Павлодарда кішкентай қызын аяусыз ұрған әйел соттан тізерлеп кешірім сұрады
2016 ж. 29 қараша
3366
0
Үш жасар қызын аяусыз ұрған Нұргүл Докуова соттың алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Әйел сотты жақсы ана екеніне сендірмек болды, деп хабарлайды Baq.kz.
"Мен өз балаларымды ешқашан ренжіткен емеспін. Кінәлі екенімді білемін. Бір рет қана қол жұмсап едім. Енді ешқашан балаларымды ұрмаймын. Балаларымды тартып алса, өмір сүргім келмейді!", - деді ол.
Әйелдің өзі түсірген бейнежазбаны қайта көргеннен кейін сот процесін тоқтата тұруға тура келді. Нұргүл Докуова еңіреп жылап, айқайлап, залды басына көтерді.
Қыздың әкесінің қорғаушысы Гүлбақыт Бижанова 2014 жылы Айлин екі рет облыстық балалар ауруханасына түскенін хабарлады. 10 маусымда травматолог дәрігер баланы рентгенге түсіріп, сол жақ иық сүйегі зақымданғанын анықтаған.
Төрт күннен кейін Айлин облыстық ауруханаға қайта түседі. Дегенмен мемлекеттік айыптаушы бұл мәліметке күдік келтіріп, оны анықтау қажет екенін айтты.
Сотта Нұргүл Докуова бірге тұрған жігіті Ермұрат ішкілікке салынып кеткенін алға тартты. Ал дауға балалардың әжесі балабақша мен мектепке барғаны себеп болыпты.
Еске салайық, Павлодар қаласының тұрғыны туған қызын аяусыз ұрып жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіге таралып кеткен болатын. Облыстық ІІД аталмыш дерекке байланысты ҚР ҚК-нің 140-бабы, 2-бөлімі (балаларға аяусыздық таныту) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді.
Қылмыстық кодекстің аталмыш бабы негізінде ананың кінәсі расталған жағдайда, 300 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 75 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Өз баласын ұрып-соғып, видеоға түсірген қатыгез анаға қатысты іс қозғалғаны белгілі. Бүлдіршінді анасының аяусыз ұрып-соғуы туралы видео Instagram әлеуметтік желісінде жария болған еді. Кадрлардан әйелдің бүлдіршінді видеоға түсіре отырып, бетінен, басынан ұрғанын көруге болады. Кейін тамағынан қысып, жылап жатқан баланың үнін өшіргісі келеді. Әйел мұнысымен де тоқтамай, бүлдіршінді ұрғылай береді. Кадр сыртында "Ана, тоқтат!" деген тағы бір қыздың даусы естіледі. Қыз шешесін тоқтатпақ боалды, бірақ анасы оның сөзіне құлақ аспайды.
Кейін Павлодарда қызды ұрып-соққан видеоны таратушы оқиғаның мән-жайын айтып берген еді.