Қазақстандағы киіктердің қырылу себебі әлі жұмбақ күйінде
2015 ж. 06 қыркүйек
3654
1
Батыс басылымдары Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуының нақты себептері әлі анықталмағанын жазды деп хабарлайды Азаттық. Американың NBC News сайты Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы жайлы жариялаған мақалада «төрт күнде 60 мың ақбөкен қырылып қалды, бірақ мұның себебін әлі ешкім білмейді» деп жазған.
«Алтын Дала» халықаралық табиғатты қорғау бастамасы жобасының үйлестірушісі Штеффен Зютердің сөзіне сілтеме жасаған NBC News сайтының хабарлауынша, «киіктердің қырылуына бактериялардың қатысы бары анық, бірақ әдетте залалы жоқ микроорганизмдердің жаппай індетті қалай қоздырғаны әлі жұмбақ».
NBC News сайты Штеффен Зютердің «Жаппай қырылу көлемі мен жануарлардың төлдейтін мезгілде індеттің бүкіл үйірге таралу шапшаңдығы өзге жануарлар табиғатынан бұрын-соңды байқалмаған құбылыс. Бұл – көз көріп, құлақ естімеген жағдай» деген сөздерін келтірген.
Сарапшылар жаппай қырылар алдындағы айлар мен апталарда киіктер жайылған ортаны аралап, олар жүрген жерлердің тас-топырағы, ішкен суы, қоректенген шөп-шаламынан көптеген сынамалар алған. Мамандар өлген жануарларды сойып, толық тексеру жүргізген, тіпті өлген сәтіндегі жай-күйін де бақылаған.
Жануар тіндерінен алынған үлгілер көрсеткендей, пастерелла және клористидия бактерияларынан бөлінген токсиндердің кесірінен жануарлардың ішкі органдарының көбінде қан кеткені анықталған.
Бірақ киік сияқты күйіс қайыратын жануарлардың көбінде кездесетін пастерелла бактериясы иммундық жүйесі тым әлсіреген организмге ғана зиянды деп жазады басылым.Сайтта індеттен көбінесе төлдерін өсіру үшін бір жерге жиналған ұрғашы киіктер қырылғаны айтылады. Індеттен әуелі енелері, кейін шөппен өздігінен қоректене алмайтын төлдері қырылған. Бұл жайт жануарлардың жаппай қырылуына себеп болған дерт енесінің сүті арқылы төліне жұққанын көрсетеді.
Штеффен Зютер киіктердің жаппай қырылуына қоршаған ортаның жалғыз әсері болуы ықтимал деген пікір айтқан. Ол «бактериялардың тез таралуына аязды қыстың жауын-шашынды көктемге ұласып, шөп қаулап өскен кезде топырақта жиналған су мүмкіндік берген сияқты» дейді.
Мақалада Штеффен Зютердің «жануарлардың бұлай кенеттен қырылуына қоршаған ортаның кейбір табиғи өзгерістері әсер етуі мүмкін» деген тағы бір болжамын келтіреді.Ұлыбританияның Express газетінің жазуынша, қазақ даласындағы 140 мың бас киік екі аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде әлдебір айқын себепсіз қырылғаннан кейін әлемдегі киік саны екі есеге азайған.
Express газетінің жазуынша, 25 жылға жетпейтін уақыт ішінде әлемдегі киіктің 95 пайызына жуығын қырып жіберген браконьерлердің кесірінен жануарлар мүлде жойылып кетуге шақ қалған. Қиыр Шығыстың дәрі-дәрмек нарығында киік мүйізінің бір грамы екі фунт стерлингтен сатылады.
Совет одағы күйреп, бұрын жабық болған шекаралар ашылғаннан кейін киік санының апатты деңгейде азаюы тіпті қарқын алған. Мақала авторларының жазуынша, «биыл жаздағы жаппай әрі себебі түсініксіз өлім-жітімнен кейін» киік саны мүлде азайып кеткен.
Express газеті Ұлыбританияның People’s Trust for Endangered Species табиғатты қорғау қайырымдылық ұйымының гранттар жөніндегі менеджері Нида Әл Фулайждың «Биыл жаздағы індет жануарлардың жойылып бара жатқан бұл түрінің тұқымы құрып кетуі мүмкін апатқа айналды. Бұл қалыптан тыс төтенше жағдай болғандықтан, дереу шешімін табу керек» деген пікірін келтірген.