Көпбалалы отбасыға пәтер алуды өзіңізден бастаңыз, Әйтімова ханым
2019 ж. 08 ақпан
4330
1
Бір кездері өзінің пенсиясына таңырқап жүрген Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова кәсіпкерлерді көпбалалы отбасыларға жәрдемдесуге шақырған екен.
«Әсіресе, мол пайда тауып отырған құрылыс компаниялары көмектесуі керек. Яғни, олар өздері салып жатқан тұрғын үйден көпбалалы аналарға пәтер берсін. Мемлекетіміздің әр аймағында осы шаруаны қолға алуымыз қажет», – деді сенат депутаты Бірғаным Әйтімова.
Біздің елде жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын бір созса осы кәсіпкерлер ғана созып жүр онсыз да. Әбілқасымова көпсінген 16 мың теңгенің "айыбын" қайтарып жүрген қайырымды кәсіпкерлер жоқ емес. Билік өз халқына көрсете алмағанды кәсіпкерлердің мойнына арта салатын әдеті...
"Гламурный" шұлық киіп елді шулатқан сенатор игі істі өзінен бастасын. Жалпы, бізде Мәжілісте 107 депутат, Сенатта 47 депутат бар. Парламентте "бөтен" адам жоғын бәрі жақсы біледі ғой. Мандатқа ие боп отырғанның бәрі де ауқатты. Әр депутат бір көпбалалы отбасыға бір-бір пәтерден алып берсін. "Халық қалаулысы" деген жарымаған атақтарыңыз бар. Халық үшін нақты бір көмекті осылай көрсетіңіздер!
"Жастар кредитке өмір сүріп үйренсін" деген сенатор бұл ұсынысын батыр аналарымызға айтпағанына шүкір, әйтеуір.
Бірғаным Сарықызы! Ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Кеше ғана "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде "Сегіз баласымен отын қорада тұрып жатқан көпбалалы ана" туралы ақпарат жарияланды. Көпбалалы аналарға шынайы жаныңыз ашитынын нақты іспен дәлелдеңіз. Кәсіпкерлерге де, кәсіпкерлерден кедей емес депутаттарға да үлгі көрсетіңіз - осы отбасыға баспана алып беріңіз. Көрейік...
Азамат Тасқараұлы, qazaquni.kz