ШҚО әкіміне ресми сауал: "Рухани жаңғыруды" жазған журналист неге жазаланды?
2018 ж. 18 ақпан
9391
33
Жұрт көкейінде жүрген елдік, мемлекеттік мәселені газет бетінде көтергені үшін өскемендік әріптесіміз жұмыстан шығарыла жаздады. Абырой болғанда, мәселеге журналистер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен облыс әкімдігі дер кезінде араласып, жағдай біршама реттелгендей болды. "Егемен Қазақстан" тілшісі Азамат Қасым осы мәселені терең зерттеп, тайға таңба басқандай етіп бар мәселенің ақ-қарасын оқырман назарына ұсыныпты. Біз сөз бостандығы салтанат құру үшін аталмыш мақаланы "Қазақ үні" оқырмандарына ұсынамыз. Және төменде ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың атына ресми сауал жолдаймыз!
"Рухани жаңғыруды" жазған журналист неге жазықты болды?
Түсінікті болу үшін басынан бастап айтайық. Өскеменде жарық көретін облыстық «Дидар» газетінің биылғы 18 қаңтардағы нөмірінде журналист Мұратхан Кенжеханұлының «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» деген мақаласы шыққан-ды. Мақалада облыс орталығындағы ономастика мәселесі сөз болып, Өскемендегі 706 көшенің тек 82-сі, яғни 12 пайызы ғана қазақша атауларға ие екендігі тілге тиек етіліп, қаладағы Паровоз, Трактор деген секілді мән-мағынасы жоқ көшелердің орнына Әлихан Бөкейханов, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Мүсілім Құмарбеков, Қанипа Бітібаева, Рүстем Есдәулетов секілді еліміз мен өңірімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілсе деген ұсыныс айтылған болатын. Биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтілетін әйгілі батыр Қасым Қайсеновтің кеуде мүсіні жанармай құю стансасының ауласында елеусіз орын тепкені, керісінше Кировтың ескерткіші саябақ ішінде асқақтап тұрғаны да тілге тиек етілген-ді. Бұл мәселелер республикалық және жергілікті БАҚ-тарда бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді. Алайда мақала авторы М.Кенжеханұлы 8 ақпанда өзінің фейсбуктегі парақшасында осы мақаланы жазғаны үшін басшылық тарапынан сөгіс алғанын күйіне жазғанда, әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі қатты алаңдаушылық танытқанын аңғардық. Жазбадан қысқаша үзінді келтірейік.
«Оқырмандарға ұнаған дүние басшымызға ұнамай жатыр. Ирина Якунина деген «Шығыс-Ақпарат» ЖШС-нің директоры осы мақаладан кейін ізіме шам алып түсті. Мақаланы анда апарып, мұнда апарып саралатты, ішінен кемшілік іздеді. «Ақыры ешкімнен пікір келтірмегенсің» деп шүйлікті. Мен Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алғызған, қала әкімі орынбасарының қолы қойылған жазбаша жауабымды көрсетсем, «бұл ономастиканың басшысы емес» деп теріс қарады. Түсініктеме жазудан мен де бас тарттым. Ұлттық рух жайында жазған дүнием мемлекеттік тілді білмейтін басшыға ұнамағанына күйіндім», деп жазған-ды ол өзінің фейсбуктегі жазбасында. Автордың бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жастар елдік мәселені көтергені үшін журналистің жазаланғаны әділетсіз шешім екендігін айтып, өз наразылықтарын білдіріп, жұртшылықты журналисті қолдауға шақырған болатын. Содан не керек, журналистің жанайқайы ақыры облыс әкімдігіне жетіп, 9 ақпан күні облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Дидар» газетінің редакциясына арнайы келіп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Мақалада ешқандай ұлт араздықты қоздыру фактілерінің жоқ екендігін, керісінше өте өзекті, ел көкейінде жүрген мәселе қозғалғанын айтып, Өскемендегі орталық көшелерге елімізге, мемлекетімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілуі керектігіне тоқталды.
[caption id="" align="aligncenter" width="672"] ШҚО әкімінің орынбасары Ә. Нүсіпова[/caption]«Шынында да, Орджоникидзе, Киров, Дзержинский, Питер коммунарлары секілді көшелердің аттары ауыстырылып, елге еңбегі сіңген тұлғаларымыз Өскемен көшелерінен лайықты орын алуы керек. Қасым Қайсенов секілді батырларымыз жанармай бекетінің жанында тұрмауы қажет», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Және мақаланы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы дұрыс түсінбей, «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директорынан түсініктеме алғанын, ал «Шығыс-Ақпарат» басшысы мақаладағы мәселелердің мән-жайына толық үңілмей журналисті жазалағаны дұрыс еместігін айтып, оған берілген сөгісті алып тастауды тапсырды. Байқағанымыз, осындай келеңсіздіктің орын алуына облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысы мен «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директорының мемлекеттік тілді білмеуі басты себеп болған секілді. «Дидар» газетінің журналистері де кездесу кезінде басшының мемлекеттік тілді білмеуі жұмыс барысында қиындық тудыратынын айтты. Қоғам белсендісі Әділ Қаратай мен Өскемендегі драма театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев жиында облыс әкімінің орынбасарына өңірдегі ең үлкен қос газет «Дидар» мен «Рудный Алтайды» қазақ-орыс тілдерін жетік білетін басшы басқаруы керектігін жеткізді. Газет журналистерінің жазған мақаласы үшін сөгіс алуы, жалпы журналистер қауымына шығармашылық еркіндік берілмеуі өңірдегі ардагерлерді де алаңдатып отыр.
«Егеменнің» тұрақты оқырмандарының бірі, қарт журналист Мұрат Әміренов жақында редакцияға хат жолдапты.
«Жуықта «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір мақаланы оқиын деп редакцияға барайын. Сөйтсем, редакцияға бұл газет келмейді екен. Себебін сұрасам, «Ой, аға, жаңа директор келгеннен кейін «Егемен» сап тыйылған, ал «Казправда» баяғысынша келіп тұр» деп жігіттер қарап тұр. Күлерімді де, жыларымды да білмедім. Сонда деймін-ау, мемлекеттік тілде шығатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» Якунинаға неге керек болмай қалды екен? Ал қазақ журналистеріне ауадай қажет газет емес пе? Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, қазір «Дидардың» журналистері өз газетінде ұлт мүддесін көздейтін материалдар жариялаудан қаймығып қалған. Алда-жалда осы ұлттық тақырыпты көтерген мәселелер жарық көре қалса, директор ерін бауырына алып тулайтын көрінеді. Үшіншіден, биылғы жылдың басынан бері «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінде ортақ қосымша ретінде телеарналардың бағдарламасы беріле бастады. Солардың ішінде отандық телеарналар саны – 13, ресейлік арналар – 38. «Отау тв» желісіндегі арналардың ешбірі бағдарламада жоқ. Директордың айтуынша, аталмыш ресейлік арнаның бәрі министрлікте тіркелген көрінеді», – деп жазады қарт журналист.
Шығыс Қазақстандағы 90 жылға жуық тарихы бар қара шаңырақ «Дидар» газетіндегі осындай келеңсіз жайттар басылым журналистерін ғана емес, республикадағы, өңірдегі зиялы қауым өкілдерін де алаңдатып отыр. Олар облыс әкімдігі, облыстық Ішкі саясат басқармасы тарапынан тиісті шешім қабылданып, түйткілді мәселелер оң шешім табарына сенеді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ШҚО әкімі Даниал Ахметовке
РЕСМИ САУАЛ
Құрметті Даниал Кенжетайұлы!
2018 жылғы 14 ақпанда еліміздің бас газеті "Егемен Қазақстан" газетінде Азамат Қасымның "Журналист неге жазықты болды?" (https://egemen.kz/article/164964-zhurnalist-nege-zhazyqty-boldy) атты мақаласы жарияланды.
Онда журналист "Шығыс-Ақпарат" ЖШС директоры Ирина Якунинаның облыстық "Дидар" газетінің журналисті Мұратхан Кенжеханұлын қудалауы туралы айта келе, 9 ақпан күні облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Дидар» газетінің редакциясына арнайы келіп, жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, мақалада ешқандай ұлт араздықты қоздыру фактілерінің жоқ екендігін, керісінше өте өзекті, ел көкейінде жүрген мәселе қозғалғанын айтқанын, Өскемендегі орталық көшелерге елімізге, мемлекетімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілуі керектігіне тоқталғанын айтады.
Сондай-ақ, Əсем Нүсіпова мақаланы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы дұрыс түсінбей, «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директорынан түсініктеме алғанын, ал «Шығыс-Ақпарат» басшысы мақаладағы мәселелердің мән-жайына толық үңілмей журналисті жазалағанын жеткізді.
Демек осындай келеңсіздіктің орын алуына облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева мен «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунинаның мемлекеттік тілді білмеуі басты себеп болып отыр.
Осыған байланысты, Даниал Кенжетайұлы, бірқатар сауалға өз атыңызбен жауап берсеңіз:
1. Өскеменде 706 көшенің 12 пайызы ғана қазақша болғанына кім кінəлі?Тəуелсіздік алғалы 27 жылда ономастика мəселесін түбегейлі шешуге не немесе кім кедергі болып отыр? Алдағы уақытта мəселені қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?
2018-2019 жылдары Өскеменнің қанша көшесі қазақшаланады? Қаншасына Алаш арыстарының есімі беріледі?
2. Сіздің ойыңызша қазіргі Өскемен қазақтың қаласы ма, əлде 1720 жылы негізі қаланған орыс бекінісі ме?
3. ШҚО-ның, соның ішінде Өскеменнің этникалық құрамы, жас ерекшеліктері, көшіп кету, келу көрсеткіштері, 2030 жəне 2050 жылдарға қарай болжамды этникалық құрамы қандай болады?
4. ШҚО жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметте қанша адам жұмыс істейді? Олардың мемлекеттік тілді білу деңгейі қандай?
5. Облыстың идеологиялық жұмысына басты жауапты ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Н. Краснобаеваның мемлекеттік тілді білмейтіндігі облыс басшысы ретінде Сізді алаңдатпай ма? Осы ШҚО ІСБ мен «Дидар», «Рудный Алтай» сияқты облыстың басты басылымдарына басшылық етіп отырған "Шығыс-Ақпарат" ЖШС басшылары қазақ-орыс тілдерін жетік білетін басшы басқаруы керек деп ойламайсыз ба?
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңының 18-1 бабына сəйкес белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз. Қазақ үніЕске сала кетейік, Мұратхан Кенжеханның аталмыш мақаласы "Қазақ үні" ұлттық порталында "Өскеменде 706 көшенің 12 пайызы ғана қазақша" деген атаумен жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырған.