САҒАДИЕВ ТАҒЫ ДА СОҚҚЫ АЛДЫ

Erlan-Sagadiev-e1455161932229

СЕНАТОР ЕРШОВ МИНИСТР САҒАДИЕВТЫ "МАҚТАМЕН БАУЫЗДАДЫ"

Парламент Сенатында 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі талқыланған  жалпы отырыста Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыс тілді депутаттарды қазақ тілін жеделдетіп үйрететін топқа қатысуға шақырды. Сөйтсек, қазақ тілін оқытатын топтар дәп қәзір мүлдем жұмыс істемейді екен. Өткен жылдың қорытындысын талқылау барысында сенатор Сергей Ершов бірқатар әріптестерімен бірге мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін, алайда ол бағдарламаны қаржыландыру биылғы жыл басынан бері тоқтатылғанын қынжыла айтты. «Қазір Парламентте де, мемлекеттік органдарда да қазақ тілі  оқытылып жатқан жоқ. Біз осыған байланысты барлық министрліктер мен бірқатар мемлекеттік мекемелерге хабарластық. Бірақ, қазақ тілін оқытуға қатысты ешқандай нақты жауап алмадық, тіпті ондай мәлімет дегеніңіз атымен жоқ. Конституциямызда Үкімет еліміздің азаматтарының барлығына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін барлық жағдайды жасайды деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Соған қарамастан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі бізде кемшін қалып жатыр. Осыған қатысты біз мемлекеттік тіл жөніндегі бағдарламаны тоқтатпауды, қайта оны жаңғыртуды  сұраймыз» - деді сенатор мектеп бағдарламасындағы қазақ тіліндегі пәндерді барынша қысқартумен әлек болып жүрген министр Сағадиевті сойылмен соққандай етіп. -Мәжілістің орыс тілді депутаттарын ағымдағы желтоқсан айында ашылатын мемлекеттік тілді жедел оқыту тобына қатысуға шақырту жолдадық. Сенторларды да жедел оқытатын осы топқа қатысуға  шақырамыз,- деді Ерлан Сағадиев қазақ тілінің көсегесін көгертіп жүргендей. Бұнысы "Сасқан үйрек артымен сүңгидінің" кері болып шықты.  Сонда бір жылдың ішінде соңғы бір айда ғана қазақ тілі сабағына қатысқан адам біздің бай тілімізді еркін меңгеріп кетеді деп есептегені ғой министрдің. Олардың "миымды ауыстырмасам, қазақ тілін үйрене алмаймын" дегеніндей, шала-қазақ шенеуніктерге бір айда қазақ тілін емін-еркін меңгертемін деуі бос сөз, құрғақ қиял ғана. Үш тілділікті енгіземін деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған Сағадиев бұл бағдарламаны қаржыландырып, қолдау көрсетпек түгіл қазақ тілінің бұл жалғанда бар екенін де мүлдем ұмытқан секілді. Сол үш тілдің ішіндегі ең басты және мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің есебінен ағылшын тіліне басымдық беріп көпшіліктің қарсылығына тап болғаны белгілі. Қазақ тілі мен әдебиет пәнін біріктіріп ботқа жасауды ойлап тапқан да осы министрлік.  Халыққа білім беретін бұл министрлік біріктірілген қазақ тілі мен әдебиет және тарих пәндері ғана қазақ тілінде оқытылатын "озық" бағдарламасын тықпалап әлек.  Қазақ тілін дамытуды көздейтін бағдарламаларды қайта қаржыландыруды министрдің есіне салған сенатор Сергей Ершовқа мың да бір рақымет! Әйтпесе Тұманды Альбионның төрінде отырғандай "лорд" Сағадиев өзінің Қазақстанда тұратынын, тегі қазақ екенін де қаперіне алмас еді. Сондықтан өзге ұлттың өкілі, қазақ тілінің жанашыры сенатор Ершов қаны қазақ министр Сағадиевты мақтамен бауыздады демеске амалымыз жоқ. Кейін ар-намысымызға тиді демес үшін министрліктегілерге түсіндіре кетейік, қазақта ұрмай-соқпай, сыпайы ғана нақты, дәлелді-дәйекті сөзбен сұлатып салғанды - мақтамен бауыздау дейді. Біздің шенеуніктердің қазақ тіліне деген кері көзқарасына бұдан артық қандай мысал керек? Кейбір шала-қазақ шенеуніктерімізге  салсақ, қызыл коммунизм кезіндегідей мешіт атаулыны қиратып, бүкіл мұсылмандарды шіркеуге тығып, шоқындырудан тайынбайды. Аталмыш саланың солақай реформасына қалың жұрт қарсы шығып, тойтарыс бермегенде бара-бара оған да жететін едік. Мектепте қазақ тілінде оқытылатын үш-ақ сабақ қалдырсақ болашақта біз өмір бойы шенеуніктерді қыруар қаржы жұмсап қазақ тіліне оқытумен болатынымызды білмей ме біздің министрлер.  Одан да оны мектеп қабырғасында оқытпаймыз ба? Әлде бізге қазақ тілі мүлдем керегі жоқ па? Бәлкім, "ағылшын - халықаралық тіл" деп жалаулатқан шенеуніктерге қажет емес шығар. Ал, қазақ халқына ана тілі ауадай қажет. Тағы да қайталап айтайық, қазақ тілін мектеп қабырғасында тыңғылықты оқытсақ қазіргідей кейбіреулердің басын қатырмайтын, миын да ауыстырмайтын боламыз. Қанша жерден керітартпа, тоңмойын, сыңарезу       болсаңыздар да осы бір қарапайым есеп пен жылдар бойы құлақтарыңызға құйып келе жатқан қазақи қағиданы түсінетін уақыт жетті ғой...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz