Ислам Әбішевтің атынан қорғаушысы Абзал Құспан Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қатысты (видео)
2019 ж. 08 тамыз
3744
3
Белгілі адвокат Абзал Құспан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастарды.
Еске сала кетсек, осыған дейін танымал ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса аталмыш эстафетаны саясаткер Әлихан Байменнен қабылдап, Ислам Әбішевке, елорда әкімі Алтай Көлгіновке, танымал әншілер Жұбаныш Жексенұлы мен Меруерт Түсіпбаеваға жолдаған болатын.
- Әлекең эстафетаны төрт адамға жолдапты. Олар – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевқа, Мемлекеттік қызмет агенттігі төрайымы Анар Жайылғановаға және ақындар Ғалым Жайлыбай екеумізге жіберіпті. Мен де бүгін ұлы ақынымыздың төрт өлеңін оқып, төрт адамға жолдаймын. Олардың алғашқысын халық қазынасынан триллион үнемдегені үшін.. түрмеге түскен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тергеушілері екі рет инфаркт алса да, үйқамаққа шығармай қамауда ұстап отырған, әкімдердің ақыны атанған, абақтыда намазы мен Абай жырларын оқып жатқан Ислам Әбішевке жолдаймын. Сонымен бірге астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке және қазақтың әйгілі әншілері Жұбаныш Жексенұлымен Меруерт Түсіпбаеваға жолдаймын, - деген еді ақын Қазыбек Иса өз сөзінде.
Осыған байланысты адвокат Абзал Құспан аталмыш эстафетаны Ислам Әбішевтің атынан жалғастырып, Абайдың бір шумақ өлеңін оқып берді.
- "Қазақ үні" газетінің Президенті Қазыбек Иса ағамыз Абай өлеңдерін оқу эстафетасын менің қорғауымдағы Ислам Әбішев ағамызға жолдаған екен. Алайда, біздің Қазақстанның заңдары бойынша Ислам ағамыз қазіргі уақытта темір тордың ар жағында жатыр. Ол жерге не ұялы телефон, не болмаса камера кіргізуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол себепті Ислам ағамыздың атынан, оның қорғаушысы ретінде мен мына бір өлең жолдарын жолдағым келеді. Абай атамыздың "Көк тұман" деген өлеңін әрбір қазақ біледі, - деген Абзал Құспан ақынның аталмыш өлеңінен үзінді оқып берді.
[video width="640" height="352" mp4="https://qazaquni.kz/wp-content/uploads/2019/08/2019080803585548.mp4"][/video]