Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының көшін қытайлықтар бастап тұр
2016 ж. 09 ақпан
2033
0
Қазақстанда екі мыңға жуық шетелдік басшылық қызметте. Мұндай мәліметті Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің өкілдері келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға 32 363 рұқсатнама берілді. Олардың ішінде 1987-сі бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5958 – екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген. ШЖК тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша беріліп, тиісінше олар 13 968 және 10 450 адамды құрады", - делінген хабарламада.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1592 жұмыс беруші бар. Оларда 468 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни жалпы жұмыскерлері санының 93,3 пайызын құрайды. Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай - 13 373 адам, Түркия - 4844, Украина - 1620, Өзбекстан - 1303, Үндістан - 1235 болып есептеледі.
Сонымен бірге, 2015 жылы ШЖК тартатын жұмыс берушілер қазақстандықтар үшін 25 447 жұмыс орнын ашып, 5428 азамат кәсіби даярлықтан және қайта даярлаудан өтті, 12 639 жергілікті жұмысшы біліктілігін арттырды. 55 шетел мамандары қазақстандық кадрлармен алмастырылды.
Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілеп отырады.
2016 жылы республиканың экономикалық белсенді тұрғындарына шаққанда (63,1 мың адамға жуық) ШЖК тарту квотасы 0,7 пайыз мөлшерінде белгіленді.
Дерек көзі: tengrinews.kz