Қазақстанның Ресеймен бірігуін қолдаған Ермек Тайшыбеков бостандыққа шықты
2017 ж. 23 қазан
2866
14
«Қазақстанды ұлы ел деп санамайтынын, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлы адам деп танитын, Қазақстанның Ресеймен бірігуін сұраған» Ермек Тайшыбеков мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Бұл туралы блогер Ринат Кибраев видео сұхбаты арқылы хабарлады.
Аталмыш жаңалықты ресейлік БАҚ «Жақсы жаңалық», «Қазақстандағы орыс фобиясына қарсы күрескер бостандыққа шықты» деген тақырыппен атойлап жаппай жазып жатыр. Олар үшін жақсы жаңалық болмай қайтсін. Себебі Ермек Тайшыбеков Қазақстан мен Ресейдің бірігуін қолдағандардың бірі де бірегейі.
Ермек Тайшыбеков әлеуметтік желіде Қазақстан мен Ресей біріксе Нұрсұлтан Назарбаев «бірлескен мемлекеттің» президенті, ал Ресей президенті Владимир Путин – арнайы қызмет басшысы болғаны жөн» деп жазған.
Қазақ жігітінің ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен келген тәуелсіздік, әрбір қазаққа аманат етіп берілген Қазақстан атты кең байтақ жерді Ресейге беруді сұраған қазақ жігітінің мұндай қадамын қатаң сынға алғандардың қарасы көп болғаны бесенеден белгілі.
Аталмыш ойларымен қазақ халқының қытығына тиіп, ашуын келтірген Ермек Тайшыбеков ұлтаралық араздық тудырды деген айыппен сотталған. Жамбыл облысы Қордай аудандық соты оны 4 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтеуге үкім еткен.
Ермек Тойшыбеков оның екі жылын отырда да, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Ресейге бірігуді сұраған, ұлтараздықты қоздырған адам екі жыл ғана түрмеде отырып бостандыққа шықса, неліктен Макс Боқаев, Талғант Аян, Арон Атабек, Сейтқазы Матаевтардың әлі күнге дейін темір тордың арғы жағында отырғаны түсініксіз.
Отанын ұлы ел деп санамайтын және тәуелсіз Қазақстанды өзгенің бодандығына беруге әзір адамның бостандықта, бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен көзінің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа, бізге аманат етіп жеткізген жерінде емін-еркін жүріп, ауасын тыныстап жүргенде, неліктен Қазақстанның жері жалға берілмеуі үшін күрескен азаматтар қапаста отыруы керек?!
Кіндік қаны тамған жерін, бүлкіл болмысы, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ділі, діні сіңген Отанын ұлы деп санамайтын адамның Қазақстанға зиянын тигізбесе, пайда әкелмейтіні хақ.
Ермек Тайшыбеков бостандыққа шыққаннан кейін блогер Ринат Кибраев одан сұхбат алып, оны желіге жариялады.
Ринат Кибраветың өзі де өткен жылы "жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу" айыбымен сотталған. Ол бір жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасының үштен бірін өтеп, жазаның қалған бөлігін айыппұл төлеумен ауыстыру туралы сот шешімі күшіне енген.