Шенеунік жол жөндеуге бөлінген 6 млн теңгені жымқырған
2019 ж. 23 қаңтар
3310
1
Павлодар қаласындағы Ленин кентінің әкімі парақорлық бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кент әкімі «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын кәсіпкердің есеп айырысу шотына аудару арқылы жымқырған деген күдікке ілінді. Тергеу жұмыстары жалғасуда», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Астанада өткен брифингте.
Сонымен бірге, Павлодар облысы бойынша ТЖД басқарма басшысының құқыққа қайшы әрекеттерінің жолы кесілді.
«Ұлттық бюроның Павлодар облысы бойынша департаменті облыстық ТЖ департаментінің басқарма басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол өрт қауіпсіздігіндегі бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды мәжбүрлі орындау туралы материалды сотқа жолдамағаны үшін ЖШС өкілінен 500 мың теңге пара алғанын мойындады», - деді Жанна Бастарова.
Кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктілерге қатысты процессуалдық қамау шарасы қолданылмаған.