Елбасы «7-20-25» туралы: Мемлекет мұнан артық жеңілдік жасай алмайды
2018 ж. 28 қараша
3380
1
«7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуын үкіметтік емес ұйымдар бақылауға алуы тиіс. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғын үй құрылысы бойынша бағдарлама бар. Не істеу керек? Алатын пәтердің жалпы құнының 50, 70 пайызын емес не бәрі 20 пайыз құнын жинауыңыз қажет. 25 жылға 7 пайызбен несие аласыз. Мен есептеп шықтым. Егер отбасыда 2 адам жұмыс істейтін болса, табыстарының 20-30 пайызын төлеп тұра алады. Төлеп біткеннен кейін пәтер сенікі болады», - деді Елбасы.
ҚР Президентінің пайымынша, әлемнің еш жерінде мұндай бағдарлама жоқ.
«Біз мұны жасадық, оны жұмыс істеп, пайдалану қажет. Ниет танытушылар аз дейді. Біз барлығын итермелейміз. Қалағандары алсын. Мемлекет мұнан артық жеңілдік бере алмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуын үкіметтік емес ұйымдар бақылауға алуы тиістігін атап өтті.