Елімізде 2,5 млн адам немесе халықтың 14%-ы баспанаға мұқтаж, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда 2,5 млн адам баспанаға мұқтаж
2017 ж. 21 тамыз
1497
5
Өткен жылдың соңында баспанаға мұқтаждардың саны 2,5 млн адамға немесе халықтың 14%-ына жетті. 2030 жылға қарай БҰҰ стандарттарына жету үшін елімізде алдағы 14 жылда тұрғын үй қорын 2 есе ұлғайту қажет. Тұрғын үйқорының орташа жылдық өсімі 5%-дан төмен болмауы тиіс. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 0,7% ғана болған екен.
Соңғы үш жылда Қазақстанда құрылыс белсенділігі 40%-ға өсіп, өткен жылдың соңында адам басына 0,59 шаршы метрді құрады. Егер осы белсенділік сақталып қалса, жылына адам басына 1 шаршы метр көрсеткішке 2020 жылға қарай қол жеткізуге болады.
2017 жылдың қаңтар-шілдесінде 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс белсенділігі өсімін қолдау үшін жыл соңына дейін кем дегенде 6 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс.Оған жету үшін ең алдымен ауылды жерлердегі құрылысты жандандыру маңызды, қазір ауылдардағы көрсеткіш қаламен салыстырғанда 2 есе аз немесе жылына адам басына 0,37 шарш метрден ғана келеді.
Алдағы жылдары осы қарқын сақталған жағдайда ауыл 2024 жылы бар болғаны адам басына 1 шаршы метр көрсеткішке жетеді екен.
Халықты баспанамен қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тарту мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті ынталандыру шараларын атауға болады. Дегенмен 2017 жылдың қаңтар-шілдесінде тұрғын үй құрылысындағы жеке инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға немесе 22 млрд теңгеге қысқарып, 352 млрд теңгені құрады. Ал бюджеттік инвестиция 95%-ға ұлғайып, 73 млрд теңгеге жетті.