ӘР ҚАЗАҚ ҮШІН ҚАЛҚАН БОЛ!
2015 ж. 12 шілде
3417
21
Сырым Мұратқалиевті өлтірген Александр Кузнецов жеңіл жазамен құтылып кете бермек пе?!.
Қытайда жатып, қаным басыма шапты... ...Менің бауырым – қазақтың баласы; менің жерлесім - Оралдың тумасы; менің әріптесім – өнердің ұланы, қылшылдаған 37 жастағы Сырым МҰРАТҚАЛИЕВті ата-бабасының туған топырағында, махаббаттың мекені Алматы қаласында 27 жастағы Александр Кузнецов деген біреу өлтіріп, “өзімді қорғадым” деп, небәрі 1,5 жылға жеңілдетілген тәртіппен “жазаланыпты”... Қазақ қаза тапты. Өз ажалынан емес, кірменің қолынан жан тәсілім етті... Сөйтсек, адам өлтірген әлгі қылмыскер Александр Кузнецов дейтіннің атасы Ішкі істер қызметінің генералы екен. Барлық әлеуметтік желілер мен БАҚ қалайша шұғыл қимылдап, марқұм Сырым Мұратқалиевтің атын алдын-ала әдейі былғап-қаралап, сот басталмай тұрып-ақ оның жақтастарына қысым жасағанының себебі белгілі болды. Кәрі генерал бар күш-қуаты мен таныстарын қосып, қылмыскер немересін түрмеден сақтап қалуға тырысқан!.. Жоқ! Біз бұған жол бермейміз! Жол берсек - бұл қасырет ертең әрбір қазақтың үйіне келуі мүмкін! Сондықтан, Сырым Мұратқалиевтің әруағын қорламай, атын ардақтап-ақтап алуға бел шеше кіріскен қазақтың қайсар ұлы Мұхтар ТАЙЖАНды жүрегінде намысы өшпеген әрбір қазақ сөзсіз қолдауы керек! Сонымен қатар, күні кеше ғана қазақтың жерінде жүріп, өзбек шекарашысының оғынан қаза тапқан 7 баланың әкесі, менің тағы бір қазағым – Уәлихан АХМЕТОВ үшін: “Әр қазақ менің жалғызым” деп шырылдаған қоғам белсендісі Дәурен БАБАМҰРАТОВ бауырымды кеудесінде жаны бар әрбір қазақ қызу қолдауы керек! ...Ең алдымен, адам өлімі орын алған оқиғаның басты себепкері Александр Кузнецовтың ісін қазақ қоғамы жіті қадағалап, ауыр жаза алуына ықпал етуі керек! Қылмыскерді бостандыққа жіберген Алматы қаласының Медеу аудандық Ішкі істер бөлімінің тиісті қызметкерлері жұмыстан босап, жазалануы керек. Екіншіден, Тәуелсіз еліміздегі ұлтаралық тату қатынасқа іріткі салатын осындай арам пиғылдардың өріс алып бара жатқандығын Ұлттық Қауіпсіздің Комитеті терең зерделеп, мейлінше қатаң сүзгі жасап, әркімді өз орынына қоюға тиіс! Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болады! Бұл сөзімізге дәлел – Ресей билігінің “Балтық жағалауы елдерінің тәуелсіздігі - заңсыз” деген мағынадағы сандырағы! Үшіншіден, Ресей басшылығының көргенсіздігін көзіне басқан Литва Президенті Даля Грибаускайтенің салиқалы жауабынан кейін аузына келгенін оттаған Кремльдің асыранды қандені Владимир Жириновскийдің ауызын жабудың қамына кірісу керек. Төртіншіден, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Қазақ бөлімшесінің басшысы (бұрын өзі де адам қағып өлтірген) Евгений Жовтистің қапыда қаза тапқан қазақ Сырым Мұратқалиевтің құқын аяққа таптап, қолына пышақ ұстаған орыс Александр Кузнецовтың құқын қызғыштай қорғау себебін қазақ қоғамы белсене қатысып, егжей-тегжейлі зерттеп, Евгений Жовтисті жауапқа тартуы керек. Бұл істің анық-қанығы расталғанша, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Қазақ бөлімшесін қаржыландыратын Халықаралық ұйымдардың ақшалары тоқтатылып, есеп-шоттары жабылу керек. Бесіншіден, қазақ ұлтының құқы бұзылып, ұлы қаза тапқан қос істі қазақ ұлтының арда азаматы Мұхтар ШАХАНОВ ағамыз басқаратын Ұлттық кеңес мықтап бақылауына алуы керек. Және... Мұхтар Тайжан бауырым айтпақшы: “...Сырымның ағасы сотта неге жалғыз тұрды? Бұндай жағдайда бір-бірімізге қолдау көрсетпесек, бұндай оқиғалар жалғаса береді. Ал егер бірлігімізді көрсете алсақ, келесі рет ойланар, “ай, мыналарға тиісуге болмайды екен”, деп. Сондықтан, кезекті соттың отырысына қаза тапқан жігіттің отбасымен бірге барып, моралдік қолдау көрсетейік, ағайын!” Айналайын жан бауырларым, әр қазақ үшін қалқан болайық!Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, Қытай, Үрімші қаласы
qazaquni.kz