АҚШ лаңкестермен күрес мақсатында Ресеймен бірігуге дайын
2015 ж. 07 желтоқсан
2130
0
АҚШ президенті Барак Обама Америка халқына лаңкестікпен күрес және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған үндеуін жариялады. Бұл туралы USA Today хабарлады.
Президент өз сөзіне терроризмге қарсы тұрудың бірнеше бағытын атады. Оның ішінде «Ирак және Левант лаңкестің ұйымымен» түбегейлі күрес жүргізудің нақты жолдарын көрсетіп берді.
«Террорлық әрекеттердің қаупін шын мәнінде сезініп отырмыз. Сондықтан бәрімізді әбден үрейдің астынан алған «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» мен басқа да бірлестіктердің көзін жоюға АҚШ бар күшін жұмсайтын болады», – деді Ақ үй қожайыны.
Президент ТГИЛ-мен күресте АҚШ-тың барлық одақтастармен белсенді қарым-қатынас орнатуға, оның ішінде Ресеймен де ортақ іске жұмылуға дайын екенін жеткізді.
Ол сондай-ақ Конгресті радикалды топтарға қарсы тұру жолында қару қолдануды рұқсат етуге шақырды. Және ел ішінде автоматты қару саудасына тыйым салуды заңмен жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Ал жақында Калифорния штатында 14 адамның өмірін қиған қанды оқиғаны Барак Обама лаңкестік әрекетке жатқызды. Оған себепші қаскөйлердің сыртпен байланысы болуы мүмкін екендігін атап өтті.
Мемлекет басшысының Ақ үйдің дөңгелек залында жасаған үндеуі ел телеарналарынан 13 минут тікелей эфирде көрсетілді.