Өскеменде қазақ көшелерінің аздығын жазған журналисті қудалаған басшы қызметінен кетті
2018 ж. 09 сәуір
6461
21
Осыған дейін "Қазақ үні" ұлттық порталы Өскемендегі "Дидар" газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлының жағдайы туралы жазған болатын. Өскеменде қазақ көшелерінің аздығын жазған журналист басшысы тарапынан қудалауға түскенін әлеуметтік желідегі парақшасында ашық мәлімдеген еді.
Аталмыш іске "Қазақ үні" ұлттық порталы тікелей араласты. Порталда жарық көрген "Өскемендегі 706 көшенің 12 пайызы ғана қазақша" атты мақала қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ертесін ШҚО әкімінің идеология бойынша орынбасары Әсем Бекқызы газет редакциясында шұғыл жиналыс ашып, жағдайды бақылауына алды.
Алайда, Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жазылған мақалаға қарсы шыққан басшының жауапкершілікке тартылып, қызметінен кетуін редакциямыз талап етіп, ШҚО әкімі Даниал Ахметовке ашық хат жазды.
Өз кезегінде, Даниал Ахметов Ғарифолла Есім бастаған зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында бұл жағдайдың реттелетінін айтып, уәде берген еді. Зиялы қауым өкілдері "Қазақ үні" бастаған үндеуді қолдап, "Шығыс Ақпарат" басшысы Ирина Якунина мен ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Краснобаеваның қызметтерінен кетуін талап еткен еді.
Бүгін Өскемен қаласының бір топ ақсақалдары мен өңірдегі Рухани келісім кеңесі мүшелері "Қазақ үні" бас редакторы Азамат Тасқараұлына хабарласып, "Шығыс Ақпарат" холдингіне жаңа басшы тағайындалғанын айтып, редакция ұжымына зор алғысын жеткізді. Бұл қызметке ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген Серік Жеңісов тағайындалды.
Мемлекеттік тіл мен ұлттық мүддені қорғау жолында "Қазақ үні" әрдайым талмай еңбек ете береді. Біз барлық оқырман қауымға осы жағдайға алаңдаушылық танытып, қолдағандары үшін алғыс айтамыз.