Назарбаев «Ресеймен бірге өркендеуді» болжайды
2015 ж. 12 ақпан
2415
5
Қазақстан президенті Батыс пен Ресейдің санкция соғысын «жабайылық» деп атады. Назарбаев «Ресей бұл жағдайдан абыроймен шығып көркейіп кетеді, Ресеймен бірге Қазақстан да көркейеді» деп мәлімдейді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Батыстың Ресейге салған санкциялары, мұнай бағасының арзандауы және Ресей рублінің күрт құлдырауы Қазақстан экономикасына жайсыз әсер кеткенімен, елде үлкен дағдарыс жоқ. Бірақ ол ақпанның 11-і күні Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында «сыртқы факторлардың» қысымы күшейгендіктен қатаң үнемдеу режиміне көшіп, бюджеттік шығындарды қысқарту керек деп мәлімдеді.
Назарбаевтың айтуынша, Ресей рублі құлдырап, ресейлік импорттың қысымы күшейіп жатқан тұста қазақстандық өндірушілер шынымен проблемаларға тап болды, бірақ оның пікірінше, бұл қиындықтардың «Еуразия экономикалық одағымен (ЕАЭО) ешқандай байланысы жоқ».
– ЕАЭО-ны құрғанда айтқан «өмір өзі өзгерістер енгізеді» деген болжамымыз келіп жатыр. Өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемдік капиталистік экономика осылай құбылып тұрса, не істей аласың? Біздің қолымызда тұрған жоқ. Қазір болып жатқан жағдайларды ЕАЭС пен Кеден Одағынан көру – барып тұрған дилетанттық. Ресейдің қазір ауыр жағдайға тап болғаны рас, бірақ біз Ресеймен біргеміз. Жабайы санкция салу ешкімге көмектеспейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол бұған қоса «Ресей мына ауыр жағдайдан абыроймен шығып, көркейіп дамып кететініне, біз де бұл елмен бірге көркейетінімізге сенімдімін» деп мәлімдеді.
ДАҒДАРЫС ЖОҚ, БІРАҚ ҮНЕМДЕУ КЕРЕК
Қазақстан президенті Назарбаев елде қатаң үнемдеу режиміне көшу қажет деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 700 миллиард теңгеге немесе жалпы шығыстың 10 пайыз көлемінде азаймақ. Бірақ Назарбаев мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне бөлінген қаржы қысқармайтынын айтты.
– Мұнайдың бір баррелінің бағасы 100 доллардан асып, басқа өнімдеріміз бен металдарымыз сатылып тұрған кезде жағдайымыз жақсы болды, былайша айтқанда, жайылып кеттік. Ақшаны оңды-солды, олай да былай да жұмсадық. Болды, енді барды қанағат тұтыпөмір сүру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның пікірінше, Қазақстанда мерекелік шараларға тым көп ақша жұмсалады. Ол ысырапшылдықты қоюға, мерейтойларға жұмсалатын қаржыны азайтуға шақырды. Бірақ Қазақстанға EXPO сияқты имидждік жобалар не үшін керегін түсіндірді.
– «Нұрлы жол» да, EXPO да, құрылыс та, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту да адамдарға жұмыс орнын беру үшін ойластырылған. Мұның бәрі қарапайым адамдардың қамы, – деді президент Назарбаев.
Бірақ оның сөзінше, «бүкіл мерейтойларда шығынды азайтып әрі балаларды үйретуге болады», ал түрлі мерекелерді теледидар арқылы құттықтаумен шектеліп немесе ғылыми конференциялар түрінде қарапайым етіп өткізуге болады.
Қазақстан президентінің айтуынша, үнемдеудің арқасында республика 4 миллиард доллар үнемдей алады.
ТЕҢГЕНІ «АҚША АЙЫРБАСТАУ АРҚЫЛЫ» ҚОЛДАУ
Үкіметтің кеңейтілген жиынында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан билігі теңге бағамының күрт құбылуына жол бермеудің барлық шарасын жасайды деп мәлімдеп, ұлттық компанияларды «не туралы екенін» түсінетінін айтып, «ақшаларын айырбастау арқылы» Қазақстан валютасына қолдау көрсетуге шақырды.
2014 жылдың соңында ұлттық банк пен Қазақстан үкіметі осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Ол кезде билік «сыртқы факторлардың нашарлауына», Ресей рублінің құлдырауы мен мұнай бағасының арзандауына қарамастан, Қазақстанда бір сәттік девальвация болмайды деп жариялаған. Ұлттық банк пен үкіметтің бірлескен мәлімдемесінде тауар, қызмет бағаларын шартты бірлікте көрсетуге тыйым салу қарастырылып жатқаны да айтылған. Қазақстанда коммерциялық сипаттағы және жеке хабарландыруларда долларды «шартты бірлік» деп атайды.
Осыдан бір жыл бұрын, 2014 жылы ақпанның 11-і күні Қазақстанда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны күрт арзандап, девальвация болған. Ұлттық банк доллар құнын 150 теңге шамасында ұстап тұрудан бас тартып, жаңа айырбас бағамын 185 теңге деп белгілеген.
www.azattyq.org