей бастаған ауыр кезең болғанмен әрбір үйде кем дегенде 5-6 баладан болатын. Тойып тәтті жемесек те, бүгінгідей шетелдік киім кимесек те көңіліміз тоқ болатын. Әке-шеше, ата-әже, ауылдастарымыздың аялы алақаны мен жүрек жылуын сезіп өстік. Сол жылу жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, қоғамдық жүйе өзгерсе де бойымызда мәңгілік сақталып қалды. Адамдардың бір-біріне деген мейрімінде шек жоқ еді. Ешкімді шет қақпай, көмек қолын созуға кім де болса дайын тұратын. Ол уақытта медицина қазіргідей дамымаған. Бірақ дәрігерлердің ниеті таза, міндеттерін адал атқаратын. Кішкентай інімді анам Бану емдеткенмен аман алып қала алмады. Айтайын дегенім, тоғыз баласы қасында топырлап жүрсе де анаға әр баланың орны бөлек екен. Ауылдың сыртындағы кішкентайы жерленген зират жаққа ұзақ қарайтын анам далаға шыққан сайын екі көзі жасқа толып оралатын. Мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрсем де мен оны бала жүрегіммен сол кездің өзінде жете сезінген сияқтымын. Сол көрініс бүгіндер жетпістің желкесіне қараған шақта да көз алдымнан кетпейді. Ал, бес баладан бірден айрылуды Құдай ешкімнің басына бермесін, мен ондай қасіретті жауыма да тілемеймін... Ал саяси емес, тек қана әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға талап қойған ананы олар жау көргені ме?..
Бізге өмір сыйлаған аналардың бәрі батыр. Себебі – ертең солардан туылған ұрпақтарымыз елімізді өркендетіп, жерімізді қорғайды. Олай болса ана мен бала мәселесіне неге жеткілікті назар аудармаймыз?..
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні