ТІЛІҢ ҚАНДАЙ БОЛСА, ДІЛІҢ СОНДАЙ!
2020 ж. 01 шілде
3081
0
"ТАЛАСҚА" ТАЛАС ЖОҚ
Мен оншақты күн ауырып жатып, әлеуметтік желіні қарамай қалған едім, бір шу болып өткенге ұқсайды. "Talas" студиясы түсірген қысқа юбка киген қызды қорғаған жігіт туралы ролигі үлкен дауға айналыпты.
Бұл жерде әңгіме "уақыты өтіп кетті ғой" дейтін жеңіл-желпі тақырып емес - Ұлттық тәрбие туралы болып тұр. Оның үстіне менің атымды атап, екі-үш блогер "Осы ұлттық тәрбиеге байланысты шыққан ролик шуға айналғанда Сіздің пікіріңіз естілмеді, білгіміз келеді?" деп "Ел не дейді" тобында жазыпты.
Бірден айту керек, әңгіме шымкенттік "Talas" студиясы түсірген бейнебаян болса, онда оны түсіргендерге де, түсірткендерге де рахмет айту керек!
Қандай оқиға болса да, өткен соң, ыстық-суығы басылған кезде ғана оған талдау жасауға ыңғайлы болады. Ендеше біз де сараптап көрейік деп, ел пікірі қандай болғанын білмекке желіні шолып шықтық.
Бірден байқалғаны, Қазақ тілді контенттің бәрі қолдаған. Роликтің өзін ютубта екі күнде 468 мың адам көріп, оның 25 мыңнан астамы қолдап лайк басқан. Ал қарсы болған дизлайк саны -513. Яғни, 1 пайызға да жетпейді. Сонда 99 пайызға жуығы қолдап отыр. Ендеше неге 1 пайыздың ығына жығыла салған қорытынды жасалған?! Тіпті бейнебаян түпнұсқасын ютубтан өшіруге мәжбүр болған "Талас" студиясы. Бірақ көшірмелеріне қарасаңыз да ел көзқарасы жоғарыда айтқанымыздай қолдаған бәрі. Сонда "мен мини юбка киемін, сондықтан қарсымын" деген 1 пайыздың көңіліне қарап, фильмді өшірткен шешім ол фильмді қалаған 99 пайыздың құқын шектеп тұрғанын неге ойламаймыз?!.
Біз қазақ қызын тәрбиеге шақырған фильмді жабылып жүріп өшірткенде, оны қырғыздар көшіріп алып, орысша субтитрмен қойып қойды ютубқа. Онда да роликке деген ел көзқарасы діліміз бір туыс ел болғандықтан тура біздегімен шамалас. Екі аптада 1,1 миллион адам көрген. Оның 25 мыңы лайк басып қолдаған. Тек 1400-дей қарсы болған! Яғни 5 пайыздай ғана дизлайк. Бірден айтарымыз, көзқарасты комменттерге емес, лайкке қарап бағалаған дұрыс. Өйткені, бір адам бір өзі отырып алып, өзіне ұнамаған соң жүздеген пікір жаза береді. Ал лайкты бір адам бір-ақ рет қана баса алады.
Бізде сол баяғы құлдық санамен қазақ тіліне қарсылықты қолдап, ұлттық мүддеге жат тәрбиені жанталаса жақтайтын, орыстілді сайттардың ойбайына қарап шешім шығарғаны белгілі. Ал қазақ тілді БАҚ қарсы шықаны байқалмайды. Ұлттық мүдде, ұлт тәрбиесіне келгенде "әркімнің өз еркі" деген қағида жүрмеуі керек. Бұл жерде "Талғамға талас жоқ" емес, "Таласқа" талас жоқ! Тағылымды бейнебаян! Осындай тәрбиелік мәнді дүниелерді көбейту керек!
Бұл бейнебаян туралы екі күн бұрын ғана сол Шымкент қаласында тұратын ішкі істер саласының ардагері, бірнеше облыста ішкі істер басқармасын басқарған полковник Әлімхан Әбжанов "Қазақ үні" сайтында өте жақсы жазды. Ол қаланы әдейі ерінбей жаяу аралап шықққан, қыздардың бәрі солай киіне ме екен деп. Шымкентте 200-дей қыздың біреуінен ғана байқап, қуанып қалыпты.
Ендеше шудың үлкені неге Шымкентте шыққан? Бұл жоғарыда айтып отырғанымыздай, санаулы топтың ұлттық тәрбиені насихаттаған фильмге қарсы қасақана түрде жасалған әрекеті деп білуге болады.
Солай киініп жүрген жүзден біреу ғана болса, сол бейнебаянға қарсы болатындар жүзден бір-екеу ғана болуы керек емес пе? Өзі солай киінгендіктен ғана қарсыласудың қажеті жоқ. Етегі қысқаның ақылы да шолақ, ұзарту керек. "Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен де тыйым" деп өскен қазақпыз. Мысалы, сондай киім киген қыз саналы, тәрбиелі, зиялы ортаға кіріп бара алады ма? Жоқ! Ендеше, бейнебаян бейнелегендей бар бәле "спецодеждада" болып тұр. Ролик әдемі келтірген, сырт киіміне қарап полицияны, дәрігерді тануға болатынын. Тапқырлық! Жасыл кеудеше киіп жол жөндеп жатқандарды да қосып жіберсе артық болмас еді...
Осы оқиғадан түйер ой - Тәуелсіздік алған отыз жылдағы жеткен "жетістігіміз" қоғамның екіге бөлінуі. Екі тіл -екі діл - екі әлем екеніне тағы да көз жеткіздік. Тілің бөлек болса, ділің де бөлек! Тіл қандай болса, діл де, тәрбие де, көзқарас та солай! Екі әлемнің тартысына куә болдық тағы да...
Қазақтілді орта фильмді "Қазақ қызын қорғаған қамқор аға" ретінде түгел қолдаған. Ал орыстілді орта "миниюбка киген қызды жезөкше санаған жаман ойлы зорлықшыл еркек" ретінде әдеттегідей байбаламға басқан. Тақырыптары да солай, ниет-пиғылдарына қарай екі түрлі, қарама-қарсы бағытта қойылған. Мысалы, Liter арнасы "Сексистский видеоролик" деп айқайлатып тақырып қойған. Онда қарсы шығушылар, әрине өзге арналарға қарағанда басым. Ал қазақы арналар, мысалы бір арна "Өнеге алар ролик" деп атаған. Онда 90 пайызы қолдаған.
Негізі фильмнің аты "Жезөкше" емес, "Қазақ қызының арын қорғаған жігіт" аталуы керек еді...
Сол секілді бейнебаянда түзеп жіберер майда кемшілік тұстары жоқ емес... Орыстілділердің жабысып отырғандары да сол "сағатың қанша" деген сұрақ. Бұл жерде қыздың қысқа юбка киіміне қарап жезөкше екен деп ойлап қалғанын білдіру мақсатында әдейі сұрап тұрғаны белгілі. Мысалы, менде де осыдан бес-алты жыл бұрын осыған ұқсас кішігірім жәйт болған. "Жұлдыздарымыз қайыршы ма? МИЫҢ БҮТІН БОЛМАСА, КИІМ ЖЫРТЫҚ БОЛАДЫ!.." атты мақалада жазып едім, қайталап кетейін: "Өткенде Астанада есік алдындағы көкөніс дүкеншеден жеміс-жидек алдым. Сатушы қайтарымға бірнеше шақа (монета) берді. Қолыма ұстаған күйі есікке бұрыла бергенде, қасында күйеуі, әлде, жігіті бар бір жас қазақ қыз ба, келіншек пе, кіріп келе жатыр екен… Бет-аузы боянған, менің шашымнан да қысқа шашы күлгін бе, жасыл ма, түсініксіз бір бояуға бояп алыпты. Көзім жұлма-жұлма жыртық жинсиінен жалтырап көрініп келе жатқан тізелеріне түсті… Аяп кеттім де, алақанымдағы майда тиындарды ұсындым… Көзі бақырайып: «Вы что делаете, с ума сошел!»-деп шаңқылдап кетті… «өзінің» тілінде. Мен де өз тілімде: - Қайдан білейін, жыртық-жыртық шалбар киіп алғаныңа қарап, қайыршы ма, бомж ба деп қалғаным ғой!.." - деп жауап бергенім бар. Бұл жерде мен де әдейі солай қабылдап тұрмын ол қызға әсер етсін деп. (Айтпақшы, осы идеяны да ұсынамын "Талас" студиясына).
Одан соң көлік есігін жауып алуды "зорлық" белгісі ретінде қабылдағандар бар. Қарсы пікір жазып отырғанның 90 пайызы жігіттің қызды қорғап отырғанын тіл білмегесін түсінбей сөгіп отыр! Жігіттің "Мен қыздың етегін аңдып жүрген жігіт емеспін. Әр қазақ қызы менің қарындасым" деген сөзі кейіпкердің келбетін айқын көрсетіп тұр. Оның қазақ қызының қымбат арын сақтау керектігі, қызға қорған болар сөздері мен ұлттық тәрбие туралы ұлағатты әңгімесінде орыстілділердің ешқайсысының шаруасы жоқ. Өйткені, олардың ол мағыналы сөздерді түсінуге сауаттары жетпеген. Сондықтан да комммент жазушылардың көбісі фильмде орыс тілінде титр болмағанына өкініш білдіреді... Бір Анара атты ("Анара" емес "Анар" екенін ол бұл дүниеде түсінбей өтетіні анық, өйткені тілі мен ділі басқа) орыстілді қазақ әйелі қызы мектепке мини-юбкамен барғанда мектеп директорының "киіміңді ауыстырып кел" деп қайтарып жібергенін, қызына ескерту жасаудың орнына желөкпе шеше қызының алдына түсіп алып, мектепке жетіп барып, директормен қоса бүкіл мектептің шаңын қаққанын, содан қызы қазір мектепке миниюбканы "демонстративно" киіп барып жүргенін мақтанышпен жеткізіпті! Не деген масқара! Қайда келгенбіз, қайда бара жатырмыз? "Шешесін көр де, қызын ал" дегендей, мұндай шешеден шыққасын да, шектен шығып жүргені қызының... Ол қандай мектеп директоры екен бұған жол беріп қойған... Сол секілді қарсы шығушылардың көп айтатын сөзі "қазір XXI ғасыр" екен-мыс. Ендеше, XXII ғасырда киімнің керегі болмайтын шығар...
Көп сайттар фильмге "Миниюбка киген қыз жезөкшеге телінетін" деп түсіндірме беріпті. Жоқ, олай емес, Қазақ қызын тәрбиеге шақыратын, иә, дәл солай, "жезөкшелік бейнеден" сақтандыратын атышулы видео режиссері, отызға жуық тәрбиелік мәні зор фильмдер авторы Серік Таластың: - Мен кино арқылы тәрбие беруге, әсер етуге болатынын жақсы білемін және өмірде талай басымнан өткен. Біздің мақсатымыз - қазақтың ұлттық тәрбиесін сақтау. Бейне осы мақсатта түсірілген. Тәрбие тал бесіктен басталады. Менің үш қызым бар. Олардың болашағы мені қатты алаңдатады. Біз мәселені ашық көрсетіп, оны кино арқылы шешкіміз келді. - деген сөзінде мәселенің барлығы тұр емес пе?!. Тәрбиелік мәні бар өте жақсы фильм!
Оған қарсы шығып "шуға" айналдырып, тегін жарнама жасап берген сайттарға да "рахмет".
Бір қызығы, аттанға сүрен қосып жатқандар естері шыққандары сонша, бұл тәрбиелік бағытта түсірілген көркем фильм, яғни шығарма екенін естен шығарып алған... Шын өмірдегідей қабылдап, тіпті жергілікті орыстілді феминисткадан бастап, астанадағы белгілі заңгерлерге дейін араласып, енді болмағанда "Қысқа юбкалы қызды қорғау комитеті" құрыла жаздапты... Күлесің бе, жылайсың ба?..
Дегенмен, ең бастысы фильм негізгі мақсатына жетті.
Біріншіден бүкіл халыққа тарады. Көргендердің көргендісі қолдады. Көпшілік көңілдеріне ой түйді.
Екіншіден, "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" дегендей, бұрын тобырға еріп, еліктеп киіп жүрген қыздар сабақ алды. Енді ондай киімі бардың өзі, есі болса, шолақ киімімен тізесін шодырайтып, жартылай жалаңаштанып жүрмейді. Кигелі ұстап тұрып, фильм есіне түсіп, тастай салатыны анық.
Үшіншіден, ел енді ол қысқа етек киімді "Жезөкшенің киімі" деп қабылдайды.
Міне, бейнебаянның, экранның тәрбиелік күші. Өкінішке орай, кейде біздің ел көретін телеарналарымызда да жыртық шалбармен шығып кететін "әншілер" бар. Мысалы, жаңажылдық шоуларда байқап қалдық бір-екі рет. Мәселе, әншіде емес. Миың бүтін болмаса, киім бүтін болмайды. Сондай жалба-жұлба киіммен соларды экранға шығарып жүрген телеарнада. Міне, бұл кері тәрбие беру! Халықтың қаржысы арқасында хабар таратып отырып, халыққа қарсы жұмыс істеу! Өйткені, әншісі телеарнада жыртық шалбар кисе, елікпе-желікпелер не істемейді?!. Жоғарыда айтып өткендей "Қазақ үні" газетінде бұл жыртық шалбар мәселесін бірнеше рет көтергенбіз.
Яғни, ұлттық идеологиялық ұстанымымызды айқындайтын кез баяғыда жетті! Енді кешігіп бара жатқан сайын осылай кемшілігі де шығуда...
Мысалы, сол Шымкент қаласынан екі сағаттық қана жердегі Өзбекстанда осындай фильм шықса, біріншіден, бірігіп алған бір топқа ұнамады екен деп өшіртіп тастамайды. Екіншіден, оларда мұндай тәрбиелік мәні зор фильмге ешкім қарсы шықпайды. Үшіншіден, Өзбекстанда мұндай қысқа юбканы ешкім кимейді.
Яғни, мұндай кино шығарудың да қажеті жоқ.
Себебі, Өзбекстан тілі бір, ділі бір, дәстүрлі ұстанымына берік, ұлттық идеологиясы мықты ел.
Осындай Ұлттық ұғымды ұғындыратын тәрбиелік мәні бар тәлімді дүние жасаған "Талас" студиясына да, оған қолдау жасағандарға да мың алғыс!
Яғни, фильмнің қорытындысында жазылғандай: "Ұлды тәрбиелесең -Елді тәрбиелейсің! Қызды тәрбиелесең - Ұлтты тәрбиелейсің!"
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні