Желтоқсан қазақтың Тәуелсіздікке өту жолындағы паспорты - Құлбек Ергөбек
2021 ж. 09 қыркүйек
1553
2
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған депутаттық сауал жасағанын хабарлаған болатынбыз.
Аталмыш депутаттық сауалға белгілі қаламгер Құлбек Ергөбек өз пікірін редакциямызға жолдаған еді.
***
Қазыбек, айналайын!
Тағы да айналайын, Сен дұрыс мәселе, тіпті ділгір мәселе көтеріп отырсың. Жылда Желтоқсан айында көтеріледі. Желтоқсан өте тынши қалады. Ал, Сен болсаң қыркүйекте көтеріп отырсың. 1. Тіл мәселесін Желтоқсан оқиғасымен байланысты көтеріп, мәселеге кешендік сипат беріп отырсың.
2. Желтоқсан қозғалысын қолдан ұйымдастырғанымыз секілді, енді келіп, шикілігі шығып қала ма, деп қолдан жауып қор болып отырмыз. Декабрь орыстар үшін ХІХ ғасырда жаңа кезеңге өту (формация) өту үшін паспорт болса, Желтоқсан социализм кезінде абыройдан жұрдай болған, ұлттық сипаттан айырылып ада болуға таяған қазақтың Тәуелсіздікке өту жолындағы паспорты.
Енді былай етейік: мәселені Желтоқсан айына дейін күн тәртібінен түсірмейік. Көтере берейік, көтере берейік. Мәселеге бұқаралық сипат дарытайық. Ұлттық нчмысты оятайық Желтоқсан арқылы. Ақырында, Желтоқсан тарихи бағасын алатын болсын.
Желтоқсан оқиғасы кезінде ұлт намысын жырта алмаған, ұлт үшін тұра алмаған, жазалаушы КПСС=тің сөзін сөйлеген бас газетіміз қарабет «Егемен Қазақстан» (логотифін емес, атын өзгертетін уақыт болды) бастап, газеттеріміз қазақ халқынан кешу сұрауы керек. Желтоқсан оқиғасын (қозғалыс) газетке («Социалистік Қазақстан») жалған жазған, жалған жазуға мәжбүр болған біз секілді қарабет қаламгерлер қазақ халқынан кешірім сұрауға тиісті.
Сол кезгі КПСС билігінде болған жандар, кейін қандай қызметте болуына қарамастан қазақтан кешу сұрауға тиісті.
Сөйтіп, Желтоқсан өзінің тарихи бағасын алғанша тыншуға болмайды. Тарихи бағасын алған соң Желтоқсан (16,17,18 күндер) ұлттық, мемлекеттік қаралы күн болып жариялануға тиісті.
Шегінуге жол жоқ!
Мен қасыңдамын.
Ағалық жаралы жүректен Құлбек Ергөбек!
08.08.2021
Түркістан