Оқушылар ғарыш мәзірінен дәм татты
2016 ж. 08 сәуір
3687
0
Елбасы кітапханасында оқушы жастарға «Халық Қаһарманы», ғарышкер Айдын Айымбетовпен және Қазақ тағамтану академиясы арнайы тағам өнімдері және биологиялық белсенді қоспалар лабораториясының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Юрий Синявскиймен кездесу ұйымдастырылды.
Айдын Айымбетов қатысушыларды келе жатқан Ғарышкерлер күнімен құттықтады: «25 жыл ішінде біздің республикамыз үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстан ғарыш саласын дамытуды жалғастыруда. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың рұқсаты мен шішімінің арқасында Қазақстан ғалымдарының және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің бесінші ғылыми жобасы аясында ғарышқа сапар жасалды».
А.Айымбетов өзінің ғарышта болу кезінде Қазақ тағамтану академиясының «Дастархан-6» экспериментінің жүру барысы туралы баяндап берді. Біздің Академияның дайындап берген тағамдарына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Иордания Корольдігінің Халықаралық ғарыш экипажы жоғары бағасын берген.
Юрий Синявский өз жұмысының мақсаты, ғарышкерлердің ауқаттануы, технологиялар, тағам дайындау принциптері, азық-түлікті сақтау туралы айтып берді: «Біздің басты мақсатымыз – ғарышқа ұшқан ғарышкерлерге төнетін қауіп түрлерін барынша азайту». Ғалым Айдын Айымбетовтың қатысуымен болған ұшуда кальцийға бай (ғарышта адам ағзасындағы кальций тез шайылып кетеді), нәрлі заттары көп жылқы сүтінің құрғақ күйі тексерілгенін жеткізді.
Сондай-ақ, Юрий Синявский ағзаны витаминдермен және биологиялық белсенді заттармен толықтыратын сорпа, салат және басқа да тағам түрлерінен тұратын «Дастарған» жиынтығын ұсынды.
Студенттер мен оқушылар ғарыш мәзірінен дәм татып көрді. Олар ғарышқа ұшу барысында тұтынылатын азық түрлерімен қатар, жылқының құрғақ сүтінің дәмін көрді.
Кездесудің жас қатысушылары ғарышкерлерге берілетін ас түрлеріне ерекше назар аударды. Сол себепті оларды ғарыштағы ас мәзірі, оның ғарышкерлердің денсаулығына әсері, биологиялық белсенді заттардың пайдасы, жер мен ғарышта ас дәмінің өзгеретіндігі қызықтырды.
Елбасының кітапханасына келген қонақтар ғарышкерлер тұтынатын тағамдарды, Айдын Айымбетов бейнеленген пошталық маркаларды, ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы үш тілде жазылған кітапты сыйға тартты.
Ғарышкерлер күніне арналған кездесуге генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің оқушылары, академик Ғ.С. Сейтқасымов атындағы Индустриалды – экономикалық колледжі және Еуразия гуманитарлық институты колледжінің студенттері қатысты.
Сонымен қатар, оқушы жастармен болған кездесуге «Евразия Инвес ЛТД» ЖШС қызметкерлері келді.
qazaquni.kz