Қазыбек Иса. АБАҚТЫДА ОҚЫЛҒАН АБАЙ ЖЫРЫ
2020 ж. 10 тамыз
3455
0
АЛТАЙДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?!.
Биылғы сәуір айында белгілі тележурналист Махат Садықтың «Қазақ үні» сайтындағы «Қырымбек Көшербаевтың Абайы» атты мақаласын оқығанда, менің де есіме бірден Мәскеудегі Абай ескерткішімен қатар Өскемен қаласындағы Абай ескерткіші оралды. Ислам Әбішевтің Абайы.
Бүгінде ҚР Мемлекеттік хатшысы, белгілі саясаткер, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Қырымбек Көшербаевтың Мәскеуде тұрғызған Абайына бірден назарың ауады. Ал бұл ескерткіштің графикамен орындалған образды суреті, келісті кескіні тіпті әсерлі. Көзге көркем, көңілге қонымды, ойлы ақынның образы. Бірден ұлы Абайдың "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда" деген жыры ойға орала кетеді. Оның авторы кім екенін білмей отырмын, Махат та айта қоймапты...
2014 жылы "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап, Болат Өтепбаев, Берік Дүйсембинов және біз қостап, іссапармен Мәскеуге барғанымызда бірден Абай ескерткішіне соқтық. Ресейдегі Қазақстан елшілігі алдындағы «Чистопрудный бульвар» деген жерде екен. Онша үлкен болмаса да, ақын кескіні айшықты жасалғанын аңғарғанбыз. Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл қойдық. 2006 жылы 4 сәуірде Қазақстанның тартуы ретінде қоладан жасалған ескерткішті екі елдің президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин ашқан. Авторлары – белгілі мүсінші Марат Әйнеков, сәулетшілер Валерий Романенко мен Тимур Сүлейменов. Ескерткіш құны – 162 миллион теңге. Сол кездегі бағаммен 1 миллион 250 мың доллар. Ақылман Абай терең ой үстінде отыр. Ұлы даланың ұлы ақыны асыл жыры, асып туған ақыл-ойымен әлемге танылды. Қараша ауылда туған қазақтың қара шалы бір кезде кешегі Кеңес империясының астанасы – Мәскеуде де еңселі ескерткіш болып тұратынын ойлады ма екен деймін қиялға беріліп… Бір әттеген-айы ескерткішке «Абай Кунанбаев» деп тек орыс тілінде ғана жазылыпты. Ақыр Қазақстанның өзі жасаған екен, неге Абайдың өз тілінде де: «Абай Құнанбайұлы» деп жазылмағанына қынжыласың… Мысалы, кавказ елдері немесе өзбектер осындай мүмкіндікті өмірі жібермес еді, міндетті түрде өз тілдерінде де жазар еді…
Мәскеуліктерге 2012 жылы Ресей астанасында блогер Алексей Навальный бастап, В.Путинге қарсы митингке шыққан оппозицияның «Оккупай Абай» қозғалысы осы алаңға жиналып, қазақ ақыны Абайға келіп мұң шаққандарын айтып едім, хабарлары бар екен, қостай жөнелді. Иә, соның бірі 2012 жылы 13 мамырда ресейлік белгілі жазушылар Борис Акунин, Дмитрий Быков, Виктор Шендерович, Юлия Латыниналар бастаған он мыңдай оппозицияшылар Абай ескерткішіне кезекті марш ұйымдасырған болатын… Ресей оппозициясы Абай ескерткішіне осы кезден бастап, көңіл аударып, Абай өлеңдерінің аудармасын тауып алып, көптеп шығарып таратып, ескерткіш басында оқып жүрді… Қай кезде де әділдік іздеген халық алдымен ұлтына қарамай-ақ халық мұңын жырлаған ақынға жүгінеді екен ғой деп ойлайсың. Бар халыққа ортақ болып отырған данышпан Абайдың ұлылығына бас иесің.
Шынында да заманынан оқ бойы озып туған ақын Абайдың құдыретіне таңғаласың. 15 миллиондай халқы бар Мәскеуде ақиқатты аңсаған халық әлемдік руханияттың алыптары, ағылшын Шекспирге емес, тіпті өз ұлтының ұлы ақыны орыс Пушкинге емес, данышпан қазақ ақыны ұлы Абайға келіп, шерін шертеді...
Ескерткіш орналасқан алаң шетінде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бар екен. Елшілік үйі төбесіндегі Көк туымызды көріп, көңіліміз өсіп қалды. Алдына суретке түстік.
Иә, биыл Абай жылы болғандықтан, көп жерлерде Абай ескерткіші мен бюстері ашылуда. Суретшілер ұлы ақын портреттерін салуда. Бұл жолда бірізділік болғаны дұрыс деген Махат әріптесімнің ұсынысын қолдаймын.
Өскемендегі Абай ескерткішінің қалай салынғанынан да хабарым бар. Ол ескерткіштің тұрғызылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев тікелей бастамашы болды. Әрине, сол кезде облыс әкімінің идеологиялық орынбасары болып істеген Махат Садықтың ескерткішке тікелей жауапты болғаны өзінің мақаласында толық айтылады.
Абай ескерткішінің тұрғызылуында әсіресе, қала басшысы Ислам Әбішевтің қарымдылығы мен батылдығы үлкен рөл атқарды. Өйткені ол Абай ескерткішінің орнында бұрын коммунистер көсемі Лениннің ескерткіші тұрған болатын. "Красный Восток" аталған, Кремльге қарап сағатын түзейтін Өскемен қаласында пролетариат көсемінің ескерткішінің орнына ұлы Абайдың ескерткішін орнату оңай бола қойған жоқ. Үлкен кедергілерге кездескені, жергілікті кертартпа күштердің қарсылығына тап болғаны белгілі. “Мұнда Абайдың не керегі бар, орыс офицері Майковтың ескерткішін қояйық” деген өзге ұлт өкілдеріне, тіпті өзіміздің кейбір мәңгүрттер де қосылғанда, олардың қалам ұстаған біреуін қала әкімі Ислам Әбішев шақырып алып: “Абайға қарсы тұрғандарды қарғыс атады. Ол қарғыс сенің үрім-бұтағына кетеді” – деуге дейін барды. Бұл Абай ескеркішінің тұрғызылуына облыс пен қала басшыларының қаншалықты қажыр-қайрат жұмсағанының шет-жағасын көрсетсе керек.
Сондықтан Тәуелсіздік алғанына жиырма жылға жуықтаса да, Кеңестің елесінен арылмаған елде наразылық күшейіп кетпеу үшін ескерткіш барынша тез, қысқа уақытта дайын болды. Әрі бұнымен қатар орыстың ұлы ақыны Пушкиннің де бюсті тұрғызылды.
Сөйтіп, қысқа уақытта ұлы Абайдың алып ескерткіші асқар Алтай аясында асқақтап шыға келді. Бұрынғы Ленин ескерткішінен де (қай жерде де күн көсемнің ескерткіштері үлкен болатыны белгілі) анағұрлым биік болып жасалды. Асқар Алтайда асқақтаған Абайдың алып ескерткішінің биіктігі 14 метр, салмағы 5 тонна. Оған облыс бюджетінен 60 миллион теңге бөлінді.
Облыс әкімдігінің алдындағы бұрын Ленин тұрған бас алаңда енді Тәуелсіз Қазақ елінің бас ақыны Ұлы Абайдың тұлғасы тұр.
Абай ескерткішінің авторы, белгілі мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ескен Сіргебаев.
КӨКТЕ ЖҮЗГЕН КӨК ТУ АБАЙ ТҰЛҒАСЫН АСҚАҚТАТТЫ
Алтайда Абай ескерткішінің ашылғаны – Алашта ақ түйенің қарны жарылғаны еді!..
Ежелден көрші екі ел – қазақ пен орыстың ұлы ақындары Абай мен Пушкиннің ескерткіштері қатар ашылуы халықаралық дәрежедегі зор мәдени оқиға болды. Алыс-жақын шетелдерден де қаламгерлер қатысқан қоғамдық -мәдени һәм саяси жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ежелден дос қос халықтың қос алыбы туралы толғамды сөз сөйледі. Астанадан арнайы келген Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев әлем таныған ұлы тұлға Абайдың – қазақтың рухы мен намысы екеніне тоқталып, Өскемен қаласындағы Абайдың ескерткіші Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болған елдің – рухани мінбері болады деп санайтынын айтты. Ескерткішке гүл қойылып, тағзым ету рәсімінен соң сөз қаламгерлерге берілді. Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Қалихан Ысқақ, Төкен Ибрагимов, Нұрлан Оразалин секілді тарландар ерекше әсерлерін білдіріп, Абай ескерткішінің Алтай төрінде ашылуы саяси зор маңызы бар оқиға екеніне тоқталды.
Абай ескеркішін ашылуына көршілес елдерден де біраз қаламгер арнайы келіпті. Тәжіктің саңлақ ақыны Сафар Абдулло, қазаққа елшілігімен де белгілі қырғыз шайыры Ақбар Рысқұлов, орыс ақыны Александр Радионов Ұлы Абай жырының әлемдік мән-маңызын әңгімеледі. Қазаққа алғаш Абай таныстырған орыстың ұлы ақыны Пушкинге де өзінің атындағы кітапхана алдында ескерткіш-бюст орнатылған екен. Қос халықтың қос алыбы кенді Алтайға қатар келіп жатқанының өзі керемет сәулелі сәйкестік емес пе? Мұнда да облыс әкімі мен министр қос халықтың қос ақыны туралы мазмұнды сөз сөйледі. Содан соң сөз алған мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов, “Простор” журналының бас редакторы Валерий Михайлов, т.б. өз ойларын білдірді. “Жұлдыз” журналының бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алтайдан түлеген ақиық ақын Ұлықбек Есдәулетов сол жерде жазылған “Ұлылар” атты сиясы кеппеген су жаңа жырын оқып берді.
– “Өскемендегі ең биік жерге көк туымызды іліп, “Қазақстан” – деп жазып қойдық. Ол күндіз-түні бірден көзге түсіп көрік беріп тұрады”, – деді жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Яғни, бұрын бұл өңірде байқала бермеген ел тәуелсіздігін елегісі келмей, шалқақтағандарды “шаңыраққа қара” деп, тәубесіне түсірудің басты қадамдары өз жемісін бере бастағандай.
Қазақтың аузы дуалы абыздарының бірі, тарлан сыншымыз Тұрсынбек Кәкіш: "Бұл Абайға ғана қойылып жатқан ескерткіш емес, еліміздің тәуелсіздігінің белгісі. Оның үстіне ескерткіштің мынау Қытайға қарай, Ресейге қарай өр Алтайдың төрінде тұруының өзі – қуанышты жағдай. Және бұл Өскеменге қазақ рухының, қазақ ұлтының намысы жеткендігінің үлкен белгісі деп білемін” – деп, әдеттегідей турасын айтты.
“Бұрын Өскемен қазаққа жат көрінетін еді, енді жанымызға жақын тартып, өзіміздікі сезіне бастадық”, – деген Мұрат Әуезовтың сөзінің де жаны бар.
Абай ескерткіші ашылғанда әуеде “Айттым сәлем, Қаламқас” әуенімен бірге ақ көгершіндер қалықтап жүрді. Алып ескеркішті айнала ұшқан көгершіндердің бірі тас тұғырға қонып, ұзақ отыруы да қалың елдің көгершін көңілін білдіргендей әсерге бөледі.
Аллаға шүкір, бір ғасырдан астам уақыт өткенде енді Абайды өз өлкесінде қарсы алып отырмыз! “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”,- деген Ұлы Абайдың зор тұлғасы дін мұсылманның Ұлы мерекесі – қасиетті Рамазан айында ұлықталып, мешітке қарама-қарсы орнатылғаны да құдайдың рахымы деп қабылдадық. Ұлы Абайдың ескерткіші Тәуелсіздіктің баянды бағдары болған Ата Заңымыздың мерекесі қарсаңында ашылуы да табиғи заңдылықтай сезілді. Абай тұрған бас алаңда өтіп жатқан мерекелік шеру Қазақ елінің рухын бір көтеріп тастаған шара болды. Әсіресе көк жүзіне көк туымыз көтеріліп, тікұшақтар айнала ұшып жүргенде, елдік мақтаныш сезімге ерекше бөлендік.
ЕРТІСТІҢ БОЙЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ КЕШ
Абай ескеркіші ашылған күні түсте қала әкімі Ислам Әбішев алыс-жақыннан келген құрметті қонақтарға Ертіс бойын аралатты. Үлкен ақ кемемен өзен бойлап жүзіп отырған қонақтар Шығыстың шырайлы табиғатына көз жеткізіп, таңдай қақты. Бұл бір ерекше жиын, өнер тойы болды. Қонақтарды жылы жаңбырмен қарсы алған Алтай аспаны сәлден соң нұрын шашып шыға келді. Ақ кемеде басталған алқалы жиын екі-үш сағаттан соң Ертістің ең әдемі жағасында жалғасты. Бұл жерде күн батқанша нағыз өнер тойы Ұлы Абайдың бүгінгі ұрпақтарының дарынын танытты. Әйгілі тарландарға жергілікті өнерпаздар да қосылып, Алтай аспаны айшықты ән мен жырға бөленді. Жыр оқыған қонақтар Сафар Абдулло, Ақбар Рысқұлов, Александр Радионовтардан соң, әйгілі “Қызыл көрпесімен” Әзілхан Нұршайықов ортаға шықты. Жыр додасын Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулетов, Қасымхан Бегманов, Тыныштықбек Әбдіәкімов, Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабеков, Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебайлар жалғастырды. Ән бәйгесінде Әшірбек Сығай мен Нұрлан Оразалин ағамыздың үйіндегі Фаузия жеңгеміз дара шықты. Би бәйгесінде сықақшы Еркін Жаппас ерекше көрінді. Жергілікті өнерпаздар да қарап қалмады. “Әкімдері де әнші екен”, деген қонақтар шығыстықтардың шынайы құрметіне шын ризашылықтарын білдірді. Ал қала әкімі Ислам Әбішев терең мазмұнды қорытынды сөз сөйлегенде кілең қасқа мен жайсаң жиылған қаламгерлердің өздері де разы болып, “Өскеменге осындай өткір ойлы, ұлттық рухы биік әкім керек болып жүр еді. Бұл кісінің өзі де жазатын болуы керек” деген болжаммен ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Жиын қайтар жолда қайта жалғасты. Бұрынғы белгілі тележурналист, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Махат Садық та жақсы асабалығын танытты. Абай ескерткішінің авторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі мүсінші Ескен Сергебаев, көрнекті қаламгер Кәдірбек Сегізбаев, әйгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов, “Қазақстан мектебі” журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызы, “Сын” журналының бас редакторы, белгілі сыншы Бақыт Сарбала, “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов және т.б. сөз сөйлеп, жыр оқыды. Бұл тойға шетелден келген қаламдастар да қатысты. Өзіміз куә болған бір жақсылықты айта кетсек, Қытайдың Алтай аймағынан қаламгер Көбен Асқар келді. Жүз жылдығын 2006 жылы Қытай тойлаған, былтыр Қазақстан Жазушылар Одағы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп атап өткен, арғы беттегі Алтайда, қара Ертістің басында өмір сүрген әйгілі ақын, қайраткер Асқар Татанайұлының ұлы, өзі де белгілі ақын, зерттеуші Көбен Асқардың сол күнгі таңда тұңғыш ұл немересі дүниеге келіп еді. Көбен ақсақал Абайдың тойында, Ертістің бойында толқып отырып, осындай ерекше той өткізген Ислам Әбішевке ризалығын білдіріп, сол немересінің атын Ер-Ислам қойып отыр екен. Өзімізге де сөз кезегі тигенде осы тосын жаңалықты жариялағанымызда ел дуылдап кетті. Өзі де сөз алған Көбен ақсақал: “Мен Алтайдың арғы бетінен, Ертістің төрінен келіп отырмын. Абайды Қытайда да қатты қадірлейді. Бүгінгі Өскемендегі Абайға жасалған құрмет ұлттық тұрғыдағы зор ерлік деп білемін. Ол үшін облыс пен қала басшыларына алғыс айтамын. Сондықтан осы тойдың қарсаңында бүгін дүниеге келген тұңғыш ұл немеремнің атын Ертіс бойындағы ерекше қайраты үшін Ер-Ислам деп қойып отырмын”,- дегенде қатты разы болған ел түгел қоштап, алғыс айтты. Өз кезегінде Ислам Әбішев те қадірлі ақсақалды немересімен құттықтап, алғыс айтып, Абай тойының қарсаңында дүниеге келген Ер-Исламға өкіл әке болатындығын жеткізді. Қара Ертістің бойында ақ кемемен армансыз жүзген қонақтар Алтайдағы Абай ескерткішінің ашылуын елдеріне жыр ғып айтып кетті.
АЛТАЙҒА ҰЛЫ АБАЙМЕН ҰЛТТЫҚ РУХ ТА КЕЛДІ
Бір Абай ескерткішінің ашылуы аясында қаншама мәдени-әдеби шаралар өткенін ел жақсы біледі. Төрт жыл қатарынан өткен «Шығыс шынары» халықаралық мүшәйрасында қанша таланттың тұсауы кесіліп, қанша қазақ әдебиетінің қаймақтары Өскеменге келіп, елмен дидарласты. Алты Алаштан жиналған айтулы жыраулар сайысы Алтай аспанын Алаш сазына бөледі. Қаланың қақ ортасындағы саябаққа іші этнографиялық ұлттық қолөнер туындыларына толы алып киіз үйді орнатып қойды. Жыл сайын халықаралық мүсіншілер байқауы өтті. Ертістің бойынан осы мүсіншілер сайысында бағаланған мүсіндер орналасқан «Махаббат аллеясы» ашылды. Онда басты мүсін Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ескерткіші болған аллеяны 2012 жылы махаббат жыршысы Тұманбай Молдағалиев ашты. Ал содан бірер айдан соң Қадыр досының артынан бақилыққа іздеп кеткен Тұмағаңмен қаралы қоштасуға Өскеменнен ұшып келіп, толқып тұрып сөйлеген Ислам Әбішевтың сөзіне ел қатты риза болды.
«Шығыс шынары» жыр мүшәйрасы алғаш өтіп, Алтай баурайы жырға бөленгенде, қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмәділов бастаған тарландардың: «Өскеменге Абай келді. Одан соң Абайдың інілері келді»-деп қуанғаны бұл зор рухани шараның Тәуелсіз Қазақстанымыз бен ұлтымыз үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек! - Соңғы үш-төрт жылдан бері Алтай өңіріне жаратушының ықыласы ауды. Нақтырақ айтсақ, бұл Өскеменге ұлы Абайдың ескерткіші қойылған күннен басталды. Содан бері Өскеменнің бойына қазақилықтың қаны жүгірді. Мен бұл мүшәйраға осымен үшінші жыл келіп отырмын. Басқа ешбір облыс жоқ, ақындардың республикалық мүшәйрасын өткізіп жатқан, – деп Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов ағынан ақтарылған болатын кезекті бір құттықтау сөзінде.
«Шығыс шынары» поэзия фестивалінде ақын Ұлықбек Есдәулет:. – Шығысымыздың шырайы мен шұрайын келтіріп тұрған, Алтай мен Тарбағатайдың, Зайсан мен Марқакөлдің, Алакөлдің, еркелеген Ертістің, Барқытбелдің Қоңыраулы көлінің барша сұлулығын, өр Алтайға тартып өскен ер мінезді жұрттың тұлғасын жырлап жатқан мұндай фестиваль Шығыс өңірінде ғана бар деп мақтанышпен айтамыз. Кезіндегі Көкшетау, Жасыбай, Алатау, Жетісудың сұлулығы жұртқа поэзия арқылы жетсе, бүгінде Шығыстың сұлулығы да жеке жырланып келеді. Шығысымыздың сәулетін жырлаған осы жырлар композиторлардың қолына тиер ме еді? Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Алматыда Шығыс туралы әндер дүниеге келіп жатқанын, «Қаламқас» ансамблі, «Серілер» тобы сияқты музыкалық ұжымдардың айтып жүргеніне куә болып жүрміз. Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз да «Өскеменім», «Оралхан» атты әндерді жуырда сахнаға шығаратынын айтты. Мұның барлығы «Шығыс шынары» фестивалінің арқасы. Бернард Шоу: «Біз ғылыми прогрестің арқасында аспанға құсша ұшуды, суға балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйрене алмадық» деген екен. Меніңше, адамша өмір сүруге үйрететін дүние – поэзия! Поэзия әрі құрал, әрі мектеп, әрі қару. Колумбияда дүниежүзілік поэзия фестиваліне қатыстым. Онда поэзияны қоғамдағы келеңсіздіктермен күресуге, есірткіге қарсы үлкен қару ретінде қолданады. Әлемдік поэзия фестивалін Колумбияны жақсы жағынан көрсету, ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу үшін өткізеді. Фестивальді осыған дейін 22 мәрте өткізген екен. Менің білуімде, одан кейінгі поэзия фестивалі – Өскеменде өтіп келе жатқан «Шығыс шынары». Жәлеләдин Румидің: «Мен қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ, Мен қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» деген сөзі бар. Адамсыз киім жанның жалаңаштығын, жүректің жүдеулігін меңзеп тұрған жоқ па?! Адамның жанын байытатын нәрсе, осы поэзия дер едік. Сондықтан, Абай атамыз Өскеменге келгелі облыс үздіксіз рухани өсу, түлеу үстінде деп ауыз толтырып айтамыз, – деп толғаған еді.
"Шығыс шынары" халықаралық жыр мүшәйрасы Алматыдағы «Тұран» баспасынан көркем безендірілген көлемді үш жинақ болып жарық көрді.
Құрылғанына 295 жылдығын атап өткен Өскемен қаласының тарихында тұңғыш рет қалалық «Өскемен» қазақ газетінің ашылуы да Ислам Әбішевтың Абай ескерткішін тұрғызғанынан бастау алды. «Өскемен» газеті он мың данамен тарады сол кезде. Ал Өскемен қаласы басшылығы тарихында қазақ қызметкерлерінің қазақша тіл сындыруы Ислам Әбішевтың әкім болып келуімен басталады.
Өскеменге біраз ақын-журналистер Исекең әкім болғанда құттықтап келгенімізде ол бізді тікұшаққа салып алып, Алтайдың ғажап табиғатын аралатты. Облыс орталығынан Марқаөлді аралап, Мұзтауды маңайлап ұшып, Қатон-Қарағайға қонған уақыт аралығында мен ғажап табиғаттан шабыттанып, әуеде жыр жазып үлгердім. Тікұшақтан түскен беттегі дастархан үстінде су жаңа жырымды оқып бердім. Исекең қатты риза болып: "Ұлы Абайдың өзі туған облыс орталығына ескерткішін орнатып алдық. Ендеше ақындарға шалқыған шабыт беретін Алтайдың ерекше керемет табиғатын жырлау үшін неге жыр мүшәйрасын өткізбеске?"-деді. Біз әрине, бірден қуана қолдадық. Бұл игі бастаманы кейін ақындар Ұлықбек Есдәулет пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбайға айттық. Ұлағаң бірден ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, басшылық жасап кетті. Қатарынан төрт жыл Алтай аспанын айшықты жырмен тербеген "Шығыс шынары" мүшәйрасы осылай дүниеге келген еді.
Бұны кейін астанаға Су комитеті төрағасы болып ауысып кеткенде мүшәйраға жіберген құттықтауында Исекең: - Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, «Шығыс шынары» бәйгесі мен үшін өзгеше аяулы Алтайдың баурайында өткен азғана жылдардағы Шығыстың шынайы келбетіне таңқалғанда туған бастама еді. Бүкіл түркінің төркіні болған асқар Алтай бүгінде жыр ордасына айналды. Жүрегімнің жартысы қалған жауһар шаһарда жүрек қозғар жыр бәйгесі болып жатқанда, дүлдүлдер дүбіріне алыстан құлақ түріп қана жата беруге шыдамай, аппақ көңіл толқынымен ақжарма лебізімізді ақтарып жатқан жайымыз бар… Ұлы ақындарымыз Қадыр мен Тұманбайдың ақ батасын алған, қаншама таланттардың қанатын қатайтып, поэзия әлеміндегі жаңа есімдердің жарқырауына сеп болған «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының руханият әлеміне берері мол деп білемін. Жүлделі жүйріктер мен өрнекті өлең иелерін құттықтай отырып, Абайдың інілерінің жыр бәйгесіндегі дүбірі алысқа жете берсін деп тілеймін!-деп атап өтеді.
Асқар Алтайда асқақтап тұрған Абай ескерткішін көрген сайын сол бір керемет рухты кезең еске түседі.
Былтыр Ташкентке барғанда өзбектің жас ақыны Фахриддин Хайит Абай ескерткішіне алып барып көрсетті. Қазақ елшілігі орналасқан ғимарат алдына салынған еңселі ескерткіш екен, ішім жылып қалды! Өзбектерде монументальды мүсін өнері жақсы дамыған. Әдебиетшілер алаңындағы Шығыстың ұлы ақыны Әлішер Науайыдан бастаған қаламгерлерге орнатылған ескерткіштерді көрсең, әуесің кетіп, басың айналады...
АБАҚТЫДА ОҚЫЛҒАН АБАЙ ЖЫРЫ
Қоғамда тудырған зор резонансымен былтырғы жылды жазықсыз жала жабылып түрмеге түскен Ислам Әбіштің жылы болды десе де болады. Оған "Қазақ үні" сайтындағы Ислам Әбішке араша сұрап, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жазған Ашық хатты қолдап, ұлт зиялылары бастаған 200 мыңға жуық адам қол қойғаны да дәлел бола алады.
Барлық отырысында да елдің белгілі зиялылары мен тілектестер толып отыратын Ислам Әбіштің әр соты Қазақ тілін қорғау және Қазақ жырын қолдау алаңына айналып кетіп жүрді. Сотты жүргізген Қ.Мекемтасты екі бет қағаздан Қазақ тілінен 76 қате жібергені үшін екі рет, оған араша түсуші сот Шаяхметованы да қазақша сөйлей алмағаны үшін бір рет, жалпы үш рет сотқа сенімсіздік білдірілді. Бұл Қазақ соты тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға!
Сот залындағы осындай үзілістерде жыр мүшәйрасын Ислам көкеміздің өзі бастап жібереді. Ұлы Абайдан бастап, Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың жырымен қостап, қазақтың белгілі ақындарының біразының құлағын шулатады. Содан соң қоршау терезенің ар жағынан: » Ал Қазыбек Иса не дейтінін тыңдаңдар» деп: Жүрдім, жүрдім, жүрдім де, Кетіп қалдым бір күнде… Немкеттілеу ағайын, Неге кеттім, білдің бе»- деп, менің белгілі өлеңімді де нәшіне келтіріп тұрып, шабыттанып оқып береді. Содан соң залда отырған ақындардан өлең сұрайды. Мен өз кезегімде Исекеңнің өзіне арналған «ЕРДІҢ ҚҰНЫ – ТРИЛЛИОН!» жырын оқып беремін.
Мұны естіген қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Исекең туралы арнайы мақала, айшықты жыр жазған Темірхан Медетбек: «Сот залын мүшәйраға айналдырып жібергенсіңдер ме? Жыр оқылған жерде жақсылық болады. Жақсылықтан басқа жасағаны жоқ Ислам ініміз жайлы жақсы хабар күтеміз»-деп хабарласып жатады...
Мен бұл сот залындағы жыр оқылуын неге еске салып отырмын?!. 2018 жылы ақын Серік Сейтманның бастамасымен Алпамыс батыр жырын бүкіл еліміз оқып шығып еді. Былтыр ұлы Абайдың биылғы 175 жылдығына байланысты өлеңдерін оқуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап, оны елдің бәрі жалғастырып әкетті. Белгілі саясаткер Әлихан Баймен Абай өлеңін нақышына келтіріп оқып, эстафетаны маған да жолдаған еді. Әлекеңнің эстафетаны жолдаған төрт адамының ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев та бар екен... Менің де ұлы ақынымыздың төрт өлеңін оқып, жолдаған төрт адамымның бірі - халық қазынасынан триллион үнемдегені үшін.. түрмеге түскен, Шпекбаев басқаратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тергеушілері екі рет инфаркт алса да, үйқамаққа шығармай қамауда ұстап отырған, әкімдердің ақыны атанған, абақтыда намазын ұмытпай, Абай жырларын суытпай оқып жатқан Ислам Әбішев болды. Абай жырын оқу эстафетасын түрмеде қарсы алған Исекең адвокаты Абзал Құспанға Абай жырын жатқа оқып береді. Абай түгілі құдайда да шаруасы жоқ тастүрмедегі тастай күзетшілер оны видеоға жазып алатын телефон құралын пайдалануға рұқсат бермей қояды. Абай атамыздың: «Қайран сөзім қор болды-ау!..»- деген шумағын еріксіз айтуға мәжбүр болған Исекең Абзалға өзі оқыған жырды елге жеткізуді тапсырады. Абзал Құспан аманатты орындап, Абай жырын оқып, бейнебаянға түсірді. Ол "Қазақ үні" ұлттық порталында жарияланды.
Сонымен Ислам Әбіш абақтыда жатса да Абай жырын оқыды. Ал Алик Шпекбаев Абай жырын оқыды ма, оқымады ма, ол жағы беймәлім...
АБАЙ ТОЙЫ - АЛАШ ТОЙЫ
Биыл еліміз үшін ерекше жыл - Ұлы Абайдың 175 жылдығы! Абай десе - қазақ деп, қазақ десе - Абай деп біледі ел қазір. "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасын тереңнен теріп, жыр маржанын шаша білген дананың дара тұлғасын асқақтату жолындағы шаралар жыл басынан бері басталып кеткені анық.
Алдымен 2020 жылдың 9-шы қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргені белгілі.
"Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек"- деп мемлекет басшысы Абай мерейтойының бағыт-бағдары мен маңызын айқындап берді.
Абай тойы былтырдан бері басталып кетті. Абай жырларын оқуға Президенттен оқушыға дейін атсалысты. Яғни, бір жыл бойы ұлы Абай жырлары мен қарасөздерін қайта бір салмақтап, саралап, бүгінгі күні де маңызы арта түскеніне көз жеткізді.
Қазір "қорқыт дегенде, осылай қорқыт дедім бе?" дегендей, кейбір әсіре белсенділеріміздің Абайдың "Орыс тілін білу керек" деген сөзіне жармасатындары көбейді. Ұлы Абай егер қазақтар өз тілін ұмытып қалатынын білгенде, елді ілім-білімге шақырған бұл сөзін айтпас еді деп ойлаймыз. Қазақты еліктеу, солықтаудан, соның ішінде кесір-кесепат, кедергі, келеңсіздіктен тыйып, "Бес нашар істен сақтандырып, негізгі "Бес асыл іске" шақырып келген ұлы ақын һәм хакім ең басты мерездіктен - ұлтты өз тілін ұмытып қалудан сақтандырар еді... Ол заманда Еуропалық дамуға шығар жолда жатқан ең үлкен іргелес ірі елдің үстінен аттап немесе ұшып өтіп кете алмайтының қандай анық болса, саяси бодандығың тағы бар, "орыс тілін" орағытып өте алмайтынымыз бесенеден белгілі жәйт болатын. Әйтпесе, Орта Азиядағы ең бірінші заманауи нағыз партия бола білген, саяси бағдарламасының ең басты бағыттары Ұлтшылдық - Жер мен Тілдің мүддесін қорғау болған Алаш көсемдері Абайды "Қазақтың бас ақыны" (Ахмет Байтұрсынұлы) деп бағалап, өздеріне ұстаз тұтар ма еді... "Бала қай тілде оқыса, сол ұлтқа қызмет етеді" (Жүсіпбек Аймауытұлы) деп ашынған Алаш арыстары ұлт болашағына ең үлкен қатердің қайдан келе жатқанын да жақсы ұғынып, саяси көрегендікпен сақтандыра білді. Қазақтардың өз тілін ұмытып қалғанын өз көзімен көріп кеткен, "Абай екеуміздің арамызда бала жоқ" дейтін, кеше ғана арамызда жүрген Қазақтың Қадырының да: Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!- деген елге әйгілі егіз жолының орындарын ауыстырып: Өз тіліңді бәрің біл- Өзге тілді құрметте!"- деп жазу ойында кеткен болар деп ойлаймыз.
Абай тойы - Алаш тойы! Абай тойын - Ұлы ақын ұлағатын ұлттық тұрғыдан ұға білудің жарқын рухани дүниесіне айналдыра білуіміз керек. Бұған бәріміз де атсалысу ұлттық парызымыз!
Ал енді биылдан бастап, данышпан ақынның туған күні - 10 тамыз - Абай күні болып белгіленді.
Мен де мақаламның түйінін осыдан ширек ғасыр бұрын 1995 жылы жазылған жырыммен, яғни Менің Абайыммен қорытқым келеді.
АБАЙ
Түзелмесе ел – түзелген сөздi ұғар кiм? Түңiлген соң ұмытып кездi жарқын, Жатып апты жақ ашпай жан адамға, Қайран Абай алдында көз жұмардың.
Сұм дүниенiң сырт берген сұрқын көрiп, Ылажсыздан алды ма ырқын берiп... Үнсiз қалған жұмбақ жан сездi ме екен, Үн қатарын әлемге бiр күн келiп...
Сыбырластың сырластан сыйы бөтен, Сынық көңiл сияр ма үйiне кең... Оразбайдың қамшысы күйiк емес, Оянбай ел жатқаны қиын екен...
Сiрi қалып, сiреспе, сiлкiнбеген, Ұлағатты ұқпаса, ұлтың керең... Мұхит жырдың түбiне бойладық па, Бетi тұнық, тереңi бүлкiлдеген...
Тiл қатпадың, тiл алмай тiлмар халқың,
Айыра алар асылдың кiм бар парқын... Мұң-қайғыға уланып мұнар тарттың, Мұқым елiң өзгертпей мұндар қалпын...
Тұйықталды тым-тырыс тылсым кеуде, Кемеңгердiң қай сырын бiлсiн пенде... Жалын көмiп кетiпт Шыңғыстауды, Жарлы емес, зарлы ақын күрсiнгенде...
Ендi бүгiн елiңнiң ең керегi – Сақал бояр саудасы дөңгеледi, Пұлды болсаң құндыға теңгередi, Дарындыны қарынды кем көредi. Өзгеше ыстық қарайтын өркенiң көп, Өзiңе емес...бейнеңе теңгедегi...
Қалмау үшiн қалғумен жолда құлап, Тiрiлген жүр тiрлiгiн зорға құрап... Есек артын жууда естi бiткен, Оңайлықпен табылмас ол да бiрақ...
Күйiнумен көңiлiң қуыс керней, Демеу берер демiксең туыс нендей?.. Уылжыр дәм уыста ерiп кетiп, Уылады таңдайың у iшкендей...
Демi азайып жатса да күнде мейлi, Дерттiзар ғып буса да жыр көмейдi, Үгiтiнен үмiтi үзiлдi ме, Үндемейдi ұлы ақын, үндемейдi...
Сендей дана тудырған ұлы елiмдi, Түгел танып дүние бiле бiлдi. Айтпай кеткен алайда соңғы сөзiң, Бүгiн менiң қинап жүр жүрегiмдi..
Қазыбек ИСА
2020 жыл 10 тамыз
"Қазақ үні"