Бірлігі мықты жастар - болашаққа жол бастар

Алматыдағы «Достық» үйінде өткен дүбірлі іс-шара білікті жастардың жұдырықтай жұмылуы ұранын басшылыққа алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы жастардың орны» тақырыбындағы дөңгелек үстелді Алматы қаласы әкімшілігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен республикалық Қазақстан Халық ассамблеясының «Жарасым» жастар ұйымы ұйымдастырды.

Оған қаладағы алты жоғары оқу орнының студенттері, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени орталық өкілдері, журналистер, жас блогерлер қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Атап айтқанда, «Жастар – қала қауіпсіздігін қолдайды», «Жастардың қоғамдық сананы жаңғыртудағы ролі», «Көшбасшылық. Команда. Коммуникация. Өзін-өзі басқару» және «Қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбы талқыланды.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы әкімшілігі жастар саясатымен белсенді айналыса бастағаны мәлім. Соның дәлеліндей, кейінде жаңа жұмыс орындары ашылып, қыз-жігіттердің қоғамдағы өз орындарын табу бағытында тиімді жағдайлар туғызылып келеді. Жастар арасында орта және шағын бизнесті дамыту, білім сапасын арттыру ісі жандана түсті. Дегенмен, әлі күнге дейін өз шешімін күткен жәйттер баршылық. Түйткілді тұстар да аз емес. Ал бұлар нендей жолдар арқылы шешіледі?

Міне, осы негіздегі түрлі сауалдарға Қазақстан Халық ассамблеясы жанындағы республикалық «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Расул Ахметов, Алматы қаласы Қазақстан Халық ассамблеясы Секретариаты меңгерушісі Назар Балғымбаев, Алматы қаласы әкімдігі «Қоғамдық келісім» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі аппаратының директоры Жанар Мұрынова, Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек, PHD докторы, теолог Расим Челидзе және басқалар кеңінен жауап берді.

Қазіргі таңда өз орындарын қоғамдағы жетекшіліктен іздейтін жастар жеткілікті. Сондықтан ауқымды іс-шараның екінші бөлігі «Көшбасшылық. Команда. Коммуникация. Өзін-өзі басқару мектебі» тақырыбына арналды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх жиналған жастарға екі сағат бойы жетекшілік, жол бастаушылық қабылетін дамытудағы, көпшілікпен өзара тіл табысу өнерін жетілдірудегі құпияларымен бөлісті. Өйткені дәл қазіргі кезеңде қалаға өз ісін жетік, білікті, алғыр, жігерлі жастар: келешек көшбасшылар, қоғамдық жетекшілер және әкімшілік еңбеккерлер аса қажет.

Ал бұларға нақты бағыт көрсетіп, ең озық білім, тәжірибемен қаруландыру маңызды.

Іс-шара Алматы қаласы көшелеріндегі «Біз латын әліпбиін қолдаймыз» шеруі мен қазақ әліпбиін латыншаға көшіруді құптауға негізделген «Q буынының жастары» акциясына жалғасты.

Жиынға қатысушы жүз қаралы студент жастар «Достық» үйінен шығып, республикалық Қазақстан Халық ассамблеясы эмлемасы бейнеленген үлкен баннерге «Біз латын әліпбиін қолдаймыз!» деп өз қолдарын қойды.

Бұдан соң Панфилов, Қабанбай батыр, Жібек жолы көшелерімен жаяу жүріп барып, «Арбат» алаңына жетті. Онда өзге ұлт өкілдерімен бірігіп домбыра тартып, қазақ әндерін шырқата орындады.

ОЙ. КӨЗҚАРАС. ПІКІР.

Қазақстан Халық ассамблеясы жанындағы республикалық «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Расул Ахметов:

– Алматыдай мегаполиске көршілес елдімекендерден, іргелес ауылдардан жастар легі жиі ағылатыны заңдылық. Олар жұмыс іздейді немесе оқуға түсуге ұмтылады. Бұлардың арасында үлкен өмірге даярлығы төмен қыз-жігіттердің көбірек кездесетіні де жасырын емес. Сол себептен де болар, мұндай жастар жалған діни ағымдардың тұзағына түсіп, қылмыстық топтардың ықпалына тез ілігіп кетіп жатады. Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – оларды осындай теріс жолға түсірмеу үшін лайықты шаралар ұйымдастыру.

Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек:

– Кейінде қалада жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіші азайғанын атап айтқанымыз жөн секілді. Көбінесе, келеңсіз жәйттерге, қылмысқа баратын серіктес-қалалар – Талғар, Есік, Қарасай ауданынан келетін жастар екені айқындалды.

Біз өз ісімізге жастарды белсенді түрде тартып отырамыз. Біздің құрылымда жастар құрылымдары, студенттік отрядтар жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, қалада 213 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Олардың 87 % – жоғары немесе арнайы оқу орындарындағы, колледждердегі жастар. Бұлар учаскелік және мектеп инспекторларымен тығыз байланыса отырып, студенттік жатақханалардағы, би алаңдарындағы тәртіпті қадағалайды. Мұндай жобаның 2007 жылы пайда болғаннан бері үнемі оң нәтиже беріп келе жатқанын айта кетейік. Тәжірибемізді біртіндеп бүкіл ел қабылдап жатқаны да көңіл қуантады. Біз «Түнгі қаладағы балалар», «Каникулдар», «Заң және тәртып» аталатын профилактикалық шаралар өткіземіз. Мұның бәрі балалардың жағымсыз ағымдарға түсіп кетпеуі үшін жасалады. Әрине, басты аспект – отбасы. Жыл басынан бері 117 ата-ана өз балаларына дұрыс

қарамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 адам ата-аналық құқынан айырылды. Жалпы алғанда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2,5 есе азайды. Ең бастысы – мектептердегі ұрлық, күштеп тартып алу секілді мүліктік қылмыстарды жойдық.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аппаратының директоры Жанар Мұрынова:

– Бүгінде жұмыс жоспарымыз барлық мемлекеттік органдар – аудандық Ішкі істер басқармасы, прокуратура, білім беру мекемелерімен бірлесе жасалады. Жұмысқа аиа-аналарды да белсенді түрде тартып отырамыз. Сондай-ақ әлеуметтік еңбеккерлер мен ата-аналар комитеттері бар. Іс нәтижесі айтарлықтай.

Бүгінде Алматыда 100 ұлттың өкілі тұрады. 34 этно-мәдени бірлестік бар. Аналар кеңесі, Жастар қанаты жұмыс атқаратын «Қоғамдық келісім» мекемесі жастар алдындағы ділгірліктерді шешуде қомақты орын алып отырғанын мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қызметкері, «Парасат» жастар тобының мүшесі Шалқар Нұрғазы:

– Қазіргі дүниежүзілік проблемалардың ішінде экологиялық мәселе басты назарда тұр десек артық айтқандық емес. Бұл жағынан ахуалдың нашарлауына басты себеп – адамзаттың табиғатпен санаспауы, түрлі ядролық жарылыстар жасауы, түрлі улы өнеркәсіп орындарының көбеюі, көлік нөпірінің артуы екені белгілі.

Ал біздің өзіміздің гүл қаламыз Алматыға келсек, бұл жағынан мақтанатын жағдайларымыз баршылық. Рас, біздің мегаполис теңіз деңгейінен біршама төмен орналасқаны, сондай-ақ ару Алматыда да жеңіл көлік шамадан тыс көбейгені жасырын емес. Дегенмен, қала әкімі Бауыржан Байбек Панфилов, Жібек жолы, Қабанбай батыр, Гоголь көшелерінің аумағына көптеп ағаш отырғызу, әсем шаһарды мейлінше көгалдандыру ісіне тікелей өзі қатысып, көпшілік жастарға үлгі көрсетумен келеді. Биыл Алматыда бұған да қоса 26 мыңнан аса ағаш пен 2 мың көшет отырғызу жоспарланған. Біздің Ұлттық кітапхана ұжымы да осынау шараларға белсене қатысып келеді.

Кейінде Алматы жастары ауа тазалығын, елдімекен экологиясын сақтау ісіне лайықты көңіл бөле бастағаны қуантады. Біз біріксек, аспайтын асу, алынбайтын қамал болмақ емес. Қала қауіпсіздігі дегенде, ең алдымен барлық істі тазалық сақтаудан бастасақ дегім келеді.

Қазақстан Коммунистік партиясы Алматы қалалық жастар комитетінің жетекшісі Мұхтар Рақымжанов:

– Қала жастарын мәдени өмірге көптепп тарту жұмысы да кезек күттірмейтіні даусыз. Себебі, кейінде олардың нашақорлық, ішімдікке салынушылық, түрлі қылмыстық жолдарға түсі сияқты келеңсіз көріністер күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан бұл бағытта біздің Қазақстан Халық

ассамблеясы жанындағы «Жарасым» жастар ұйымымен бірлесе атқарып келе жатқан және келешекте орындалатын жоспарларымыз өте көп.

Қазақ үні